"Төрт күн жыладым": Эвересті бағындырған екінші қазақ қызының арманы қалай орындалған
Жарияланған күні:
Өткен аптада тағы да бір қазақстандық әлемнің ең биік нүктесі – Эверест шыңын бағындырды. Ол – 44 жастағы алматылық – Жәмилә Баширова. Ол бір бөлмелі пәтерде тұрады, қымбат көлігі мен гауһартасты әшекейлері де жоқ. Бірақ үлкен арманын орындау оның қолынан келді. KAZ.NUR.KZ. тілшісі Эвересті бағындырған қазақ қызымен тілдесіп, жетістігінің сырын сұрады.
Жәмилә Баширова – Семей өңірінің тумасы, жасы 44-те, мамандығы – тамақтану өндірісі бойынша инженер-технолог. Ол соңғы төрт жылда тапқан табысын шыңға шығуға арнағанын айтады.
"Мен осы қадамға барғаныма бір сәт те өкінген емеспін. Өзімнің рухани әсерім үшін қомақты қаржыны жұмсай алғаныма кеудемді ғажайып сезім кернеді. Бір бөлмелі пәтерде тұрамын, бриллиант немесе бренд әшекейлерім жоқ. Астымда көлігім жоқ. Соңғы төрт жылда тапқан қаражатымды шыңдарды бағындыруға жұмсадым", - дейді ол.
20 жылдан бері бел жазбай еңбек етіп келе жатқан ол Эвересті бағындыру үшін қажетті 75 мың долларды қалай жинағанын айтып берді.
"Шыңға шығу құны – 65 мың доллар. Оған қоса, қосымша шығындарға 10 мың доллар кетті. Ол қандай шығындар? Ішетін тамақ, шерпке қасыңда жол көрсетуші болып жүргені үшін 2000 доллар ақы төлеу қажет. Менің қасымда екі шерп болды, екеуіне 4000 доллар төледім. 75 мың доллар қаржы жұмсап, шыңға шықпақ болғанымда, 8300 метр биіктіктен кері қайттық. Өйткені жел тұрды, қолайсыз ауа райына қарамай, шыңға көтерілсек, ажал құшатын едік. Екінші рет тәуекел етуге бел байладым. Бірақ ол үшін маған тағы 23 мың доллар керек еді, тағы да оттегі алып кетуіміз керек. Шерптерге төлейтін 4000 доллар тағы бар. Көз жасымды тоқтата алмадым, осылай төрт күн жыладым. Мен ақшамды жоғалтқаным үшін емес, шыңды бағындырып, арманымды орындай алмағаныма жыладым. Мен физикалық және психологиялық жағынан дайын болдым, бірақ ақша жоқ болды. Төрт күннен кейін Эвересте танысқан досым маған көмектесетінін айтты. Ол Германияда тұрады, ұлты – неміс, бірақ Қазақстанда, Қостанайда туып өскен. Оның есімі – Александр Бахман. Ол маған: "Мен сенің көзіңнен құштарлықты көріп тұрмын, сен мұны шын жүрегіңмен қалап тұрсың. Сол үшін мен саған көмектескім келеді, екінші рет байқап көруің үшін мен төлеймін" деді. Осылай ол маған 23 мың долларды төлеп берді. Екінші рет бағымды сынап, шыңды бағындырғаннан кейін менің қуанышымда шек болған жоқ. Әлі күнге дейін мұндай үлкен арманға қол жеткізгеніме сене алмаймын. Көп альпинистер бір рет шыңға шыға алмаса, келесі жылы келемін деп, үйіне қайтады. Келесі жылға дейін 75 мың долларды жинап келу мен үшін мүмкін емес жағдай еді. Сол үшін маған көмектескен досыма алғысымды білдірдім. Шыңға шыққан кезде құдайға маған осындай мүмкіндік бергені үшін шүкірлік еттім. Менің көкейімде қорқыныш болған жоқ. Құдайдан күн райының қолайсыз болмауын сұрадым. Ол менің осы дұғамды қабыл етті", - деді Жәмилә.
Ол шыңға көтеріліп бара жатқанда, арманына жете алмай, қаза болған альпинистердің денесін көрген. Бірақ бұл оны райынан қайтармаған, бұл көрініс жүрегіне қорқыныш ұялата алмағанын айтады.
"Шыңға көтеріліп бара жатқанда көз жұмған альпинистердің денесі жатты. Мұз болғандықтан олардың денелері бұзылмаған күйінде жатыр, бальзамдап қойған сияқты. Осындай екі альпинистің денесін өз көзіммен көрдім. Олар екі жүз жылдан кейін де сол күйі жатады. Оларды жерге түсірейін десе, тым қымбатқа түседі", - дейді ол.
23 жылдан бері Алматыда тұратын Жәмилә коронавирус басталған кезде тауға шығуға көңілі ауғанын айтады, осылай альпинистік өмірі басталған.
"Короновирус таралған кезде елден шыға алмай қалдық. Оған қоса, кинотеатрлар, саябақтар жабық болды. Сол кезде біз үшін жалғыз демалыс орны тау болды. Құрбыларымызбен күн сайын тауға шығып жүрдік, маған бұл қатты ұнады. Таза ауа, ми тынығады, сана сергиді. Оның үстіне, сол уақытта адамдардың бойын үрей билеген кез еді. Алматыдағы Алатаудың шыңдарын бағындырудан бастадым. Шыңға шығып көрген кез келген адам әлемдегі ең биік шыңдарға шығуды армандайды, менде де осындай үлкен арман болды. Екі рет Эльбрус шыңына шықтым. Оңтүстік Америкадағы ең үлкен нүкте Аконкагуаға бардым. Десек те әлемнің ең биік нүктесі Эверстке шығу деген арманым жүрегімнің түбінде жатты. Бірақ бұл қымбат арман екенін түсіндім", - дейді ол.
Жәмилә осы жасқа келгенше спортпен шұғылданбаған. Бірақ Эверсті бағындырсам деген арманын орындау үшін соңғы төрт жылда аптасына үш рет жаттығу залында жаттыққан.
"Осы жасқа келгенше спортпен шұғылданбадым. Бірақ мектепте оқып жүргенде туризм үйірмелеріне қатысатынмын. Палатка құрып, соның ішінде тұрып, тау-тасты аралап жүретінбіз. Осындай атмосфера менің көңіліме жағатын. Сол бала кезден қалған қызығушылық тауға шығып бастаған кезде қайта оянғандай болды. Шыңға шығу үшін физикалық дайындық маңызды екенін түсіндім, сондықтан жаттығу залына барып, жүгіруді бастадым. Аптасына үш рет үш сағат жаттығамын. Эверестке ақша жинап, өзімнің арманымды орындадым. Мақсатқа жету үшін рух керек. Бастысы – берілмеу. Маңдайы теріммен келген ақшаны арманымды орындауға жұмсағаным үшін бақыттымын. Жақындарым бәрі таң қалып жатыр, менімен мақтанатынын айтады. Қалай қарапайым адам Эверест шыңын бағындырғанына көбісі сене алмайды", - деді Жәмилә Баширова.
Айта кетейік, бұған дейін әлемнің ең биік нүктесі Эверест шыңын (8848 м) бағындырған тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева туралы жазған едік. Қазақстандық "Kazakh Everest Team" Эверест шыңын 12 мамырда бағындырды. Осылайша, экспедиция құрамындағы Анар Бурашева ең биік нүктені еңсерген тұңғыш қазақ қызы атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2110194-bir-bolmeli-paterde-turamyn-everesti-bagyndyrgan-ekinshi-qazaq-qyzynyng-armany-qalai-oryndalgan/