Қазақстанда күмән тудыратын ақша аударымдарына тосқауыл қойылуы мүмкін
Жарияланған күні:
Елімізде 22 шілдеден бастап Антифрод-орталық қызметі іске қосылуы мүмкін. Ол күдікті транзакциялардың алдын алуға бағытталған және алаяқтық әрекетке күдік болған жағдайда ақша аударымы бұғатталады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық банктің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банктің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректермен алмасу орталығының қызметін және оның қызметіне қатысатын тұлғалармен өзара іс-қимылын жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" жоба әзірленген.
Жоба Антифрод-орталық қызметін жүзеге асыру әрі оның қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асырудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.
"Антифрод – орталық қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қосылатын технологиялық платформа. Платформа тиісті таңбаланған күдікті операцияларды қоса алғанда, алаяқтық операциялар бойынша нақты уақыт режимінде қаржы нарығының субъектілері арасында деректер алмасуды қамтиды.
Антифрод-орталықтың міндеті – азаматтардың қаражатын алаяқтық операциялардан қорғауды қамтамасыз ету, алаяқтық операцияларға жедел шара қабылдау және оларды уақытында бұғаттау", - делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Бұл жобаны толық функционалы қамтылған күйде биыл 22 шілдеде цифрландыру мәселелері жөніндегі тиісті заң қолданысқа енгізілген кезде ғана жүзеге асыру жоспарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2112219-qazaqstanda-kudikti-aqsha-audarymdaryna-tosqauyl-qoiyluy-mumkin/