Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Гүлмира Сатыбалды соты: куәгерлер кейін қайтыс болған маскүнемнің атына компания қалай тіркелгенін айтты

Жарияланған күні:

Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот отырысы
Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот отырысы. Фото: NUR.KZ/Айгерим Хамзина

Алматыда Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Baur Kazakhstan ұйымының бұрынғы заңгері Дінмұхамед Жұмаділда бүгін сотта жауап берді, деп хабарлайды сот залынан KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сотта куәгер Baur Kazakhstan АҚ құрамындағы BAUR Development Group ЖШС (құрылтайшылары Гүлмира Сатыбалды мен жәбірленуші Абай Жүнісов болған компания – ред. ескертпесі) Мұқашевтың атына қалай өткенін айтып берді. Бұған дейін серіктестіктің директоры Нұрлан Досқали болған.

"2020 жылғы желтоқсанда Нұрлан Досқали маған хабарласып, BAUR Development Group компаниясымен хат алмасқанын, мәміле бойынша бірге баруымды сұрады. Нотариус офиске келсін дедім. Сол кезде Мұқашев белгісіз екі адаммен келді. Сосын олар "міне – сатып алушы" деп оның жеке куәлігін алып, нотариусқа апарып, келісімшартқа сол жерде қол қойды", - деді куәгер.

Сонымен қатар куәгер BAUR Development Group компаниясын нақты кім басқарғанын білмейді. Бұдан кейін жәбірленушінің өкілі куәгердің Мұқашевтың бұрын сотталғанын және ұзақ мерзімге жазасын өтегенін, сондай-ақ нақты тұрғылықты жері жоқ екенін біле ме, жоқ па деп сұрады. Жұмаділда Мұқашевтың соттылығы туралы мен кейінірек білдім дейді.

"Ол кеңсеге келгенде, ұқыпты жинақы киіммен болды. Ешқандай кұдік туғызбады. Кейін оның базада тұрғанын білдім", - деп жауап берді.

Олар Мұқашев туралы өткен сот отырысында сөз еткен. Одан кейін 2014 жылдан бері Baur Kazakhstan құрамына кіретін компанияларда түрлі лауазымдарды атқарған куәгер Талант Ермаханнан өлімі туралы айтты. Куәгер Мұқашевқа өндірістік базада төсек дайындап беру туралы тапсырма берілгенін айтты.

"Осыған дейін де базада бір-екі рет болдым, оған Досқали Нұрланның атынан тамақ бердім де, бір айға жуық уақыт өткен соң мен оны нотариуске апарып келдім. Қайтадан базаға апардым. Мұқашевпен бірге тағы бір адам бар еді, екеуі де маскүнемдікке бейім және жиі ішетін адамдар екені мені таңғалдырған еді.

Арада 1-2 күннен кейін қойма меңгерушісі Бауыржан Момышев телефон соғып, Мұқашевтың ауырып жатқанын айтты. Екі сағаттан кейін маған Нұрлан Досқалидың өзі телефон соғып, Мұқашевтың қайтыс болғанын хабарлады.

Мен қала сыртында болдым, келе алмайтынымды айттым. Артынша Момышев Жұмаділданың келгенін (ол кезде Baur Kazakhstan адвокаты – автордың ескертпесі) жедел жәрдем күтіп тұрғанын айтты. Ары қарай білмеймін", - дейді Талант Ермахан.

Куәгерге сұрақ қойған жәбірленушінің өкілі нотариусқа барған кезде Мұқашев BAUR Development Group компаниясының директоры болғанын атап өтті. Мұқашевтың өзі бұған дейін істі болып, 10 жылдан астам мерзімге сотталған. Куәгер бұл туралы ештеңе білмейтінін айтты.

Еске салсақ, 2022 жылғы наурызда Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды ұсталғаны белгілі болды. Жемқорлыққа қарсы агенттік Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалдының Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бағытталған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйегінде Антикор Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Желтоқсанда Антикоррупциялық қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорындардың қатысу үлестерін заңсыз иемденудің екі дерегі, соның ішінде адам ұрлау фактісі бойынша тергеуді аяқтағанын айтты.

Сот тыңдауы Алматыда 15 мамырда басталды. Ол алқабилер сотынан бас тартқан болатын.

Сондай-ақ бұған дейін Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау барысында прокурор сотталушы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты айыптау актісін оқыды. Ол бірқатар ауыр қылмыс жасады деп айыпталғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2128896-gulmira-satybaldy-soty-kuagerler-keiin-qaitys-bolgan-maskunemning-atyna-kompaniia-qalai-tirkelgenin-aitty/