Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтты: бұған министрлік өкілдері не дейді

Опубликовано:

Жамбыл облысындағы ақылы тасжол
Жамбыл облысындағы ақылы тасжол. Видеодан кадр: КТК

Көлік министрлігінің өкілдері жолдарды мерзімінен бұрын тоздырып жатқан ауыр жүк көліктері екенін айтады. Бұл жөнінде ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Көлік министрлігінің Telegram-дағы ресми арасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, еліміздің аумағында 60 мыңға жуық өзіаударғыш көлік тіркелген. Оның ішінде, статистика мәліметтеріне сәйкес, Қытайда өндірілген 40 мыңға жуық өзіаударғыш көлік шамадан тыс жүктемемен жалпы пайдаланымдағы жолдарда жүріп, инертті материалдарды тасымалдайды.

Министрлік өкілдері бұл жүк көліктерінің салмағы рұқсат етілген нормадан екі есе асып түсетінін айтады.

"Мәселен, рұқсат етілген жүктеме 25 тонна болса, өзіаударғыш көліктер жалпы салмағы 35-40 тонна жүкті тасымалдайды. Бұл жол төсемінің мерзімінен бұрын тозуына әкелетін әрі кері әсер ететін факторлардың бірі", - дейді ведомство өкілдері.

Жол қозғалысына карьерлерде жүретін ауыр жүк көліктерімен қатар автомобиль жолына үлкен салмақ түсіретін өзге де автокөлік құралдары қатысады. Олардың қатарында бетон араластырғыштар, автокрандар және басқа да ауыр автомобильдер бар.

Ведомство өкілдері 2022 жылдың желтоқсанында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін анықтайтын заң қабылданғанын еске салды.

"Бұл заңнама жүк көтергіштігі 12 тоннадан асатын автомобильдерді өлшеу станциялары арқылы өтуге міндеттейді әрі заң талаптарын бұзу әкімшілік жазаға алып келеді", - делінген ведомство хабарламасында.

Бұл ретте көліктік бақылауды барынша қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған өлшеу станцияларының санын едәуір арттыру жоспарда бар екені айтылған. Осылайша биыл елордаға кіреберіс жерде автоматтандырылған 6 жаңа станция орнатылған. Қазіргі уақытта олар пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

"Көліктік бақылау органдары қызметкерлерінің айтуынша, аталған шараларды қолға алу арқылы ауыр салмақты автомобиль көлік құралдарының қозғалысын бақылауға қатысты мәселелерді шешу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту көзделіп отыр", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ғалымдармен кездесуінде жолдардың сапасы сын көтермейтінін әрі бұл мәселе жиі көтерілетінін айтқан еді.

Президент жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды екенін атап өтті.

"Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді", - деген еді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2112363-toqaev-qazaqstandagy-zholdardyng-sapasy-syn-kotermeitinin-aitty-bugan-kolik-ministrligindegiler-ne-deidi/