Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанайдағы орман өрті: Біріккен араб әмірліктері көмек ретінде берген 1 млн доллар қайда кетті (фото)

Жарияланған күні:

өрт сөндіру көлігі
Өрт сөндіру көлігі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысында 2022 жылғы алапат орман өртінен кейін жасыл-желекті қалпына келтіруге Біріккен араб әмірліктері 1 млн доллар қаржы бөлген еді. Осы қыруар қаржы қайда кетті? Орман шаруашылықтарындағы техниканың 70 пайызының тозығы жеткен, не себепті ескі-құсқы көліктер жаңаланбайды? Бұл сауалдарға KAZ.NUR.KZ тілшісі жауап іздеді.

Қостанай облысы Әулиекөл ауданында орман өрті 2022 жылы 2 қыркүйекте сағат 15:10-да басталған еді. Оттың таралуына күннің ыстығы (30-35 градус) мен екпінді жел (20 м/с) әсер етті. Қызыл жалын әп-сәтте "Басаман" орман шаруашылығы мекемесі, "Семиозерное" орман шаруашылығы мекемесі және Әулиекөл ауданының бірнеше елді мекені – Аманқарағай және Озерное ауылдарының аумағына тарады.

Бес күнге ұласқан өрттен 40 мың гектар жасыл-желек отқа оранды. Соның 32 мың гектарында қарағай, көкқарағай мен қайың сыңсып тұратын. Тілсіз жау Әулиекөлдің асыл алқасы - Аманқарағай ораманының үштен екі бөлігін жайпап өтті. 91 тұрғын үй мен төрт шағын бизнес, бес жеке шаруашылық нысандарын өрт шалды. Жеке, заңды тұлғалар мен мемлекетке келген шығын – 22 млрд теңгеден асты.

Өртенген орман
Өртенген орман орны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Алапат өртке ел болып жұмылып, халық қолынан келген көмегін аямады. Eurasian Resources Group өрттің салдарын жоюға 1 млрд теңге бөлсе, Біріккен араб әмірліктері орманды қалпына келтіру жұмыстарына 1 млн доллар көлемінде қолдау көрсетті.

Көптің көкейінде осы "БАӘ берген ақша қайда кетті?" деген сауал тұр. Ақша бөлінгеніне екі жыл өтті. Толық игерілді ме, қайда жұмсалды деген сұрақты портал тілшісі Қостанай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Нина Федяйға қойды. Оның айтуынша, қырауар қражы тозығы жеткен техниканы жаңалауға емес, жасыл-желек егу шараларына жұмсалып жатқан көрінеді.

орманды қалпына келтіру
Орманды қалпына келтіру жұмысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Біріккен араб әмірліктерінен бөлген 1 млн доллар қаржыға Әулиекөл ауданындағы "Басаман" орман шаруашылығы мен Қостанай ауданындағы "Пригородное" орман шаруашығындағы екі базалық питомникке қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Басаман" орман шаруашылығындағы питомниктің жалпы аумағы 30 гектардан 53 гектарға ұлғайтылды, жылдық екпе өсіру 4 млн түптен 10 млн-ға көбейеді. Ал "Пригородное" орман шаруашылығында питомниктің аумағы 12 гектарға кеңейтіліп, 1,5 млн түп қайың көшетін өсіру қолға алынды. Сондай-ақ арабтардың қаржысына питомниктерге арналған техника мен құрал-саймандар сатып алынды. Ақшаның 300 млн теңгеге жуық сомасы игерілді", - дейді Қостанай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Нина Федяй.

Көп естігеннен бір көрген артық. Портал тілшісі Әулиекөл ауданы "Басаман" орман шаруашылығына ат басын тіреді. Кәсіпорын басшысы Рүстем Ахметов қайта жаңғыртылған питомникке әкелді. Екпелер мен көшеттер отырғызатын алқапта қызу жұмыс жүріп жатыр. 41 жұмысшы жабылып, тұқымнан өсіп шыққан қылтанақтай қарағайды арам шөптерден тазалап жатыр.

орман шаруашылығындағы жұмысшылар
Орман шаруашылығындағы жұмысшылар. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ыстықта жұмыс істеу қиын. Алайда орманымыз үшін деп бар ықыласымызды саламыз. Екпені абайсызда сындырып алсақ уайымдаймыз" - дейді "Басаман" орман шаруашылығының жұмысшысы Виктория Петренко.

"Басаман" орман шаруашылығы жасыл желек егумен 50 жылдай айналысып келеді. Жылына екі-үш гектар жерге ғана қайың мен қарағай тұқымын сеуіп, көшеттер өсіретін. Ал биыл 6 гектар алқапты игеріпті. Келер жылы 10 гектарға ұлғайтпақшы. Жоспар бойынша жылына 10 млн екпе өсіруі қажет. Мұның бәрі Біріккен араб әмірлігінің орманды қалпына келтіруге бөлген қаржысының арқасы дейді мамандар.

