KAZ.NUR.KZ басшысы: Әр жаңалықты үш електен өткізу керек
Жарияланған күні:
Читать на русскомБиыл NUR.KZ IT-компаниясына 15 жыл толды. Осы уақыт аралығында IT-компания еліміздегі қазақ тілінде ең көп оқылатын жаңалықтар порталының бірін қалай құрғанын, редакция ұжымы үздіксіз эксклюзив контентті қалай жасайтынын және журналистикаға енді қадам басқан жас маман нені білуі керек екені туралы KAZ.NUR.KZ басшысы Жұлдыз Кенжеғалиеваның сұқбатынан оқыңыз.
– Жұлдыз, KAZ.NUR.KZ командасы туралы айтып өтсеңіз, порталда алғашында қанша адам жұмыс істеді, қазір қазақ тілінде контент жасаумен қанша маман айналысады?
– KAZ.NUR.KZ командасына 2015 жылы қосылдым. Ол кезде редакцияда мені есептемегенде тек үш қызметкер болған. 24 жаста ғана едім, жастығыма және тәжірибемнің жоғына қарамастан ұжым мені редакторлық қызметке өте жылы қабылдады, осылайша мен командамен бірге тез дамып, өсе бастадым.
KAZ.NUR.KZ қосалқы домені пайда болғанға дейін мақалалар сайттың орыс тілді нұсқасында жарияланды. KAZ.NUR.KZ қазақ тіліндегі жеке сайт ретінде 2011 жылы жұмысын бастады. Мен командаға келген кезде KAZ.NUR.KZ сайты орыс тіліндегі нұсқасынан ерекше эксклюзивті мазмұны бар, қазақ тіліндегі жеке ақпараттық ресурс ретінде танылып қалған. Шағын ұжым болсақ та, қазақ тіліндегі контентті дамытуға бар күш-жігерімізді салып, интернет кеңістікте орыс тіліндегі жаңалықтардың толассыз ағынымен бәсекеге түсуге тырыстық. Бізде "демалыс күні" немесе "жұмыстан тыс уақыт" деген түсінік жоқ еді, өйткені бізге аудиторияға жаңалықтарды шұғыл жеткізу маңызды болды. 2015 жылы Алматыда түнгі сағат үште сел жүрді, редакцияда ешкім ұйықтаған жоқ, өйткені біз болмасақ, оқырмандарымызды елдегі және әлемдегі оқиғалардан кім хабардар етіп отырар еді?
Қазір жасым 33-те, 10 жылға жуық уақыт ішінде редакторлықтан порталдың басшысына дейін өстім, алғашында бір-екі адам ғана жұмыс істеген редакцияда бүгінде 20 адамнан құралған толыққанды кәсіби мамандар отыр. Әріптестерім ұжымды қазақ тіліндегі ең көп оқылатын порталдардың бірі деп мақтанышпен айта алады. Редакция ұжымынан бөлек, өңірлердегі маңызды оқиғаларды жедел хабарлап отыратын тілшілеріміз де бар. Елімізде су тасқыны басталғанда бұл мәселеге жұртшылықтың назарын бірінші болып біздің журналистер аударды.
KAZ.NUR.KZ сайтын ай сайын миллиондаған адам оқиды. Ең көп оқылатын мақалаларымыз жүздеген мың қаралымға ие, ал эксклюзивтеріміз қоғамда резонансқа айналады.
– Ал бүгінде редакция нені мақтан тұтады?
– Біртұтас, мықта команданы мақтан тұтамыз. Себебі әріптестерім ақпаратты сенімді дереккөзден алу маңызын түсінеді, фактчекинг жүргізуді, ақпаратты жылдам тауып, таратуды, және эксклюзив материалдар жазуды біледі. Былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында біз осындай 1200-ге жуық материал шығардық. Олардың қатарында Қаңтар оқиғасы бойынша сот процестері, Костенко атындағы шахтадағы төтенше жағдай, Абай ауданындағы орман өрті, Алматыдағы хостелдегі және Ақкент шағынауданындағы өрт сияқты маңызды оқиғаларды көрсету ғана емес, сонымен қатар ерекше тұлғалармен эксклюзив сұқбаттар. Біз сондай-ақ ауыр дертті емдеуде қолдауды қажет ететін балалар мен ересектерге қаржылай көмектесу туралы материалдарды үнемі жариялап отырамыз.
