"Отбасының асыраушысы әрі қорғаушысы": Байжановтың әйелі оны жазаламауды сұрады
Жарияланған күні:
Салтанат Нүкенованың өлімі туралы хабарламағаны үшін сотталған Бақытжан Байжановтың жұбайы апелляциялық сотта күйеуін қорғап шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Байжановтың жұбайы әрі қоғамдық қорғаушы Айнұр Көлдеева адвокаттарынан кейін бірден сөз сөйледі.
"Мен адвокаттарды толық қолдаймын. Байжановқа қатысты айыптау қорытындысы оның өз айғақтарына негізделген. Алайда бұл айыптау актісінде Байжанов аса ауыр қылмыс туралы білді деген тұжырым бар, дегенмен бұл ешқандай дәлелсіз болжамдар бойынша жасалған тұжырым.
Байжанов екеуміздің кішкентай балаларымыз бар. Отбасының жалғыз асыраушысы әрі қорғаушысы Байжанов дәлелденбеген айыппен темір тордың арғы жағында отыр. Мен декреттік демалыстамын, жұмысқа шығуға мүмкіндігім жоқ, несие, ипотекамыз бар. Биыл тұңғышымыз мектепке барады, қаржы мен бала тәрбиесі менің мойныма түсті", - дейді әйелі.
Сондай-ақ ол тұңғыш баласына екі рет наркозбен ота жасалғанын айтты.
"Бұл оның денсаулығына қатты әсер етеді, оның иммунитетін қалпына келтіру үшін үнемі қадағалап отыру керек", - деді Байжановтың әйелі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2124450-otbasynyng-asyraushysy-ari-qorgaushysy-baizhanovtyng-aieli-ony-zhazalamaudy-surady/