"Әкем анамды ұрып, өлтіріп тастай ма деп қорқамын": маңғыстаулық жігіт жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Әлеуметтеттік желіде Маңғыстау облысына қарасты Мұнайлы ауданында тұратын жігіт анасын әкесі ұрып тастағанын, бұл жайтқа полиция еш шара қолданбай отырғанын айтты. KAZ.NUR.KZ тілшісі Маңғыстау облыстық полиция департаментінен мән-жайды анықтады.
Instagram-дағы жеке парақшасында жарияланған видеода бозбала Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынының полиция бөлімшесіне арыз түсіргенін көруге болады.
"Әкем ішіп алып анамды түн ортасында қуалап сабап, мүгедек қылуға дейін апарған. Бала кезімде мені аямай ұрып, психологиялық соққы жасаған. Бала үшін анадан артық адам жоқ. Әкенің жақсылығы жездедей-ақ. Мұндай әкенің барынан – жоғы. Бала күнімде анам екеуімізді кезек-кезегімен ұрып, төмпештейтін. Жасы елуге келсе де, анамды ұруын тоқтатар емес. Әкем лайықты жазасын алса екен. Полицияға тапсырғанымызбен, екі сағаттан кейін түк болмағандай босатып жібереді", - деп шағымданды жігіт кадрда.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті осы іске қатысты түсініктеме берді. Полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, күдікті әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
"Кінәлі тұлға отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер және тыныштықты бұзу деректері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, 1-2 апта ішінде дайын болады.
Сот-медициналық сараптама дайын болған соң қылмыстық істі қозғауға бола ма, сол жағын қарайды. Жарақат жеңіл, ауыр, орташа болуы мүмкін. Заң шеңберінде оның күйеуін тергеу изоляторында ұстау – адам құқығын бұзу. Алгоритм бойынша іс сотқа кеткен кезде оны ұстауға ордер шығаруға болады.
Іс сотқа жеткенде, іс туралы ақпарат береміз. Қорғау туралы нұсқама берілді, соған сәйкес, әйелге күйеуі жақындай алмайды. Үйіне бара алады, бірақ әйеліне жақындай алмайды. Әйеліне тиіссе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады, оған бұл туралы айтылды", - деп хабарлады басқармадан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2111193-akem-anamdy-uryp-oltirip-tastai-ma-dep-qorqamyn-manggystau-oblysyndagy-zhaitqa-politsiia-tusinik-berdi/