"Үйінен кетіп қалатын балалар көп": учаскелік инспектор қызметі туралы сұқбат берді
Жарияланған күні:
Үйдегі ұрыс пен түрлі ұрлық, одан қалды көшедегі қорлыққа бірінші жететін – учаскелік инспекторлар. Қылмыс азайды. Бірақ заң өкілдерінен әлі де көмек сұраушылар жоқ емес. Бүгінде тәртіп сақшыларын еркелігі мен қыңырлығы асқан жасөспірімдер мәселесі алаңдатып тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Фархат Нұрманов №2 Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы. Күні-түні дамыл таппай шапқылап жүретін 29 жастағы полиция инспекторының негізгі міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Фархат Нұрманов аумағындағы тұрғындармен тығыз байланыста болып, азаматтардың құқын қорғау, көмек көрсету істерінде белсенді қызметкерлердің бірі.
Айтуынша, күніне жоқ дегенде бес-алты қоңырау түседі.
"Өтініштермен хабарласатындар көп. Оның дені тұрмыстық жанжалға қатысты. Жолдасының ішімдік ішіп келіп, айқай-шу шығарғаны, тұрғын үйлердегі заңбұзушылық, көршілерінің тыныштығын бұзу дерегі бойынша қоңыраулар болады. Өткен жылдармен салыстырғанда қылмыс жасау дерегі азайды. Бірақ адамдар кез-келген келіспеушілікке полиция шақырады. "Ажырасамыз" деп шақыратындар бар. Арызын қабылдап, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Азаматтық сот арқылы арыз жазуға болатынын айтамыз. Баласымен жанжалдасып қалатындар бар. Әйелі қол көтеретін жағдайлар да жоқ емес. Ашуланып, қолына түскен затпен ұрып, күйеуінің басын жарып қоятындар бар. Олар әкімшілік жауапқа тартылады. Қазір интернет алаяқ жасау дерегі көп. Олармен полиция басқармасында арнайы топ жұмыс істейді", - дейді учаскелік инспектор.
Фархат Нұрманов 2022 жылдан бастап учаскелік полиция инспекторы. Ол құқық қорғау саласында 2019 жылдан бастап еңбек етеді. Фархат қызметте жүріп, соңғы кезде нені байқап жүргенін айтты.
"Қазір үйінен кетіп қалатын балалар көп. Әлеуметтік желінің әсері болар мүмкін. Ата-анасының қарапайым ескертуін көтере алмай, үйінен хабарсыз кетіп қалып жатады. Отбасына зерттеу жүргізсең, бәрі жақсы, тату. Бірақ осындай жағдайлар болады. Ата-анасына қатысты шағым айтатын балалар да бар. Жақында 17 жастағы қыз шағым түсірді. Үй жинамағаны үшін анасы ұрысып, далаға қуып жіберген. Анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Істі кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторларға бердік", - дейді полиция инспекторы.
Айта кетейік, бүгін – Қазақстан республикасының полиция күні. Кәсіби мереке ресми түрде 2007 жылы бекітілген. Мереке Қазақстандағы мейрам күндерінің тізіміне енгізілген.
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2122479-uiinen-ketip-qalatyn-balalar-kop-uchaskelik-inspektor-qyzmeti-turaly-suqbat-berdi/