Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Беделді азамат еді": Атырау базарында соққыға жығылып, көз жұмған ер адам туралы тың деректер шықты

Жарияланған күні:

Жұдырық
Жұдырық. Көрнекі фото: pixabay.com

Атыраудағы "Дина" базарында соққыға жығылып, көз жұмған ер адам Қызылқоға ауданына танымал кәсіпкер болған. Ол 25 жылдан бері Атырау қаласынан 300 км қашықта орналасқан Қарабау ауылындағы дүкеніне азық-түлік тасыған. Желіде ауылдастары марқұмның елге сыйлы азамат болғаны туралы жарыса пікір қалдырып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырау қаласындағы ірі сауда орындарының бірі – "Дина" базарында болған оқыс оқиға түсірілген видео желіде тараған болатын. Онда орта жастағы ер адам азаматты жұдырықпен құлағанша бірнеше рет ұрғаны байқалады. Кейін талып қалған азаматты көліктің қасына сүйреп апарып, сол жерде тастап кетеді.

Соққыға жығылған ер адам бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, өмірден озды. Марқұмның Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылының тумасы екені, ауданға танымал кәсіпкер екені белгілі болды. 25 жылдан бері Атырау қаласынан 300 км қашықтықта орналасқан Қарабау ауылындағы дүкеніне көлігімен азық-түлік тасыған. Оқиға болған күні де қалаға азық-түлік алуға келген.

"Әкем үнемі жол үстінде жалғыз жүрді. Қаладан елге тамақ тасып, аманатын қоса арқалап келетін. 25 жыл қыстай суықта, жаздай ыстықта дамыл көрмеді. Құжырадай дүңгіршектен бастаған кәсібі бүгінде үлкен дүкенге айналды. Алғаны халықтың алғысы еді",- деп еске алған марқұмның ұлы желідегі парақшасында.

Марқұмның ауылдастары да әлеуметтік желіде қайғыдан қан жұтып отырған отбасына көңіл айтып, кәсіпкердің жасаған жақсылықтары туралы пікір қалдырған.

"Бүкіл ауылды есеңгіреткен жағдай. Бұл ағамыздың жасаған жақсылықтары туралы, адамгершілігі туралы ауылда кез келген адамды тоқтатып сұрасаңыз айтып береді. Шыбын жанға қиянат қылмаған кісі. Өте керемет жанұя. Әлі аяқтанбаған екі баласы бар, немерелері бар. Қанішерге қатаң жаза талап етеміз", "Көңілі кіршіксіз, таза, аппақ еді", "Ауылымыздың беделді, қайырымды, сыйлы азаматы еді. Қаншама адамға қуаныш сыйлап, жақсылық жасап еді", - дейді кәсіпкердің ауылдастары.

Қазіргі кезде аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

"Күдікті УҰИ-на қамауға алынды. Жәбірленуші ауруханада алған дене жарақаттары салдарынан қаза тапқан. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды", - дейді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Атыраулық блогерлер, желі қолданушылары желідегі жазбасында бұл істі қоғам талқысына салып, күдіктіні қатаң жауапқа тартуды талап еткен.

"Бұл жерде кез келген адам болуы мүмкін еді. Жауыз қоғам", "Сот процессіне бізді қатыстыруды талап етеміз", - дейді олар.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2116149-bedeldi-azamat-edi-atyrauda-bazarda-soqqy-alyp-koz-zhumgan-er-adam-turaly-tyng-derekter-shyqty/