Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мәжбүрлі түрде әкетуге құқылы": Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушыларды ұстап әкету жайттарын түсіндірді

Опубликовано:

Әскери қызметкер
Әскери қызметкер. Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қорғаныс министрлігінің өкілдері әскерге шақыру жасындағы азаматтарға қатысты жүргізілетін рейдтердің мәнін түсіндірді. Шақыру науқандары барысында кейбір жігіттер әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы бармайды. Мұндай жағдайда оны жеткізу ішкі істер органдарына жүктеледі. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомство өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды еркінен тыс ұстап алып, жергілікті әскери басқару органдарға жеткізіп жатқан бейнематериалдар тарап жатқанын атап өтті.

Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі әскери қызметке шақырудың қолданыстағы тәртібін түсіндірді.

"Шақыру науқандары барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы бармау фактілері байқалады.

Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар туындайды. Өйткені олардың көбі тіркелген жерінде тұрмайды, қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шақыру қағазын әскерге шақырылушының жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған кезде оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі.

Рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатады. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуге құқылы", - делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік өкілдері шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде  анықтайтынын айтады. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді.

"Еске салсақ, мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Осының негізінде азаматтардан қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауды және жалған ақпаратты таратпауды сұраймыз", - дейді Қорғаныс министрлігінің өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2114292-politseiler-mazhburli-turde-ustap-aketuge-quqyly-qorganys-ministrligi-askerge-shaqyrylushylardy-ustap-aketu-zhaittaryn-tusindirdi/