Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қызық жағдайлар көп болады": Астанамен аттас келіншек ерекше оқиғасын айтып берді

Жарияланған күні:

Астанай Темірова фото
Астанай Темірова: Фото: жеке мұрағатынан

Атыраулық Астанай Темірова 1998 жылы 10 маусымда дүние есігін ашқан. Осы себепті де оның есімі бас қаламыздың құрметіне қойылған. KAZ.NUR.KZ тілшісі есімі ерекше арумен сұқбаттасты.

Ол есімінің тарихын айтып берді.

"Менің дүниеге келуім мен есімімнің қойылуы еліміздің тарихымен біте қайнасып жатыр. 1998 жылы 10 маусымда ел болып елордамыздың тұсаукесер тойын тойлап жатқан кезде мен дүние есігін ашқан екенмін. Сол күні перзентханадағы анама ауданға танымал азамат, бізбен құдандалы болып келетін Мақсым Елеуов деген кісіден ашық хат келіпті. Хатта: "Құрметті Темір, Рая дүниеге келген перзенттеріңнің есімін елордамызбен бірге өссін, өркендесін деген ниетпен Астанай деп қоюды міндеттемеймін әрі ұсынамын", - деп жазып жіберген екен. Сосын ата-анам алғашқыда қызық көріп, кейін əжемнің келісімімен осы ерекше есімнің иесі атандым", - деді ол.

Астанай мұнайлы Атырауда дүние есігін ашқан, болашағын бас қаламызбен байланыстырып, сәулеті мен ажары келіскен елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унисерситетінде білім алған.

"Атырау облысы Индер ауданы Елтай ауылының тумасымын. Сол ауылда 8-сыныпқа дейін білім алып, 9-11 сыныпты Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған кіші Өнер академиясында оқып, аяқтадым. Жоғары оқу орнын Астанадағы ЕҰУ-да "журналистика және саясаттану" факультетінен тәмамдадым. Оқуымды тәмамдаған соң еңбек жолымды облыстық телеарнада жалғастырып, өңірлік коммуникациядар қызметінде редактор маманы болдым. Қазір тұрмыс құрып, ана атанып, бала күтіміне арналған демалыстамын. Анам ауылда аға-жеңгеммен тұрады, әкем 9 жыл бұрын бақилық болған", - дейді ол.

Астанай есіміне қатысты таңданыс пен жылы лебіздер қатар жүретінін айтады.

"Есімімді айтқанда таңданбай қалса, өзім таңқалам. Қызық жағдайлар көп болып жатады. Əсіресе, тіркеуге тұрғанда, құжат тапсырғанда, қабылдаушылар "мен сізден қалаңызды сұраған жоқпын, екі-үш рет сұрадым сонда да əдейі істеп тұрсыз ба?" деп реніш білдіріп жатады, тіпті, жеке куəлігімді көрсететін сәттер де болады. Танысқанда есімім Астанай десем сеніңкіремей қайтадан "расымен шын есімің кім?" деп сұрайтындар кездесті", - дейді келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2130009-qyzyq-zhagdailar-kop-bolady-astanamen-attas-astanai-esimdi-kelinshek-erekshe-oqigasyn-aityp-berdi/