қарағай
Қарағай. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Биыл суару жүйесіне ақша бөлді, аздап жаңа техникалар сатып алдық. Мұның бәрі питомник жұмысын жеңілдетті. Бұрын трактормен суарушы едік. Қолайсыз, әрі шығыны көп болды. Ал биыл аз да болса қазіргі заманға сай құрылғылар келіп жатыр" - дейді "Басаман" орман шаруашылығындағы питомник жетекшісі Василий Белов.

Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржысына қайыңның бүрлерінен тұқым жинайтын кептіргіш құрылғысы, су сорғыш станциясы, көшеттерді суару жүйесі секілді агрегаттар сатып алған.

Питомниктен шығып орманға келгенде көңіл құлазиды. Өйткені осы жас көшеттер мен жайқалған орманды қорғау, өндеумен айналысатын техниканың 70 пайызының тозығы жетіп тұр. 60-70-80-ншы жылғы ескі көліктердің пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.

"Техниканың бәрі жүріп тұр, бірақ кез-келген уақытта істен шығуы мүмкін. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Былтыр ГАЗ-66 көлігінің базасында жасалған машина алып берді. Енді жаңа өрт сөндіру көлігі қажет", - дейді "Басаман" орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Рүстем Ахметов.

Питомниктерді қайта жаңғыртқан жөн, алайда сол жас көшеттерді орманға отырғызған соң оларды күтіп-баптап, қорғау қажет. Бұл жұмыстар техника күшімен атқарылады. Мәселен өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында орманды алқаптардың жан-жағындағы жерді жыртып тастау үшін тракторлар қажет, цистерналарға су толтырып қою үшін су тасымалдайтын техника керек, ең бастысы патрульдік және өрт сөндіру көліктері сақадай сай тұруға тиіс. Қостанай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінде облыстағы орман шаруашылықтарындағы 149 патрульдік көліктің 114-нің пайдалану мерзімі өткен, 80 трактордың 74-і ескірген. Механизаторлар жөндеп алып, әупірімдеп жүріп жүр.

Өрт сөндіру көлігі
Өрт сөндіру көлігі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Басаман" орман шаруашылығындағы жалғыз өрт сөндіру көлігі орынынан әрең қозғалады. От лап етсе тозығы жеткен көлікпен жеткенше уақыт оздырып алары сөзсіз.

2022 жылы алапат орман өртін ауыздықтауда кеткен қателіктерді техниканың ескілігінен де көргендер болды. Бұл да сабақ болмаған ба? Бұл сұраққа Қостанай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Нина Федяй жауап берді.

"Былтыр облыстағы ораман шаруашылықтарына техника сатып алуға мемлекеттік бюджеттен 3 млрд теңге, биыл 1,5 млрд теңге бөлінді. Көптеген техника сатып алдынды", - дейді Нина Федяй.

Бірақ мұның өзі әбден тозығы жеткен автопаркті жаңалауға жетпей жатқаны анық.

Алапат орман өртінен соң мемлекеттік орман қорғаушылардың жалақысын екі есеге өсірген. Ал механизаторлар және тілсіз жаумен күресіп өмірін қауіп-қатерге тігіп жүрген өрт сөндірушілердің еңбекақысы 130-135 мың теңге шамасында қалған.

орманды тазалау жұмыстары
Орманды тазалау жұмыстары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Сондай-ақ орманды жанған ағаштардан тазалау жұмыстары жалғасып жатыр екен. 690 мың текше метр ағаш кесіп, ағаш өндейтін кәсіпорындарға 2,5 млрд теңгеге сатқан. Ақшаның 1 млрд теңгесі орман шаруашылықтарының бюджетіне түссе, қалған 1,5 млрд теңге табиғатты пайдалану шығыны есебінде мемлекет қазынасына өткен. Жанған ағаштардың сапалысының бір текше метрінің құны диаметріне қарай 1,5 мың теңгеден 8,5 мың теңге шамасында. Отындықтың бір текше метрі - 1200 теңге. Ағаштардың сапасы жыл өткен сайын кеуіп, жарылып, нашарлай түседі. Бүгінде күйген қарағай мен қайыңдарды құрылыс материалдары үшін алып жатса, алдағы жылдары мұндай коммерциялық мақсатқа жарамай да қалуы мүмкін. Отындыққа ғана сатылып, құны да түсіп кетері сөзсіз.

Мамандардың сөзінше, 32 мың гектар отқа оранған ағашты кесіп, тазалау үшін ең кемі бес жыл уақыт қажет. Бүгінде жанған ағаштардың 30 пайыздайы тазаланған. Ал жасыл-желек қайта қалпына келуі үшін ондаған жылдар кетеді. Биыл қайың мен көктеректер өздігінен көктеп шыға бастапты. Ал қарағайдың тұқымын жарып шығуына жауын-шашынды ауа райы қажет. Болмаса орманшылар питомникте өсірген көшеттерді отырғызады.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

орман
Көшеттер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2122716-qostanaidagy-alapat-orman-orti-birikken-arab-amirlikteri-komek-retinde-bergen-1-mln-dollar-qaida-ketti-foto/