Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

20 жыл бұрын Ирак жерінде бітімгершілік операцияға қатысқан қазақстандық естелігін айтты

Жарияланған күні:

Асылхан Дулатов
Асылхан Дулатов. Фото: жеке мұрағатынан

29 мамыр – БҰҰ-ның халықаралық бітімгерлер күні. 2003 жылы Саддам Хусейннің биліктен кетуінен кейін Иракта жағдай тұрақталмай, халқының басына күн туғанда әлемнің 23 елінің әскерилерімен бірге қазақстандық сарбаздар да қатар сапқа тұрып, көмек қолын созған еді. Олардың арасында қазақстандық Асылхан Дулатов та бар. Бүгінде Қазақстандық бітімгершілік операциялар орталығының сержанты болып қызмет ететін ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.

Осыдан 20 жыл бұрын Иракта бітімгерлік миссияға қатысыпсыз, сол кезді еске түсіріп көрейікші...

2003 жылы мен ағылшын тілімді жетілдіру үшін Америкада оқып жаттым. Сол кезде біздің бірінші инженерлік-саперлік жасақ Ирак жеріне аттанды. Мен Америкада жүргендіктен, бара алмадым. "Алғашқылардың бірі болып барғанымда ғой" деген ой көкейімде қалып қойды. Елге келе сала "Иракқа бітімгер болып барамын" деп жазылдым. Денсаулығымды, психологиялық дайындығымды тексерді, менің ағылшын тілін білетінімнің пайдасы тиді. Шеберлігімізді шыңдап, дайындықтан өтіп, 2004 жылы 11 шілдеде Иракқа бітімгершілік операцияны орындауға аттандық. Жасақта 27 адам болдық. Біздің жасақ Украина бригадасының құрамында, ал біздің бригада басшылығы Польша дивизиясында болды.

Әскери салаға қалай келдіңіз?

Әр жігіттің арманы Отан алдындағы әскери борышын өтеу. Оған қоса, ағаларым әскерге барып келді. Оларға қарап қызығып, мен де әскерге барғым келді. Әскери комиссариатқа өзім барып, әскерге келдім. Президенттің қауіпсіздігіне жауап беретін "Республикалық ұлан" қатарына алындым. Астана қаласындағы "Құрмет қарауылы" ротасының құрамында екі жыл әскери борышымды өтедім. Содан менде ауылға деген сағыныш болды. Екі жылдан кейін ауылға қайтып келіп, екі үш ай жүрген соң қайтадан әскерге кетсем бе деген арман болды. Сол кезде біздің аудандық әскерге шақыру бөлімінен қағаз келді, онда сол кездегі Қапшағай қаласында "Қазбат" деген батальон ашылып жатқаны, барсаңыз шақырту берілетіні, баруға деген мүмкіндігім бар екені айтылған. Содан ағам екеуміз дайындалдық. Бірақ ағам әскер қатарында медицина қызметкері болғандықтан, "бізге атқыштар керек" деген соң ағам қалып, бітімгерлік батальонына мен 2002 жылы 22 ақпан күні шақырылдым. Содан менің екінші бір әскери өмірім басталды деп айтсақ болады.

қазақстандық бітімгерлер
Қазақстандық бітімгерлер. Фото: Асылхан Дулатовтың жеке мұрағатынан

Бітімгершілік миссиясы кезінде қандай тапсырма орындадыңыз?

Отрядтың аты айтып тұрғандай инженерлік-саперлік жасақ болғандықтан біздің тапсырма Ирак жерін жарылғыш заттардан тазалау болды. Жалпы үш топ болды: инженерлік-саперлік, екіншісі – ауыз сумен қамтамасыз ету, суды тазалау тобы, үшіншісі – материалдық көмек берушілер, жүргізушілер, медицина қызметкерлері. Басымды қатерге тігіп барғаныма өкінбеймін.

Бітімгершілік мисияға қатысуыңыз сізге не берді?

Мен үшін тәжірибе алаңы болды. Біз бейбіт заманда өмір кешіп жатқандықтан, соғыс техникалары мен тактикаларын тек теориялық жағынан ғана білеміз. Ал соғыс жүріп жатқан жерде әскери тактиканы өмірде жасап көрдік. "Қазбат" бітімгершілік батальонынан алған білімім, тіл үйренуім, Иракта соғыс алаңында алған мол тәжірибем мені әскери маман ретінде шыңдады. Оған қоса, қанша адаммен таныстым, әр адамның өзінің үйретер дүниесі болады, тәжірибе алмастық, бірге жұмыс істедік. Ирак халқына көмегіміз тиді. Біздің біліміміз басқа халықтардан келген әскерилерден кем түспеді. Сондай-ақ соғыс жүріп жатқан жердегі халықтың жағдайын өз көзіммен көрген кезде бейбіт заманның қадірін айрықша түсінеді екенсің. Маған бітімгерлік қызмет өмірдің басқа қырын, көп нәрсені көрсетті, көкжиегімді кеңейтті. Әлемнің он шақты мемлекетінде болдым. Американың білімін меңгердім. Қорғаныс министрлігі ұсынысымен үш рет АҚШ-та білімімді жетілдірдім. 2002-2003 жылы, 2008 жылы барып оқыдым, 2019 жылы бір жарым жыл Техас штатында академияда оқыдым.

Бітімгершіліктен кейінгі әскери өміріңіз туралы айтып берсеңіз...

Бітімгершіліктен кейін мен түрлі лауазымда болдым, десанттық шабуылдаушы әскери бригадаларын басқардым, 20 жыл өмірімді десанттық-шабуылдаушы әскерлеріне арнадым. Инженерлік, радияциялық, химиялық қорғау әскерлері саласында да қызмет атқардым. Десек те бітімгершілікке деген ықыласым үстем болып, былтыр сәуірден бері бітімгершілік операциялар орталығының сержанты болып қызмет атқарып келемін. Болашақ бітімгершілерді дайындап жатырмын.

Тәуелсіздік алғалы бері бірінші рет Голан биіктігіне бір ротаны дайындап жібердік. Иракта алған тәжірибемізді айтып, қандай үлкен жауапкершілік арқалағанын түсіндірдік.

Бітімгершілік миссияға қатысатын әскерилерге қандай қасиет пен дағды керек деп ойлайсыз?

Біріншіден, шетел тілін білу. Барған еліміздің тілін білуіміз керек, олардың дүниетанымын, әдет ғұрыптарын түсінуіміз керек. Қазір мүмкіндік көп. Біздің кезімізде оқытатын жерлер аз болды. Көп дүниені әскери мұғалімдерден үйрендік. Бітімгерлік миссияға қатысқысы келген жастарға берер кеңесім: тіл үйреніп, денсаулығына қарап, спортпен шұғылдану. Әскери борышын өтеп, бізге келісімшартпен келсе, бітімгершіліктің қыр-сырын өзіміз үйретеміз.

Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2107773-20-zhyl-buryn-irak-zherinde-bitimgershilik-operatsiiaga-qatysqan-qazaqstandyq-serzhant-esteligin-aitty/