Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғыннан пәтер алуға берілген сертификатты қайтаруды талап етіп жатыр

Жарияланған күні:

шаруашылық
Құлаған үйлер. Фото: Бейбіт Төлекбаевтың жеке мұрағатынан

Мамырда Қостанай облысы Амангелді ауданында әкімдік өкілдері су тасқынынан зардап шеккен тұрғын Бейбіт Төлекбаевқа үш бөлмелі пәтер алуға сертификат берген. Енді оны қайтаруды талап етіп отыр. Тасқында үш мал қорасы мен үш үйінен айырылған қостанайлық шаруа мұңын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ағайынды Серік пен Бейбіт Төлекбаевтар Амангелді ауданында 2014 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Су тасқыны кезінде үш мал қорасы мен үш тұрғын үйінің тас талқаны шыққан.

"Бұл баспананың бірінің тұрғын үй ретінде тіркелген құжаты бар. Мұнда жұмысшылар тұратын. Мал шаруашылығымен айналысатын жерде баспана тұрғызуға ресми түрде рұқсат берген, жылжымайтын мүлік ретінде де тіркелген. 7 мамырда арнайы комиссия келіп, баспананың орынына Арқалық қаласынан жаңа пәтер береміз деп кетті. Астанадан келген шенеуніктер де, депутаттар да "бәрі жақсы болады, уайымдамаңыздар барлық шығын өтеледі" деп уәдені үйіп-төкті. Үш бөлмелі пәтердің сертификатын салтанатты түрде табыстады. Ал енді қателесіппіз қайтарып беріңдер, деп талап етіп, күнде сұрап жатыр", - деп қынжылады Бейбіт Төлекбаев.

қора
Құлаған мал қора. Видеодан кадр: Бейбіт Төлекбаевтың жеке мұрағатынан

Ағайынды Төлекбаевтар 2019 жылы мал шаруашылығымен айналысуға 5 гектар жер телімін алған. Шаруашылық 800 бас ірі қара, 400 бас жылқы, 250 ұсақ мал ұстайды. Ата кәсіпті дамыту үшін 290 млн теңге кредитті өтеп жатыр. Су тасқыны кезінде 133 бас малынан айырылған. Соның 47-сіне төлемақы алды, ал қалғанына коммиссияның шешімі әлі шықпапты.

"Биліктің көмек көрсетеміз деген сөзіне екі ай бойы алданып жүріппіз. Қора-қопсы салынған жоқ. Малды далада қонып бағып жүрміз. 10 жылғы адал еңбек, маңдай терімізді бір күнде су шайып өтті. Енді сертификатты қайтарып бер дегенді естігенде салымыз да суға кеткендей. Билік өкілдері жоғары жаққа "бәрін баспанамен қарық қылдық" деп есеп беріп болған сыңайлы. Есеп-қисабын сәтімен өткізгеннен кейін оң қолымен бергенін сол қолымен қайтарып алмақшы. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындап жатқан жоқ", - деп күрсінді Бейбіт Төлекбаев.

Сертификат
Сертификат. Фото: KAZ.NUR.KZ

Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозов пәтерге сертификатты қателісіп бергенін айтып отыр.

"Құжаттарға мониторинг жасаған кезде оның баспанасы ауыл шаруашылығы мақсатында алынған жерде салынғаны анықталды. Яғни тұрғын үй саналмайды. Талапқа сәйкес келмеген соң сертификатты қайтаруға жұмыс істеп жатырмыз. Шығындарын өтеудің басқа баламалы жолдарын қарастырып қойдық. Аумағы 54 шаршы метр құралмалы үй немесе қоғамдық қордан 10 млн теңге бөлінеді. Ал қора-қопсыларды өтеу шығыны заңда қаралмаған", - дейді Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозов.

Ағайынды Төлекбаевтар Қостанай облысына іссапармен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен жолығып, мән-жайды түсіндірген. Министр де заңға өзгерістер енгізіледі, көмек-қолдаусыз қалмайды деп жұбатып кеткен.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2119203-qostanai-oblysynda-akimdik-su-tasqynynan-zardap-shekken-turgynnan-pater-aluga-berilgen-sertifikatty-qaitarudy-talap-etti/