Қытай ғалымдары Қазақстанда картоптың жаңа сұрыбын өндіруге қатысты зерттеу жүргізіп жатыр (фото)
Жарияланған күні:
Қостанайда ғалымдар картоптың қазақ-қытай сұрыбын өндірмекші. Бүгінде жергілікті жеке қожалықта Қытайдан әкелінген элиталық картоп сұрыптарына тәжірибе жасап жатыр. Аспан асты елінен келген магистранттар екі айдан бері егістік басында жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Көкөніс егумен айналысатын серіктестік әдетте егістікке картоптың голландиялық сұрыбын егетін. Биыл алқаптың бір бөлігіне Қытайдан әкелінген элиталық ақтүйнектің тоғыз түрін салыпты. Бұл өсімдіктердің сырт пішіні жергілікті өнімге ұқсас көрінгенімен сапа жағынан айырмашылығы көп дейді мамандар. Қытайдың тұқымдық картобының диаметрі 2-3 сантиметр ғана. Олар зертханада биоинженериялық, яғни жасанды жолмен өсірілген. Мұндай әдіс өсімдікті әртүрлі жұқпалы аурулардан қорғау үшін қолданылады. Тәжірибеханада жасалғандықтан мамандар оның сапасына күмәндана қарағанын жасырмайды. Жіті зертханалық зерттеулерден өткізген. Құрамынан ешқандай ауыр металл не генетикалық түрлендірілген ағзалар табылмаған. Сондай-ақ аспан асты елі картоптың салқын ауа райына төзімді күздік сұрыптарын да өсіреді. Бұл еліміздің солтүстік облыстарында екі мезгіл өнім алуға септігін тигізуі мүмкін.
"Қытайда картопты жылына үш-төрт рет егеді. Сондықтан олардың өнімі ұзақ мерзімге сақталмайды. Қоймада төрт ай ғана ұстауға болады. Ал біздің солтүстік өңірлерде қыс алты айға созылады, өнімді жылына бір рет қана жинаймыз. Осыған орай, көкөністің жеті айға дейін сақталатын сұрыбын өсірумен айналысамыз. Қытайда картопты қысты күні де өсіреді екен. Күздігүні отырғызатын сұрыптары бар. Келешекте осы екі елдің картоптарына селекциялық жұмысты бірге жүргізіп, жаңа сұрыбын өндірсек деген мақсат бар. Бұл картоптың қазақ-қытай сұрыбы болады", - дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы факультетінің деканы Алмабек Нұғыманов.
Картоптың жаңа сұрыбын бірлесіп жасауға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік өңірлік университеті мен Қытай Халық Республикасының солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы университетінің ғалымдары кіріскен. Екі білім ордасы арасындағы байланыс "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында жүзеге асуда. Қостанайлық ғалымдар ақпан айында аспан асты еліне барып зерттеулер жүргізіп, жергілікті жерде өсіруге жарамды деген элиталық сұрыптарына таңдау жасаған. Ал олардың өсіп-өнуін екі ел агрономдары бақылап отыр. Қытайдан осы картоптарға биологиялық зерттеулер жүргізу үшін магистранттарды аттандырған. Олардың егістік басында жүргеніне екі ай болды.
"Қытайдан әкелінген элиталық тұқымдар бұл жақта әлсіз көрінеді, баяу өсіп жатыр. Картоп сабақтары да аласа. Климаттық айырмашылық сезіледі. Топырақ, ауа райы, суы бәрі де әсер еткен сыңайлы. Жалпы, екі елдің картоптарының түрі, түсі, дәмі де ұқсас. Тек әртүрлі әзірлейді", - дейді Қытай солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы университетінің магистранты, агроном Танг Жонгянь.
Тәжірибе үш жылға созылмақшы. Әуелі қытайлық сұрыптарды жергілікті шаруа қожалығының егістігінде өсіріп көреді. Содан соң жерсінгенін селекциялық мақсатқа таңдап алмақшы.
"Биыл қытайлық сұрыптардың ішінен мол өнім беретінін таңдап аламыз. Сондай-ақ қай сұрып қалай өседі деген сияқты мәліметтерді жинақтаймыз. Содан соң мол өнім бергендерін әрі қарай селекциялық жұмысқа қолдану ойда бар. Бұл алдағы екі жылда атқарылатын шаруа", - дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Ауыл шаруашылығы факультетінің докторанты Меруерт Меделбек.
Мамандар қазақ-қытай жаңа сұрыптарын шығару арқылы ас атасы наннан кейінгі азықтың өзіндік құнын арзандатуды көздеп отыр. Әртүрлі жұқпалы ауруларға төзімді, суаруды аса қажет етпейтін жаңа сұрып жасауға күш салмақшы. Себебі түрлі зиянкестерден химиялық өндеу мен арнайы агрегаттар мен техникалар арқылы суару жұмыстары өнімнің бағасын шарықтатып жібереді. Екі ел ғалымдары картоптан бөлек бидайдың тоғыз түрлі сұрыбына, жүгерінің үш түріне, қытай бұршағы – сояның төрт сұрыбына, рапс пен мал азығы саналатын жоңышқа сұрыптарына да тәжірибе жасап жатыр. Алғашқы нәтижелері осы күзде белгілі болады.
Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2129673-qytai-galymdary-qazaqstanda-kartoptyng-zhanga-surybyn-ondiruge-qatysty-zertteu-zhurgizip-zhatyr-foto/