Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы неліктен қысқарып қалған: ДСМ Аймағамбетовтің сынына жауап берді

Жарияланған күні:

Дәрі және ақша
Дәрі және ақша. Көрнекі сурет: Yevgeniy Sambulov/Getty Images

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәжіліс депутаты Асхат Аймағамтетовтің жазбасынан кейін онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы не себепті 20 пайызға қысқартылғанын түсіндірді. Бұл жөнінде ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі осы жылы медициналық ұйымдардағы онкологиялық пациенттерге медициналық көмек көрсетуге талдау жүргізген.

"Іріктеп алып тексерілген алты ұйымда медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарттары мен қағидалары бұзылғаны, сондай-ақ 18 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Сонымен қатар, 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің онкология орталықтары алған пайданың жалпы сомасы 31,8 млрд теңгеден асты", - делінген ведомство түсіндірмесінде.

Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тариф белгілеу туралы бұйрыққа сәйкес, тарифтер пайда алуды, сондай-ақ негізгі құралдарды сатып алуға арналған шығыстарды көздемейді.

ДСМ өкілдері мынандай фактілер анықталғанын атап өтті:

  • пайда алу үшін емдеуге жатқызу жағдайларын жасанды түрде бөлшектеу;
  • есептен шығарылған және тағайындалған химиялық препараттардың сәйкес келмеуі;
  • ұсынылған жағдайлардың емдеу стандарттарына сәйкес келмеуі;
  • тарифтердің нақты шығындардан асып кетуі.

"Осылайша қолданыстағы тарифтер мен төлем әдістері мемлекеттің ақшалай қаражатының медициналық ұйымдардың шоттарына заңсыз ағынына алып келді.

Анықталған бұзушылықтардың нәтижелері бойынша, алты бірінші басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады, оның екеуі атқаратын лауазымдарынан босатуға ұсынылды. Тексеру материалдары құқықтық бағалау үшін құзыретті органдарға беріледі", - дейді ДСМ өкілдері.

Бюджет қаражатын орынсыз пайдалануға жол бермеу үшін шұғыл шара ретінде Денсаулық сақтау министрлігі алқа отырысы барысында онкологиялық қызметтің клиникалық-шығынды топтары бойынша базалық мөлшерлемені 20 пайызға төмендету туралы шешім қабылдаған.

"Сондай-ақ тарифтерді неғұрлым нақты оңтайландырумен осы ұйымдардың қызметтеріне ақы төлеу тетігін қайта қарау жоспарланып отыр.

Қаражаттың пайдаланылуын бақылау күшейтілді. Медициналық ұйымдардың қаржылық қызметіне тұрақты мониторинг және аудит жүйесі енгізілді. Бұл бюджет қаражатын орынсыз пайдалану жағдайларын жедел анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы сала қаражатының орынды және тиімді пайдаланылуына бақылауды енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады және міндеттер орындалатын болады", - дейді Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері.

Айта кетейік, бүгін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасында Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық сырқаты бар науқастарды емдеуге бөлінетін бюджетті қысқарту туралы бұйрық шығарғанын жазған еді. Оның сөзінше, бұйрық еш талқылаусыз, мәжілістен тысқары, жеткілікті зерттеулерсіз қабылданған.

"Бюджеттен онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен орта есеппен 20 пайызға қысқартылған. Бұйрық 2024 жылғы 11 маусымнан бастап күшіне енеді...

Жеме-жемге келгенде бұл бұйрықтан кім зардап шегеді? Қанша адамның өмірі мен тағдыры? Шенеуніктердің жаңсақ және үстірт ақпараттарынан басқа қандай ғылыми негіз бар? Неліктен мұндай маңызды шешімдер жан-жақты зерттелмей, қол қою арқылы ғана қабылданады? Сұрақ өте көп", - деп жазды Аймағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2114376-aimagambetovting-zhazbasynan-keiin-dsm-onkologiialyq-aurulardy-emdeuge-bolinetin-qarzhy-nelikten-qysqartylganyn-tusindirdi/