Желіде полицейлер үйлерді аралап жүр деген ақпарат қазақстандықтарды шошытты
Жарияланған күні:
Қазақстандықтар желіде өздерін полиция қызметкерлері деп таныстырған алаяқтар туралы хабарлама таратып жатыр. Бірақ Ішкі істер министрлігі үйлерді аралап жүрген жалған полицейлер туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Stopfake.kz ақпараты бойынша, WhatsApp мессенджерінде өзін полиция қызметкеріміз деп таныстыратын алаяқтар туралы хабарлама тарады.
Хабарламада олар үйлерді аралап, алдағы халық санағы қарсаңында қазақстандықтардың жеке куәліктерін тексеретіні, ал қолдарына ІІМ символикасы бар бланкілерді ұстағаны айтылған.
Фактчекерлердің жазуынша, бұл жалған ақпарат және тараған хабарламадағы алаяқтық бойынша деректер Қазақстан аумағында тіркелмеген. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"ІІМ азаматтардың жеке куәліктерін тексеру, суретке түсіру және саусақ іздерін алу мақсатында үйлерді араламайды.
Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Азаматтарды сақ болуға және бөгде адамдарға жеке деректер туралы ақпарат бермеуге шақырамыз", - делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2107929-zhelide-politseiler-uilerdi-aralap-zhur-degen-aqparat-qazaqstandyqtardy-shoshytty/