Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жолдың жағдайы көңіл көншітпейді": Павлодар облысының әкімі "ҚазАвтоЖолға" шара қолдануды ұсынды

Жарияланған күні:

Жөндеуден өткен жол
Жөндеуден өткен жол. Фото: t.me/baspasozpvl

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ертіс ауданына барып, жолдың жағдайын тексерді. Ол "ҚазАвтоЖол" компаниясына қатысты шара қолдануды ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысы әкімдігінің Telegram-дағы ресми арнасының ақпаратына сәйкес, Қызылжар ауылында өңір басшысы бонустық трансферттер аясында жөндеу жүргізілген 2 көшені тексерді. Олардың жалпы ұзындығы 1,7 шақырым.

Бұл ретте Асайын Байханов Ақсудың шекарасынан Қараоба ауылына дейінгі жолдың сапасы нашар екенін айтты.

"Ақтоғай ауылынан Атамекен кентіне дейінгі жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Халық әкімдіктен сұрайды. Республикалық маңызы бар жолдарда авариялық жағдай туғызғаны және авариялық-қауіпті учаскелерді уақтылы жоймағаны үшін "Қазавтожол" АҚ-ға қатысты шаралар қабылдау қажет", - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Асайын Байханов аудандағы дезинсекциялық жұмыстар туралы есепті тыңдады. Әкімдік мәліметіне сүйенсек, 26 сәуірден бастап (егістік алқаптарын – ред. ескертпесі) қолмен өңдеу, ал 12 мамырдан бастап әуеден өңдеу жұмыстары басталды. Алқаптар 16 рет әуеден өңделген және тағы 9 рет өңделу жоспарланып жатыр.

14 мамырдан бастап жағалау бойында орналасқан 12 ауылда зиянкестердің таралуына қарсы тосқауыл қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2 маусымнан бастап жайылмадан шіркей пайда болған, сол себепті дезинсекция тәсілдері өзгеріп, күшейтіліп жатыр. Сары масалардың ұшып шығуы әлі байқалған жоқ.

"Биыл Ертістің жоғарғы ағысында орналасқан облыс аудандарында шыбын-шіркеймен байланысты мәселе жоқ. Өзеннің төменгі ағысында орналасқан – Ертіс және Железин аудандарында тұрғындардан шағымдар келіп түскен, алайда өткен жылы керісінше болды. Жағдайдың өрбуін болжау қиын, бірақ біз олардың алдын алуға тырысуымыз керек", - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі аудан басшылығына бейінді басқармамен бірлесіп, жағалау бойында орналасқан ауылдардағы жағдайды бақылауды және солтүстік аудандардағы дезинсекциялық жұмыстардың көлемін арттыруды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2113881-zholdyng-zhagdaiy-kongil-konshitpeidi-pavlodar-oblysynyng-akimi-qazavtozholga-shara-qoldanudy-usyndy/