Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қағып өт": Алматыда көлік тізгіндеген оқушылардың ата-аналары жауапқа тартылды (видео)

Опубликовано:

Көлікті жасөспірім жүргізіп бара жатыр
Көлік тізгіндеген жасөспірімдер. Видеодан кадр: instagram.com/dorpat_kz

Алматыда көлік тізгіндеген жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды. Бұған дейін желіде мектеп оқушылары түсірген видео пайда болған еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видео Instagram-дағы dorpat_kz парақшасында жарияланды.

Көлікте түсірілген видеодан Mercedes маркалы көлікті кәмелетке толмаған бала жүргізіп бара жатқанын көруге болады. Ал оны жолаушының орнында отырған бала видеоға түсірген. Жасөспірім видеода балағаттап, күліп, өздеріне қарай келе жатқан велосипедшіні "қағып өтуді" ұсынған.

Instagram-да жарияланған жазба авторы Mercedes "жүргізушісі" 10-сыныпта оқитын 16 жастағы бала екенін, көлікті жиі жүргізетінін жазған. Анасы барлық мән-жайдан хабардар көрінеді.

"Әлеуметтік желіде бұл видеоны пікір білдіріп, бейәдеп сөздер айтып, адамды қағып өткісі келген жолаушы таратқан. Видеоға қарағанда, ол да Kia Rio және BMW көліктерін қаламызда құжатсыз жүргізеді, алайда ол видеода өзінің жүзін көрсетпей, тек достарын түсіріп отыр", - делінген жазбада.

Басылым авторының сөзіне сенсек, көлікті үш мектеп оқушысы кезекпен тізгіндеген.

"Жасөспірімдердің ата-анасы ұлдарын тәрбиелеп, өзінің тиісті міндетін атқара бастауы үшін қанша бейкүнә бала мерт болуы керек", - делінген видеоның астындағы жазбада.

Алматы полиция департаментінің NUR.KZ тілшісіне берген мәліметі бойынша, жасөспірімдердің ата-анасы жауапқа тартылды.

Көлік құралын жүргізуге құқығы жоқ тұлғалардың көлік құралын басқару дерегі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы бойынша материалдар жиналған.

"Жасөспірімдердің ата-аналары бала тәрбиесінде өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды", - деп мәлімдеді полиция департаментінің өкілдері.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керегін еске салды.

"Ата-аналар балаларының бос уақытында немен айналысатынын жіті қадағалап, заңға қайшы әрекеттер жасауына жол бермеуге тиіс", - дейді полицейлер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2113740-qagyp-ot-almatyda-kolik-tizgindegen-oqushylardyng-ata-analary-zhauapqa-tartyldy-video/