"Қазақты жою үшін емес": тарихшы ашаршылық не үшін ұйымдастырылғаны жөнінде пікірін айтты
Жарияланған күні:
Еліміздің тарихындағы ең қайғылы беттердің бірі – ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы қуғын-сүргін мен ашаршылық. Қазақ жерінде 1928 жылы зиялыларды тұтқындаудан басталған тарихи қайғылы кезең туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Мемлекет тарихы институтының директоры, мәжіліс депутаты Еркін Әбілмен сұқбаттасты.
Еркін Аманжолұлы, қуғын-сүргін, репрессия, аштық кезеңдері тарихта өзінің әділ орнын, бағасын алды ма?
Қуғын-сүргін құрбандары тарих тұрғысында өзінің әділ бағасын алды деп ойлаймын. Ал енді сол кездегі оқиғаларды нақты қалай болғанын, әр құрбанның есімін білеміз бе деген сұраққа "иә" деп жауап бере алмаймын. Осыдан екі жыл бұрын ғана саяси құрбандар санын 25 мың деп жазып жүрдік. Мемлекеттік комиссия жұмыс істеп, 311 мың адам қуғын-сүргін құрбаны деп танылып, ақталып шықты. Бұрын қуғын-сүргін құрбандары деп 1937-1938 жылдары атылғандар мен қуғындалғандарды айтып жүрсек, қазір Кеңес үкіметі құрылған 1918 жылдан бастап 1991 жылға дейінгі саяси себеппен сотталғандар мен қуғындалғандарды жазып жүрміз. Оның сипаты әр кезеңде әртүрлі болды, бірақ саяси қудалау Кеңес үкіметі кезінде басынан бастап аяғына дейін жүрді.
Аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін бөлек ету керек деп айтып жатады. Мұндай көзқарасқа тарихи негіз бар ма?
Бұл екі құбылыс бір-бірімен тікелей байланысты, сондықтан оларды бір-бірінен бөлу артық болады деп ойлаймын. Ашаршылық – саяси акция, ол әлеуметтік топқа қарсы ұйымдастырылған. Голощекин "қазақ ауылында Кеңес үкіметі жоқ, кіші Октябрь ұйымдастырамыз" деп, қазақтың алдындағы малды тәркілеп, аштықты қолдан жасады. Бір жағынан алып қарағанда, Голощекиннің сөзінің жаны бар. Шын мәнінде қазақ ауылында Кеңес үкіметі болған жоқ. Өйткені қазақ ауылдарында билік бұрынғыдай байлардың қолында қалды. Қазақ қоғамына ұжымдық-шаруашылық ұжымдастыру керек болмады. Қазақтың қауымында онсыз да ұжымдық билік болды. Сайлау өткізген кезде де қазақтар билікті бұрыннан басқарып келе жатқан саяси элитаға берді. Осының бәрін қарасақ, қазаққа Кеңес үкіметі керек емес еді. Енді не істеу керек? Жергілікті халықты отырықшы шаруашылыққа тарту керек болды. Халқымыз өз еркімен оған көшкісі келмеді, сол үшін малынан айырып, әлеуметтік базаны ауыстырмақ болды. Кеңес Одағы құрамындағы саны жағынан ең көп көшпенді халық қазақтар болды. Саяси элитасы беделді, сондықтан экономикалық базасын ауыстыру қиынға соқты. Қазақстандағы ұжымдастырудың негізгі мақсаты осындай еді. Ашаршылық қазақты жою үшін емес, әлеуметтік-экономикалық базасын түбегейлі өзгерту мақсатында ұйымдастырылды. Кей тарихшылар қазақты жою үшін ұйымдастырылды деп пікір білдіріп жүр ғой, бұлай айтуға болмайды.
1930-1950 жылдардағы репрессия кезеңін зерттеп жүрген тарихшылардың арасында осы қуғын-сүргін құрбандары қазақтан көп шықты деп пікір білдіріп жүргендер бар. Бұл тарихи дерек тұрғысынан шындық па?
Қазақстанда Кеңес идеясына қарсы болғандар көп болды. ХХ ғасырдың басынан бастап белсенді қазақ интеллегенциясы қалыптасты. Мәселен Түркістан автономиясын алып қарасақ, үш басшысының үшеуі де – қазақтар. Автономия басшысы – Мұстафа Шоқай, министрлер кеңесінің төрағасы – Мұхамеджан Тынышбаев, парламент төрағасы – Серәлі Лапин. Әрине сол кезде Мәскеуде отырған билік еркін ойлы интеллегенциядан қорықты.
Қуғын-сүргін құрбандары балаларының әкелері партияға шын берілген болса да, репрессияға ұшырады деп жазған естеліктері бар. Бұған не дейсіз?
Сталиннің қуғын-сүргін жасаудағы ерекшелігі – оған қарсы шыққан саясаткерлерді ғана емес, сонымен бірге қарсы шыға алатын, қаупі бар адамдарды жойды. Оның ішінде расында да партияға шын берілген адамдар да болды. ХХ ғасырдың 30 жылдарынан кейін Алаш қайраткерлері мен олардың шәкірттері атылып кетті. Осы репрессиядан кейін кеңес үкіметінен бөлініп шығуды қалайтын идеядағылар қалған жоқ, бірақ 1950 жылдары Әлкей Марғұлан сияқты ғалымдар потенциалы болғаны үшін үкіметке қарсы саяси көзқарасы болмаса да қудаланды.
Қазақ интеллегенциясы бір-бірінің түбіне жетті дегенге не дейсіз? БАҚ беттерінде кейбір отандық тарихшылардың осындай пікірлері жарияланып жүр.
Әрбір архивте жазылған қағазға сенуге болмайды. Архивті ашады да хаттарды көріп, осындай әңгімелерді шығарады. Хатты оқымай қол қойғандар бар, олардың орнына қол қойғандар бар. Екі ай қорқытып, ұрып, соғып, қол қойғандар болды. Қазақ интеллегенциясы екіге бөлінді, үшке бөлінді, ішінде саяси күрес те болды. Ұстап берген де болған шығар. Бірақ оны сол кездің көзқарасымен қарап түсіну керек. Біз оларды айыптамауымыз керек, ол замандағы адамдардың бәрі тастан қаланған идеал мүсін болуға міндетті емес. Тек қана қазақта емес, бәрінде де болды. Олай жамандауға болмайды. Мәселен Сәкен Сейфуллин Алаш зиялыларына қарсы болды, бірақ ол Ахмет Байтұрсынұлын "ұлт ұстазы" деді, Әлихан Бөкейхановты "қазақтың ары" деп атады. Алаштықтарға қарсы болған, саяси күреске түскен сол кездегі қазақ интеллегенциясын айыптамаймын. Қазір Сәкен Сейфуллинге немесе басқа да сол кездегі саяси фигураларға күйе жағып жүргендер сол 1930-1950 жылдары өмір сүрсе, қандай әрекетке баратынан білмейміз. Сондықтан тарихи тұлғаларды айыптауды қолдамаймын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2107491-qazaqty-zhoiu-ushin-emes-tarihshy-asharshylyq-ne-ushin-uiymdastyrylgany-zhoninde-pikirin-aitty/