Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аймағамбетов ДСМ онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржыны қысқартып тастағанын мәлімдеді

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасында Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық сырқаты бар науқастарды емдеуге бөлінетін бюджетті қысқарту туралы бұйрық шығарғанын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау министрі жаңа бұйрық шығарғанын атап өтті. Депутат жазбаға бұйрықтың суретін қоса тіркеген.

Бұйрық Нормативті құқықтық актілердің электронды эталондық бақылау банкінде жарияланған.

"Бюджеттен онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен орта есеппен 20 пайызға қысқартылған. Бұйрық 2024 жылғы 11 маусымнан бастап күшіне енеді", - деп жазады Аймағамбетов.

Оның сөзінше, бұйрық еш талқылаусыз, мәжілістен тысқары, жеткілікті зерттеулерсіз қабылданған.

"Жеме-жемге келгенде бұл бұйрықтан кім зардап шегеді? Қанша адамның өмірі мен тағдыры? Шенеуніктердің жаңсақ және үстірт ақпараттарынан басқа қандай ғылыми негіз бар? Неліктен мұндай маңызды шешімдер жан-жақты зерттелмей, қол қою арқылы ғана қабылданады? Сұрақ өте көп", - дейді Аймағамбетов.

Депутат бұл салада түйткілді мәселе көп екенін, алайда соңғы жылдары үмітпен қатар, оң өзгерістер де болғанын айтады.

"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арқасында қаржыландыру ұлғайтылды, онкологиялық диспансерлер созылмалы кредиторлық берешектен шықты, өткен жылы Кешенді жоспар бекітілді, таргетті препараттардың тізімі кеңейтілді, құрал-жабдықтар сатып алына бастады...

Енді келіп министрлік ақылға қонбайтын шешімдер қабылдап отыр. Бұл эмоцияны осы қорқынышты аурумен бетпе-бет келгендер түсінеді.

Дүйсенбіде Комитеттің кеңейтілген отырысында біз осы сұрақтарды қоямыз. Министрлікте жан-жақты жауаптар мен зерттеу нәтижелері бар деп үміттенемін. Бізге осы сұрақтарды қойып жатқан онкологтар, науқастар қауымдастығы, белсенділер мен сарапшылар қателеседі деп үміттенемін", - деп жазады Аймағамбетов.

Ол Комитет отырысы тікелей эфирде көрсетілетінін атап өтті.

"Мемлекеттік қызметте тәжірибем болғандықтан, басшылар кейбір қиын және күрделі шешімдерді қабылдауға мәжбүр болатынын түсінемін. Өзім де сондай күйді өткергенмін. Бірақ мына нақты шешімді түсіну және қабылдау қиын болып отыр, өйткені мәселе санда емес, адам өмірінде болып тұр", - деп түйіндепті ойын Асхат Аймағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2114322-aimagambetov-dsm-onkologiialyq-aurulardy-emdeuge-bolinetin-qarzhyny-qysqartyp-tastaganyn-malimdedi/