Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағанды облысының тұрғындары 30 градус ыстықта ауыз сусыз қалды (видео)

Жарияланған күні:

Су тапшылығына наразы халық. Видеодан кадр
Су тапшылығына наразы халық. Видеодан кадр: КТК арнасы

Қарағанды облысындағы Дубовка ауылының тұрғындары 10 күннен астам ауыз сусыз отыр. Қызмет көрсететін компания мұның себебі ескірген желілерде екенін айтты, деп хабарлайды "КТК" телеарнасының сайты.

Телеарна мәліметінше, Саран маңындағы Дубовка ауылының тұрғындары бір аптадан астам ауыз сусыз отыр. Тұрғындар балаларын туыстарының үйіне апарып шомылдыруға мәжбүр. Себебі бірер литр су алу үшін түнімен көз ілмеуге тура келеді.

"Түні бойы жүріп бес литр су алсам, соның өзі жақсы. Алайда екі литрдің өзі әзер шығады. Бәріміз ұйықтамай суды күтіп отырамыз. Суды бөтелкемен сатып аламыз. Кір жуып, үй жинамаймыз, тек ішуге және тамаққа қолданамыз", - деді ауыл тұрғыны Мадина Ұлтанова.

Светлана Водолажская суды барлық ыдысқа жинап қойып, бірден бірнеше тұрмыстық жұмыстарға қолданатынын айтады.

"Тіпті жаңбыр жауғанда бақшаны суарып, иттерге су беру үшін бөшкелерді қойып қоямыз. Жаңбырда біз су жинаймыз. Аптасына бір рет су тасымалдаушы келеді. Бір аптаға жеткізуге тырысамыз. Кір жуып жатып сол сумен балалардың, күйеуімнің аяқ киімдерін тазалай аламын", - дейді Светлана.

Шенеуніктер су мәселесі қатты ыстықтан туындап отырғанын айтады. Саран мен жақын ауылдарды сумен қамтамасыз ететін коммуналдық компания бұл мәселеден хабардар, олар жазда су тұтыну 10 есе өскенін алға тартып отыр. Мамандар тұрғындардан суды үнемдеп пайдалануды сұрайды.

"Бұл ауыл жеке сектордың бір тармағы, қыста сағатына 20 текше метр су тұтынады. Қазір ең жоғары көрсеткіш, сағатына 200 текше метр көрсетіп тұр, яғни су он есе өскен. Бұл ауылда коммуникациялар ескі.

Биыл әкімдік бағдарламасы бойынша оларды ауыстырады. Содан кейін жағдай жақсарады. Оған қоса, кенттің алдына қосымша сорғыны қоямыз", - деді "СараньКоммунСервис" КМК директорының орынбасары Мадияр Сыздықов.

Саран қаласы мен оның маңындағы ауылдардың су желілерін жаңартуға 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Оның жартысына жуығын биыл игеру жоспарланып отыр. Сондай-ақ билік өкілдері Дубовкадағы алты шақырымдық құбырды жөндеуге уәде беріп отыр. Мұнда қосымша су қоймасын салу да жоспарланып отыр.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2127243-qaragandy-oblysynyng-turgyndary-30-gradus-ystyqta-auyz-susyz-qaldy-video/