"Көктен қарап тұр бүгін": жол апатынан қаза болған ағасына соңғы қоңырауда өлең арнаған қарындасы елді жылатты
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысында пән олимпиадасына бара жатып қаза болған ағасына арнап өлең оқыған оқушы қыздың видеосы тарап кетті. Видеоны көріп, тебіренген желі қолданушылары қызды жұбатып, оған басу айтқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жаныс би ауылында биыл мектеп бітірген түлектер соңғы қоңырау күні көз жасына ерік берді. Олар өткен оқу жылында олимпиадаға бара жатып жол апатынан қаза болған Дәулет Қонақбайды еске алды. Марқұм болған оқушыға қарындасы өлең арнады.
"Өлең оқыған –менің қызым Алтынай. Тоғыз жаста. Дәулеттің әкесі мен Алтынайдың әкесі бір әкенің балалары. Дәулет бауырмал болды. Үйінде төрт баланың үлкені еді. Үш інісі бар. Анасы әлі күнге жылайды. Кешегі соңғы қоңырау кеші ауыр тиды. Үкілеп үміт артқан баласы еді. Дәулет мектептің үздігі, бастауыш сыныптан бастап мектепті жақсы оқыды. Үнемі есеп шығарып жүретін. Өте салмақты, жарқырап тұрған бала болды", - дейді марқұм оқушының жеңгесі Әсел Бекбергенова.
Олимпиадаға бара жатып қаза болған Дәулеттің сыныптастары оның соңғы қоңырау болатын күнді асыға күткенін айтты.
"Дәулетпен бала күннен бірге ойнап өстік. Өзі "Алтын белгі" үміткері еді. Ешкімге "жоқ" деп айтпайтын. Белсенді болды. Барлық іс-шараның басында жүретін. Мектеп президенті болды. Техниканы жақсы көрді. IT маманы болуды армандайтын. Оқуға бір қалаға түсеміз деп жүрдік. Соңғы қоңырауды асыға күтті. Сынып болып ақылдасып, Дәулетке арнап өлең оқыдық. Ол өлеңді апам шығарып берді. 25 мамыр күні анасына ауыр болған соң, ертесіне Дәулеттің анасы, сынып жетекшіміз және сыныптастары болып, басына бардық. Оның анасы бізге бастауышта сабақ берген. Оның арамыздан кеткеніне алты ай болыпты", - деді сыныптасы Ернар Атығай.
Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында 2023 жылдың желтоқсан айында олимпиадаға бара жатқан екі оқушы мен мұғалім жол апатынан қайтыс болды. "Самара-Шымкент" тас жолының бойында оқушылар мінген көлік жүк көлігімен соқтығысқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2107932-kokten-qarap-tur-bugin-songgy-qongyrauda-zhol-apatynan-qaza-bolgan-agasyna-oleng-arnagan-qaryndasy-eldi-zhylatty/