Гүлмира Сатыбалды соты: жәбірленушінің адвокаты қылмыстық іс бірден қозғалмағанын айтты
Жарияланған күні:
Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот ісі бойынша жәбірленуші Абай Жүнісовтің адвокаты Рашид Теңізбаев қылмыстық іс қалай қозғалғаны жөнінде айтты. Оның сөзінше, жәбірленуші бірнеше рет шағым түсірген, алайда іс бірнеше рет жабылып қалған. Тек қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы наурыздан бастап белсенді жүргізіле бастаған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Рашид Теңізбаевтың сөзінше, Гүлмира Сатыбалдының үстінен бас бостандығынан заңсыз айыру, өзінше билік ету және және қорқытып алу баптары бойынша іс жүріп жатыр.
"Гүлмира Сатыбалдының үстінен бас бостандығынан заңсыз айыру, өзінше билік ету және және қорқытып алу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жүргізушісі болған Мәди Батыршаевтың үстінен іс бас бостандығынан заңсыз айыру бойынша қаралып жатыр",- деді ол.
Адвокат берген ақпаратқа сәйкес, жәбірленуші Абай Жүнісов бірнеше рет осы іс бойынша полицияға шағымданған, бірақ құзырлы орган өкілдері істі қарамаған.
"Алматы қаласы полиция басқармасына, Алматы қаласы прокуратурасына, Бас прокуратураға арызданды. Сотқа дейінгі тергеу-тексеру жүргізіп, дәлел жеткіліксіздігінен іс жабылған. 2021 жылдың мамыр айында президентке үндеу жариялады, бұрынғы президенттің туысы Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалдының осындай қысым көрсетіп жатқанын айтып, көмек сұрады. Осыдан кейін іс қайта қаралды. Іс қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылдың наурыз айынан бастап белсенді түрде жүргізіле бастады", - деді ол.
Сондай-ақ ол Гүлмира Сатыбалды Абай Жүнісовке психологиялық қысым көрсеткенін мәлімдеді.
"Психологиялық қысым көрсеткен. Бұл туралы сот отырысындағы жауабында айтты. Біздің қолымызда психологтың психиатриялық сараптамасының қорытындысы бар. Онда Жүнісовтің осы қысымнан ауытқуға ұшырағаны жазылған", - деді ол.
Сондай-ақ Теңізбаев материалдық зардап көлемі туралы баяндады.
"Қылмыстық іс бойынша шығын туралы өтінішті біз әлі жібермедік. Прокурор материалдық зардап көлемін жариялады, 1 млрд 400 миллион теңге көлемінде. Айыптау актісінде бұл қандай шығындар екені жазылған, компания үлестерін тартып алу, кәсібін тартып алу, үйі, машинасын тартып алу", - деді қорғаушы.
Айта кетейік, Алматыда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс бойынша басты сот отырысы басталды.
Оған кәсіпкерді заңсыз бас бостандығынан айырды және одан аса ірі мөлшерде ақша бопсалады, рейдерлік жасады, өз бетінше билік жүргізді деген айып тағылып отыр. Ал оның бұрынғы жүргізушісі Мәди Батыршаев заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша сот алдына келді. Іс бойынша жәбірленуші кәсіпкердің адвокаты Рашид Теңізбаев жәбірленуші Абай Жүнісов пен сотталушы Гүлмира Сатыбалды бұрын туыстық қатынаста болғанын растады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2111367-gulmira-satybaldy-soty-zhabirlenushining-advokaty-qylmystyq-is-birden-qozgalmaganyn-aitty/