Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тынысы тоқтағанша тұншықтырған": Ақтөбе облысында бұрынғы әйелін өлтірді деп айыпталған ер адам сотталды

Жарияланған күні:

сотталушы
Сот залынан фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде 27 жастағы ер адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша ол бұрынғы әйелін тынысы тоқтағанша тұншықтырған. Жәбірленуші тарап тағайындалған жазамен келіспейді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Адам өлтіру" бабымен тергелген іске үкім шықты. Судья Алтынбек Сабыров жазаны ауырлататын мән-жайдың анықталмағанын айтты.

"Х. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жағасы тағайындалсын. Х.-ның жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін", - деді судья.

Сот отырысы
Сот залынан фото: KAZ.NUR.KZ

Сот жәбірленуші тараптың 25 млн теңге өндіріп алу туралы талап арызын ішінара қанағаттандырды.

"Жәбірленушінің талапарызы ішінара қанағаттандырылсын. Х.-дан С.-ның пайдасына 318 062 теңге материалдық шығын, заңгердің көмегіне 500 мың теңге өндірілсін. Х.-дан С.-ның пайдасына 20 млн теңге моральдық зиян және мемлекет пайдасына өндірілсін", - деді судья.

Жәбірленуші тарап сот үкіміне наразылық білдірді. Апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

"Жалғыз қызымды өлтірді. Жеңіл жаза сұрап, 11 жыл алды. Өте аз", - деді анасы Жанаргүл Ақантайқызы.

Марқұмның туыстары сотталушының әкелік құқынан айыруға арыз түсіретінін айтты.

"Біз соттың үкімімен келіспейміз. 11 жылды өте аз деп есептейміз. Айбану бар болғаны 26 жаста, өрімдей қыз. Үш баласы қалды артында. Балалары 6, 5, 3 жаста. Қазір менің қолымда. Әкелік құқығынан айыруға арыз түсіреміз. Өмір бойы көрмесін. Түнімен іздейді. "Анам қайда, неге келмей жатыр" деп жылайды. Кеше екінші қызының туған күні болды. Туған күніне келеді деп күтіп жүрген. Неге келмеді деп жылады. "Аспаннан қарап тұр мамаң" дейміз. "Неге көрінбейді" деп айтады. Келмейді деп айта алмаймыз. Балалардың жағдайы өте қиын", - деді марқұмның апасы Сәуле Сағымбаева.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға Темір ауданы Шұбарши ауылында марқұмның үш баласымен тұрып жатқан үйінде болды.

Айыптау актісіне сәйкес, 2024 жылдың 31 қаңтардан 1 ақпанға қараған түні сағат 00:40 шамасында марқұм келіншектің бұрынғы күйеуі есік қаққан. Айыпталушы Ақтөбе қаласынан 350 шақырым қашықтағы ауылға бұрынғы әйелімен қосылу үшін таксимен іздеп барған. Үйге еркін кіріп, марқұммен әңгімелескен. Сөз арасында келіспеушілік туындаған. Сотталушы болмашы сөзді аса ауыр қылмыс жасауға себеп қылған. Ол талаптарына көнбеген бұрынғы әйелінің сөзіне ызыланған. Содан кейін теріс қарап тұрған әйелдің мойынынан құшақтап қысып, екі минут бойы тұншықтырған. Сот-медицина сараптама қорытындысына сәйкес келіншектің қайтыс болуы себебі механикалық асфексия деп танылды.

27 жастағы сотталушы марқұммен екі жыл бұрын ажырасқан. Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы. Қылмыс жасағанға дейін Ақтөбе қаласындағы зауыттардың бірінде жұмысшы болып істеген. Бұрын сотталмаған. Марқұммен үш жыл бірге тұрған. Балаларының алды биыл мектепке барады. Кішісі анасы қайтыс болғаннан кейін үш жасқа толды.

Ал марқұм 26 жаста еді. Ол ажырасқаннан кейін қалада тұру қиын болған соң Саркөл ауылындағы нағашыларының қасына барады. Кейін жалғызбасты анаға әкімдіктен уақытша тұруға баспана берілген. Айбану атаулы әлеуметтік көмек арқылы үш баласын асыраған. Қазір үш бала Айбанудың нағашы апасының тәрбиесінде.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2109960-tynysy-toqtagansha-tunshyqtyrgan-aqtobe-oblysynda-buryngy-aielin-oltirdi-dep-aiyptalgan-er-adam-sottaldy/