Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди отставкаға кетті
Жарияланған күні:
Читать на русскомҮндістан премьер-министрі Нарендра Моди қызметінен кетуге өтініш берді. Онымен бірге Үндістанның министрлер кеңесі де отставкаға кетті, деп хабарлайды Үндістан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Үндістан президенті баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, ел премьер-министрі Нарендра Моди президент Драупади Мурмумен кездесіп, үкіметпен бірге отставкаға кеткен.
Президент оның қызметтен кету туралы өтінішін қабылдаған. Алайда ол Нарендра Моди мен министрлер кеңесінен билікке жаңа үкімет келгенге дейін қызметін жалғастыруды сұрады.
Еске салайық, 19 сәуір мен 1 маусым аралығында Үндістанда 44 күнге созылған парламент сайлауы өткен болатын.
Сайлауда елдегі билеуші альянс жеңіске жеткен. Айта кетейік, ол Үндістанның қазіргі премьер-министрінің "Бхаратия Джаната" атты партиясына қарасты. Партия ел парламентіндегі 543 орынның ішінде 286-сын жеңіп алған.
Жеңісін тойлаған Моди жаңа үкіметті құруға дайын екенін айтты. Демек, отставкаға кеткеннен кейін ол үшінші рет Үндістанның премьер-министрі болып тағайындалмақ.
Үндістанда ұлттық сайлау қапырық күнде өткен болатын. Бірнеше қалада ауа температурасы 49,9 градусқа дейін жеткен.
"Бхаратия Джаната" партиясының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Нарендра Моди 1950 жылы Гуджарат штатында дүниеге келген.
1967 жылы ол үйінен кетіп, Үндістанды аралап, Гималай мен Ришикешке барған.
1972 жылы ол Раштрия Сваямсевак Сангх (Отанның ерікті қызметшілерінің одағы) ұйымына кірген.
Ал 1985 жылы ол Үндістандағы ең ірі партиялардың бірі "Бхаратия Джаната" партиясының мүшесі болды.
1987 жылы ол аталған партияның Гуджарат штатындағы бөлім басшылығының қатарына кірді.
1995 жылы Нарендра Моди жергілікті сайлау кезінде аталған партияның сайлауалды науқанына белсенді қатысқан.
1998 жылы – республикалық деңгейдегі сайлауалды науқанына қатысты.
1998-2001 жылдары партияның бас хатшысы қызметін атқарды.
2001 жылдан 2014 жылға дейін Гуджарат штатындағы үкіметтің бас министрі болды.
2014 жылы болса, Үндістанның премьер-министрі болып сайланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2112807-undistan-premer-ministri-narendra-modi-otstavkaga-ketti/