Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Енді елімізде үміткерлер "қандас" мәртебесін алу үшін генетикалық сараптамадан өткізілуі мүмкін

Жарияланған күні:

Медицина қызметкері
Медицина қызметкері. Көрнекі фото: Freepik

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "қандас" мәртебесіне үміткерлер қазақ екенін анықтау үшін арнайы ережелер әзірледі. Соның бірі – молекулалық-генетикалық сараптамадан өту, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің өкілдері "қандас" мәртебесін және Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлердің ұлтын анықтауға бағытталған арнайы ережелер әзірледі.

Бұйрық жобасы қазір "Ашық НҚА" порталында жарияланған.

Бұйрық жобасына қоса берілген ережеге сәйкес, жергілікті атқарушы орган "қандас" мәртебесін алуға үміткер азаматтарды тексеру үшін жергілікті атқарушы органда арнайы комиссия құрылады.

Кейін үміткерлер мынадай тексеру шараларынан өтуге тиіс:

  1. үміткердің ұлты қазақ екенін растайтын жеке басын куәландыратын құжаттардан бөлек өзге де құжаттарды тексеру;
  2. адамға өзін этникалық қазақ ретінде сәйкестендіруге мүмкіндік беретін қазақ тілін, салт-дәстүрлерін, мәдениетін, туыстығын және т.б. факторларды білуге бағытталған жүзбе-жүз немесе онлайн форматта әңгімелесу;
  3. алынған ақпаратты талдау және бағалау;
  4. қабылдау.

Бұйрық жобасының құжатындағы ақпаратқа сәйкес, өтініш берушінің ұлты қазақ екенін анықтау үшін туу туралы куәлігін, ата-анасының туу туралы куәлігін, ата-бабасының Қазақстан аумағында тұрғаны туралы мұрағаттық анықтамаларды, бар болған жағдайда неке туралы куәлікті тапсыруға тиіс.

Осы орайда комиссияның қосымша ұсынымы бойынша немесе өтініш берушіде құжаттары болмаған жағдайда молекулалық-генетикалық сараптама (этникалық тест) жүргізіледі.

"Молекулалық-генетикалық сараптама адамның белгілері бойынша ұқсатумен және биологиялық туыстықты анықтаумен байланысты дәлелді ақпаратты белгілеу үшін жүргізіледі.

Өтініш беруші Қазақстан Республикасының уәкілетті органы аккредиттеген ұйымдарында өз қаражаты есебінен молекулалық-генетикалық сараптамадан өтеді", - деп жазылған ережеде.

Сондай-ақ құжаттағы мәліметке сүйенсек, қазақ ұлтына жататынын айқындау не айқындаудан бас тарту туралы ұсынымды комиссия үш жұмыс күні ішінде ашық дауыс беру жолымен қабылдайды және қатысушылардың кемінде үштен екісі оң дауыс берген кезде қабылданды деп саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2109393-endi-elimizde-umitkerler-qandas-martebesin-alu-ushin-genetikalyq-saraptamadan-otkizilui-mumkin/