Біз порталда жарияланған ақпараттың сенімділігі мәселесіне байыппен қараймыз. Редакцияның 80 беттен тұратын толыққанды редакциялық саясаты бар, онда "Масс медиа туралы" заңға, журналистік этикаға, кәсіби шеберлікке баса назар аударылады. Жақында біз командадағы ең тәжірибелі қызметкерлердің күшімен арнайы видеокурсты іске қостық. Енді жаңа қызметкерлер өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта курсты оқып, біліктілігін арттыра алады.
– KAZ.NUR.KZ журналистері мен редакторларының жұмысы туралы айтсаңыз.
– Қазақтілді редакция да орыстілді редакция секілді коронавирус пандемиясы кезінде қашықтан жұмыс істеуге көшті. Содан бері бүкіл команда қашықтан жұмыс істейді. Қызметкерлер әлемнің кез келген жерінен жұмыс істей алады. Ең бастысы – жаныңда ноутбук пен жылдам интернет болса болғаны. Біздің командада Қазақстанның түрлі қаласында тұратын қызметкерлер, сондай-ақ күнделікті жұмысқа барып-келуі қиынға соғатын ерекше қажеттілігі бар қызметкерлер де бар. Қашықтан жұмыс істеу форматына қарамастан, біздің команда апта сайын видеоконференция арқылы кездесу өткізіп, жоспар құрамыз, аудиторияға ақпаратты сауатты, бірегей және қызықты етіп ұсынуға қатысты пікірталас өткіземіз.
Бізге команданың әр мүшесінің кәсіби тұрғыда дамуы ғана емес, үздік қызметкерлерді ынталандыру да маңызды. Ұжыммен дәмханаларда, мейрамханаларда жиі кездесу ұйымдастырып, қызметкерлерге алғыс хат, сертификаттар мен мақтау қағаздарымен марапттаймыз. Редакторлар компания атынан баспасөз турларына жиі қатысады. Мысалы олар Оңтүстік Корея, БАӘ, Қытай, Грузия және Египет сияқты елдерге барып, көріп келді.
Редакцияда таңғы 7-ден бастап түнгі 12-ге дейін қызу жұмыс жүріп жатады. Біздің ұжым қазақ тілінде үздіксіз контент жасайды, демалыс және мереке күндері де оқиғаларды қамтуға тырысады. Оның ішінде елдегі және әлемдегі өзекті жаңалықтар, сан алуан тақырыптағы танымдық мақалалар, эксклюзивті сұқбаттар мен репортаждар бар. Біз күніне 80-нен астам материал шығарамыз.
– Журналистикаға енді қадам басқан редакторлар мен тілшілерге қандай кеңес бересіз?
– Сократтың үш елек туралы тәмсілін естіген боларсыздар, онда философ айтар ойды үш електен өткізу керек деп айтады. Алдымен шындық елегінен өткізу керек, яғни, айтар нәрсеңіз рас па, өтірік пе? Оны білмесеңіз келесісі – мейірім елегінен өткізуге тиіссіз. Айтар нәрсеңіз жақсы ма? Егер жақсы сөз болмаса, үшінші електен өткізіп көріңіз, ол – пайда елегі. Сіздің айтқаныңызды барлығы естуі керек пе? Ал айтайын дегеніңізде не шындық, не мейірім, не пайда болмаса, оны неге айтасыз?
Журналистерге де ақпаратты үш електен өткізіп, жарияланған ақпараттың шынайылығы мен пайдасын түсіну үшін сыни ойлай білуі қажет деп ойлаймын. Рейтинг пен қаралым жинау жарысында БАҚ төртінші билік екенін есте ұстағаны жөн және қолында белгілі бір билігі бар екенін ұғыну қарапайымдылық пен оқырман алдындағы парызбен үйлесуі керек.
Мансабын енді бастаған барша журналиске есте қаларлық жарқын, сенсациялық эксклюзивтер, сондай-ақ жұмысыңызға риза оқырмандар тілеймін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2125515-kaz-nur-kz-basshysy-ar-zhangalyqty-ush-elekten-otkizu-kerek/