Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Орманға апарып, көміп тастаймын": куәгер Гүлмира Сатыбалды жәбірленушіні қорқытқанын айтты

Жарияланған күні:

Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот отырысы
Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот отырысы. Фото: NUR.KZ/Айгерим Хамзина

Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сотта Baur Kazakhstan компаниясында сегіз жыл түрлі қызмет атқарған куәгер Батыржан Оразбаев сөз алды. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Куәгер Батыржан Оразбаевтың айтуынша, ол жәбірленуші Абай Жүнісовті анасының үйінен алып кетуге барған кезде сотталушылар Гүлмира Сатыбалдымен және Мәди Батыршаевпен көлікте бірге болған. Бұл кезде Гүлмира Сатыбалды "Ереке" немесе "Нұреке" деген біреумен телефон арқылы сөйлескен.

"Ол қазір "ойыншығы" бар жігіттер келетінін айтты. Менің ойымша, олар ойыншықты емес, қару-жарақты сөз етті", - деді ол.

Куәгердің сөзінше, айыпталушымен кездескен кезде Абай Жүнісовтің өзін ақтауға немесе бірдеңе айтуға мүлде мүмкіндігі болмаған. Прокурор одан: "Гүлмира Сатыбалдының "Мен сені орманға апарып, көміп тастаймын" дегенін естідің бе?" - деп сұрады.

"Иә, ондай сөзді естідім, ол жігіттерге бұйыратынын айтты", - деп нақтылады куәгер.

Бұдан бөлек Батыржан Оразбаев компаниядан не себепті кеткенін айтты.

"2019 жылғы ақпанда маған: "Жеткізуші немесе заңгер бол" деді, бірақ оған лайық білімім болмағандықтан, жұмыстан шығып кеттім. Бірақ жұмыс кітапшамды алған кезде, ақпан мен қазан айлары арасында мені заңгер ретінде тіркеп қойғанын көрдім. Бірақ жұмысқа бармадым, жалақы да алмадым", - дейді куәгер.

Еске салсақ, 2022 жылғы наурызда Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды ұсталғаны белгілі болды. Жемқорлыққа қарсы агенттік Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалдының Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бағытталған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйегінде Антикор Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Желтоқсанда Антикоррупциялық қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорындардың қатысу үлестерін заңсыз иемденудің екі дерегі, соның ішінде адам ұрлау фактісі бойынша тергеуді аяқтағанын айтты.

Сот тыңдауы Алматыда 15 мамырда басталды. Ол алқабилер сотынан бас тартқан болатын.

Сондай-ақ бұған дейін Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау барысында прокурор сотталушы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты айыптау актісін оқыды. Ол бірқатар ауыр қылмыс жасады деп айыпталғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121246-ormanga-aparyp-komip-tastaimyn-kuager-gulmira-satybaldynyng-zhabirlenushini-qorqytqanyn-aitty/