Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атауын қайтарғаны дұрыс болды": Астанаға қыдырып келген қазақстандықтар бас қала туралы пікірін айтты

Жарияланған күні:

Астана көрінісі
Есіл жағасындағы әсем қала. Көрнекі сурет: pixabay.com

6 шілде Қазақстанда мемлекеттік мереке – Астана күні атап өтіледі. Жыл сайын елордаға осы күнді тойлауға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар ағылады. KAZ.NUR.KZ тілшісі Астана көшелерінде жүрген қала тұрғындары мен қонақтарынан бұл мерекені қалай атап өтетінін сұрап білді.

Астана күнін елордада тойлау үшін республиканың түкпір-түкпірінен келгендер көп. Портал тілшісіне жолыққандардың көпшілігі – қала қонақтары.

Мәселен Жүзімгүл Іздібаева Алматыдан келген, ол қала ерекше ұнағанын айтады.

"Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Астана – қиял-ғажайып ертегідей қала екен. Аралап көріп жатырмыз, керемет екен. Алматы қаласынанмын. Астанамыз – тәуелсіздіктің символы ғой. Сондықтан бұл күнді асыға күтеміз. Астана күні – біз үшін тәуелсіздігіміздің, дамуымыздың көрінісі іспетті", - дейді ол.

"Бәйтерек" монументі
Астанадағы "Бәйтерек" монументі. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ернұр Бердиев Семейден Астанаға еңбек демаласында келіпті. Ол енді бас шаһарға көшіп келуді армандайды.

"Семей өңірінің тумасымыз. Әйеліміз екеуміз Астана күніне орайластырып, елордаға келдік. Алғашқы келуіміз. Бізге қатты ұнап жатыр. Атауының өзі қандай. Осы жерден үй алып, осы қалаға көшіп келгіміз келеді", - деді ол.

Қостанай облысынан елордаға үш жыл бұрын көшіп келген Ақжібек Әубәкірова бас қалаға арман қуып келген.

"Астанада тұрып жатқанымызға үш жыл ғана болды. Қостанай облысы Арқалық қаласынанбыз. Астана – көрікті, көркем қала. Астана – армандар орындайтын ғажайып қала деп айтып жатады ғой. Армандарымыз орындалса деп ойлаймыз, осы жерден баспаналы болып, өсіп, өркендеп, орнығып қалсақ деп армандаймыз, - дейді ол.

Елорда
Астана. Көрнекі фото: Рixabay.com

Астана күнін тойлауға ат арытып келген қазақстандықтардың бірі – Мейрамгүл Қыдыралиева.

"Астана күнін тойлауға Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан келіп қалдық. Астананың барлық жері ұнайды. Бәйтерекке былтыр шықтым, Ханшатырға да келдім. Астананың әсем жерлерін аралап бола алмай жатырмын. Мен Кеңес одағы кезінде туғанмын. Біздің кезімізде Целиноград болды, одан Астана болды, одан Нұр-Сұлтан. Осы атауын қайтарғандары жақсы болды. Астана – бар қазақтың астанасы. Қазақстандықтар Астананы жақсы көреді деп ойлаймын", - дейді ол.

Гүлназ Жаңабек – Букетов атындағы Қарағанды университетінің студенті, ол үш ай демалыста Астанаға келіп, жұмыс істеп, ақша тауып, көрікті жерлерін аралайтынын айтады.

"Шымкентте туғанбыз. Қарағанды қаласында оқимыз. Жазда үш ай бойы жұмыс істеуге келеміз. Соңғы кездері оңтүстіктің адамдар көбейіп кеткеннен кейін бе күн де жылынып, менталитеті жұмсарып, ашық-жарқын болып кеткен сияқты", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2129817-atauyn-qaitargany-durys-boldy-astanaga-qydyryp-kelgen-qazaqstandyqtar-bas-qala-turaly-pikirin-aitty/