Ақтөбе облысында полицияға бағынбаған ауыл мұғалімі 110 мың теңге мөлшерінде айыппұл арқалады
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында полицияға бағынбаған ауыл тұрғынына сот қаулысы шықты. Малын қараусыз жіберген азамат полиция талабына көнбеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 23 мамыр кешкі сағат 18:30 шамасында Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында болған. Жергілікті мектепте мұғалім болып қызмет ететін ер адам Құмқұдық ауылы маңында қараусыз жүрген малы үшін полицияға бағынбаушылық көрсеткен.
"Әйтеке би ауданында шаруа қожалығына тиесілі жерде қараусыз қалған мал жайылған. Қожалық қызметкерлері малды атпен жинап, сол жердегі қораға қамамақ болады. Учаскелік полиция қызметкерін шақырған. Сол жерге ішінде малы бар ауыл тұрғыны келген. Малды алып кететінін айтып қарсылық көрсеткен. Тұрғынға малы қараусыз жүргені үшін және полиция қызметкерінің жұмысына кедергі келтіргені үшін хаттама толтырды", - деп хабарлады облыстық ПД өкілдері.
Тұрғынға 110 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
"Әйтеке би аудандық соты мектеп мұғалімін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 667-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 30 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Сот отырысында "П." жасаған әрекетін мойындап, кешірім сұрады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ", - дейді облыстық соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Одан бөлек, облыстық білім басқармасы құқық бұзған мектеп мұғаліміне қатысты тәртіптік шара қолданылатынын айтты.
"Мұғалімнің жеке малы егінге түскен. Ауыл полициясымен сөзге келіп қалған. Іс сотқа түсіп, айыппұл төледі. Ол 2012 жылдан бастап құқық және денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ұсыным келген соң тәртіптік шара қолданылады", - деп хабарлады облыстық білім басқармасы өкілі.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2107767-aqtobe-oblysynda-politsiiaga-bagynbagan-auyl-mugalimi-110-myng-tengge-molsherinde-aiyppul-arqalady/