Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жетісуда инвесторлар онкологиялық орталық салмақ

Жарияланған күні:

Меморандумға қол қою рәсімі
Меморандумға қол қою рәсімі. Фото: Жеңіс Ысқабай

Талдықорғанда инвесторлар өз қаражаты есебінен заманауи онкологиялық орталық салады. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Денсаулық сақтау министрлігі, "Kazakhmys Holding" инвестор-компаниясы үш жақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өз сөзінде Бейбіт Исабаев өңірде жаңа онкологиялық орталық салу туралы тапсырманы Ел Президенті Жетісу облысына келген жұмыс сапары барысында бергенін атап өтті.

"Әртүрлі нұсқалар болды. Алдымен біз салынып жатқан ғимараттың қолданылу мақсатын өзгертуді жоспарладық, онда облыс бөлінгенге дейін сот ғимараты болады деп жоспарланған болатын. Бірақ объективті себептерге байланысты бұл жоспарға сәйкес келмеді. Енді ол жерде 500 орындық емхана болады, бұл жаңадан кеңейіп келе жатқан шағын аудан үшін өте қажет. Біз Кербұлақ ауданында мыс өндіретін тау-кен байыту комбинатын салумен айналысып жатқан "Kazakhmys Holding" компаниясының басшылығымен жарты жыл көлемінде келіссөздер жүргіздік.

Бұл – құны 1 трлн теңге шамасындағы үлкен инвестициялық жоба. Эдуард Викторович компания қаражаты есебінен онкологиялық орталық салу жөніндегі ұсынысымызды қолдады. Бүгін біз арнайы меморандумға қол қою арқылы уағдаластығымызды ресми түрде бекітеміз. Жалпы онкологиялық аурулар жүрек-қан тамыры ауруларынан кейінгі 2 орында тұр. Бұл біздің аймақтың немесе елдің ғана емес, бүкіл әлем көлеміндегі өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан қазіргі заманғы онкологиялық орталықтың құрылысы онкологиялық аурулармен күресудің жүйелі шарасы ретінде аса қажет деп білеміз", - деген облыс әкімі инвестор-компанияның басшылығына сөз берді.

Отырыс
Отырыс. Фото: Жеңіс Ысқабай

"Kazakhmys Holding" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың айтуынша, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания әлеуметтік мәселелерге бағдарланған. «Бұған дейін Қазақстан бойынша бірнеше әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырдық. Су тасқыны мен оның салдарымен күрес кезінде де сырт қалған жоқпыз. Жоспарланып отырған кен байыту комбинатының құрылысы металлургияның дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін болады. Әлеуметтік жауапкершілігімізді түсіне отырып, біз онкологиялық орталық салу жөніндегі ұсынысты қолдадық. Комбинат салумен қатар, осы маңызды медициналық мекеменің құрылысымен де қатар айналысамыз", - деді ол.

Бейбіт Исабаев атап өткендей, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында Жамбыл облысындағы 200 орындық онкологиялық орталық құрылысының жобасы негізге алынып отыр. Бұл ретте ең маңыздысы – орталықты заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету. Бұл мәселеде Денсаулық сақтау министрлігі жәрдемдеседі.

Қол қою сәті
Қол қою сәті. Фото: Жеңіс Ысқабай

Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір онкологиялық сыртқаттар бойынша көрсетілетін қызметті дамытуға басымдық беріліп отыр.

"Онкологиялық аурулардың жыл сайынғы орташа өсімі – 5 пайыз. Бұл ретте өлім-жітім 2-3 пайызға төмендеді. Осындай аурумен ауыратын науқастардың 5 жылға дейін өмір сүруін 60 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін ел президентінің тапсырмасы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді, оның шеңберінде Жетісу облысы үшін арнайы жоғары технологиялы, медициналық ауыр жабдықтар сатып алу көзделген. Әкімдік пен демеушінің онкологиялық қызметті дамытуға баса назар аударғаны бізді қуантып отыр", - деді Сұлтанғазиев.

Мұнан соң Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова Талдықорғанда жұмыс істеп тұрған онкологиялық орталықтың моральдық, әрі физикалық тұрғыдан ескіргенін, ал заманауи жабдықтармен жасақталған жаңа орталықтың құрылысы институт үшін ерте диагностиканың сапасын арттыруға көмектесетінін және инновациялық оңды ем ұйымдастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Меморандумға қол қойылған сәт
Меморандумға қол қойылған сәт. Фото: Жеңіс Ысқабай

Облыс басшысы кадр мәселесі ерекше өзекті екенін тілге тиек етті. Жетісуда заманауи онкологиялық орталықты салу туралы шешім қабылданғанға дейін бекітілген Кешенді жоспардағы белгіленген жабдықтар ендігі жерде жеткіліксіз болатынын, қосымша қажеттілік тағы да артатынын айтты. Денсаулық сақтау министрлігі мен мамандандырылған институттың өкілдері осы екі мәселені шешуде қажетті қолдау көрсетілетініне сендірді.

Кездесу соңында үш жақты меморандумға қол қойылды. Бейбіт Исабаев жиынды қорытындылай келе, әлеуметтік маңызы бар істегі алғашқы қадам жүзеге асырылғанын, бұдан әрі инвестор компания өкілдері мен облыстық құрылыс басқармасы арасында келісімге қол қойылатынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2116497-zhetisuda-investorlar-onkologiialyq-ortalyq-salmaq/