Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кісікиік немесе жабайы адам туралы жазбалар Семей жерінде де кездеседі

Опубликовано:

Кісікиік немесе жабайы адам деп аталатын жан иесінің Семей жерінде кездесуі ертеден мәлім. 

Жазба бетіне түскен және ең ескі мәлімет Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің Жазбаларында кездеседі. Кезінде Е.П. Михаэлись, Н.Я.Коншин, және т.б негізін қалаған осы қоғамның жазбаларының бір саны түгелдей қазақ жерінің шығысына келіп қоныстанған алғашқы орыс қоныстанушылардың (ескі дінді ұстанғандар, казактар және т.б) фольклорына арналған.

Сонда жабайы адам ұрлап әкеткен, оның тұтқынынан қашып шыққан, жанында баласы бар әйел туралы айтылған. Оқиға Ертіс бойында болған. Мәліметтер бойынша жабайы адамның Тарбағатай және Қалба сияқты тау жоталары орналасқан өңірлерде жиі кездескені байқалады.

Соңғы жылдарда жабайы адамды Тарбағатай өңірінде 1986 жылдан бастап байқаған. Бір жабайы адамның Үржар ауданының Тасбұлақ ауылының маңайында мекендеп жүргенін талай адамдар көрген.

Бұл туралы өңір тарихын жақсы білген, дүние танымы кең, шежіреші, бүгіндері марқұм Тұрысбек Құдайбергеновтың "Семей таңында" жариялаған кісікиік туралы мақаласында жан-жақты айтылған еді. Соңғы рет жабайы адам Тасбұлақ маңайынан 2005 жылы байқалған.

Жалпы, жабайы адамды Үржар жерінің тұрғындарының ертеден байқап жүргені бүгіндері мәлім болуда. Бір әңгіме бойынша, қазір Германияға қоныс аударған комбайншы неміс жігітінің комбайны тау қиясында жантайып қалып, өзі мертікпесе де, астында шыға алмайтын жағдайда қалып қояды.

Сонда жаңағы адамды комбайнды көтеріп жіберіп, жабайылар суырып алып, өз жөндеріне кете бергенін бүгінгі жұрт естеріне түсіруде.

Осы Үржардағы Қарабұйрат ауылындағы Некрасов атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Дәлелхан Біләловтың және оның жанындағы 5-ші сыныптың он бес оқушысының үстіміздегі 2011 жылдың сәуірінде қалың бұта, ағаш өскен ауыл сыртында бес жабайы адаммен кездейсоқ кездесіп қалулары тосын жаңалық болды.

Олардың айтуынша жабайылардың үстін жүн басқан, білектері мен сандарындағы жүндері түйенің шудасындай салбырап тұрған, әсіресе үшеуінің бойлары аса ірі (2 метрден жоғарырақ деп шамалайды), қалған екеуінің бойы шағындау болған (тегі жастары болуы керек), бастарының бітімі шошақ төбелі.

Осы әңгімені естіген 5-ші және 7-ші сыныпта оқитын Қуат және Қуаныш Амангелдиевтер және Мәди деген балалар жабайылар жүрді деген жерге барады. Басында ештеңе байқалмапты. Тек, судың бетінде қалқып тұрған томар сияқты бір нәрсені байқаған.

Байыптап қараса, томар дегендері су ішінде рахаттанып, керіліп жатқан жабайының басы екен. Сол жерде Қуаныш деген бала тас болып қатқан кесек топрақты әлгіге жіберіп қалғанда, топырақ барып жабайының басына дөп тиген. Ол атып түрегеліп, басын ұстап өз-өзімен әуре болып жатқанында балалар оның дене бітімін түгелдей байқап үлгерген.

Осы оқиға туралы "Егемен Қазақстан" газетінің 26-шы қазандағы санында жазылды. Осы жерде айтпағымыз, Дәлелхан Біләловтың оқушыларымен бірге көрген жабайыларының сипаты, американдықтар Роджер Паттерсон мен Боб Гимлин 1967 жылы өздері көрген және түсірген фильмдеріндегі жабайы адамның бас және дене бітіміне ұқсастығы. Өткен 2011 жылы жабайыларды Үржардың бірнеше жерінде байқаған.

Мал іздеп шыққан Благодатное ауылының атқа мінген үш ересек балалары таудан түсіп келе жатып, етектегі бұлақтың басында біреудің отырғанын көрген. Жақындап келіп қараса, адам емес, адамға ұқсас, үстін жүн басқан мақұлықты көрген. Осы жан иесін ертеңінде ауылдың бақташысы да көріпті.

Семей қаласында тұратын, зейнеткер 71 жастағы Теңлік Мақұрсанова өзінің жабайы адамды өткен ғасырдың 50-ші жылдарының басында Жарма ауданының орталығы Георгиевкадан (қазіргі Қалбатау) алыс емес жерде тау ішінен көргенінің айтады. Теңлік, шешесі және тағыда басқа адамдармен бірге тау ішіндегі жолмен ат-арбамен келе жатады. Кенет, ат осқырынып, алға жүрмей тұрып қалады.

Не болды деп, бұлар қараса, жол үстінде таудай болып, үсті-басын жүн басқан адам сияқты біреудің көлденең жатқанын көреді. Бір кезде жаңағы орнынан көтеріліп, бұларға біраз қарап тұрып, бұрылып сайға қарай жәйімен кете барыпты. Сонда арбадағылардың байқағаны әлгінің омырауының салбырап тұрғаны.

Олар оны тегі жабайының ұрғашысы болуы керек деп ойлапты. Біз бұл жерде Семей өңіріне қатысты басқа да мәліметтерді кіргізбей, осыларды ғана ұсындық. Жабайы адамды адамдардың ерте заманнан-ақ білгенін небір ғалымдар жазған. Небір қызық мәліметтерді еліміздің белгілі биолог ғалымы, профессор П.И. Мариковскидың көптеген еңбектерінен кездестіруге болады.

Бір қызығы біздің жерге қатысты мәліметті берушілердің өздері көрген жабайы адамды сипаттағандарынан, олардағы әлемнің түкпір-түкпірлерінен кездесіп жүрген жабайы адамдардың дене бітіміне, түріне байланысты ұқсастықты байқаймыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/210610-kisikiik-nemese-zhabajy-adam-turaly-zhazbalar-semej-zherinde-de-kezdesedi/

pixel