Отарда комаға түскен сарбаз Алматыдағы әскери госпитальге ауыстырылды
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында комаға түскен қостанайлық сарбаздың жағдайы әлі де ауыр. Нұржігіт Әбділпатта қазіргі таңда Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпиталіне ауыстырылды. Ал ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы келісімшарт бойынша әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс аясында тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің портал тілшісіне берген жауабынан белгілі болды.
Ведомство өкілінің хабарламасына сүйенсек, Нұржігіт Әбділпаттаның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Сарбаз 17 маусымда Қордай ауданының орталық ауруханасынан Алматыға жеткізілді.
"17 маусымда сарбаз Алматы қаласы Әскери-клиникалық госпитіліне ауыстырылып, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сарбаз емдеу мекемесіне түскен кезде оның денесінен қандай да бір жарақат анықталмаған. Аталған оқиға бойынша Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы келісімшарт бойынша әскери қызметші кіші сержант Д.Т.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 451-бабының 1-бөлімімен (Билiктi асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сарбаздың сырқаттану себебі және оның күдіктінің әрекетімен себепті байланысы бар-жоғы тергеу барысында анықталады", - делінген жауапта.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында комаға түскен сарбаздың жақындары жанайқайын айтқан еді.
Кейін Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121060-otarda-komaga-tusken-sarbaz-almatydagy-askeri-gospitalge-auystyryldy/