"Самұрық-Қазына" қоры 400 балаға қуаныш сыйлады
Жарияланған күні:

Биыл су тасқыны болған өңірлер мен Қордың өңірлердегі өндірістік кәсіпорындарынан көпбалалы және аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан 10 жастан 15 жасқа дейінгі 400 бала танымал мәдени-тарихи орындарын аралайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ
"Туған елге саяхат" қайырымдылық жобасы аясында "Самұрық-Қазына" қоры және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен балалар Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңыр аймақтарындағы танымал мәдени-тарихи орындарына барады.
12 күн ішінде балалар қалаларға барып қана қоймай, қоршаған ортаға жанашырлық таныту мен жаңа экологиялық дағдыларды меңгереді.

"Самұрық-Қазына" қоры "Таза Қазақстан" республикалық акциясын белсенді түрде қолдап, осы жылдан бастап балаларға экологиялық әдеттер мен дағдыларды дамыту, қоқысты сұрыптау бойынша оқыту шараларын ұйымдастырып келеміз. Бұл іске "Туған елге саяхат" жобасы да үн қосып отыр. Биыл қатысушылардың жартысы - әкімдіктердің берген тізімі бойынша су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің балалары, қалған жартысы - Қордың өндірістік кәсіпорындарының балалары. Жалпы бұған дейін "Самұрық-Қазына" тобы су тасқыны салдарымен күреске 22 млрд теңгеден астам қаражатты бағыттаған болатын", - деді Қор басшысы Нұрлан Жақыпов.

"Таза Қазақстан" акциясын қолдау аясында пойыз вагондарына тұрмыс қалдығы түрлеріне байланысты арнайы контейнерлер орнатылды. Осылайша жол бойы балалар алған білімдерін зерделеп, экологиялық дағдыларды дамыта түседі.

Жобаның екінші маусымы 24 шілдеде басталып, балалар осы белгіленген бағытпен сапарлайды.
"Самұрық-Қазына" қорының әлеуметтік жобалары аясында жыл сайын жарты миллионнан астам қазақстандыққа қолдау көрсетіледі. Оның 97 мыңы – балалар мен аналар.

Еске салсақ, "Туған елге саяхат" жобасы "Самұрық-Қазына" компаниялары тобының атынан "Samruk-Kazyna Trust" қайырымдылық қоры жүзеге асыруда. Алтыншы мәрте жолға шыққан саяхат пойызы арқылы бұған дейін 5 жылда 3 мыңға жуық балаға жолдама берілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2125320-samuryq-qazyna-qory-400-balaga-quanysh-syilady/