Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кенесарының басы қайда: ел аузындағы оқиға туралы тарихта не делінген

Опубликовано:

Кенесары хан
Кенесары хан. Көрнекі сурет: egemen.kz

Көрнекті қоғам қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837 - 1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Кенесары Қасымұлының есімі тарихта қазақтың соңғы ханы ретінде де қалған.

Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау тауларының баурайында Қасым сұлтанның отбасында дүниеге келген. Абылай ханның немересі. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен туған.

Көтеріліс басшысы жастайынан аттың құлағында ойнаған, мергендікті үйреніп, тамаша аңшы ретінде де танылған, әділдікті жақтаушы, қажымас қайрат пен ерлік, батылдық, көрнекті ұйымдастырушылық, қолбасшылық талантымен ерекшеленген.

1827 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты.

Солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымұлы да мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді. Кенесары Қасымұлы өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді.

Көтеріліс

1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс басталды. Ол Қазақстандағы ірі көтерілістердің бірі еді. Оған үш жүздің қазақтары түгел қатысты. Кенесары тарих сахнасына өзінің ұлы бабасы Абылай ханның ісін жалғастырып, алға алып барушы ретінде шықты.

Кенесары қолы алғашқы ең көлемді әрекетін 1838 жылы 26 мамырда Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Қамал бастығы әскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті. Кенесары енді Торғайға бет бұрды. Кенесары Қасымұлы патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл әрекетін Ресей шекараларына жақындатуға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді.

Шын мәнінде батырдың негізгі мақсаты 1836-38 жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды.

Кенесары мен Көшек сұлтандардың хаттары
Кенесары мен Көшек сұлтандардың хаттары. Фото: aikyn.kz
  • 1838 жылы Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті.
  • 1840 жылы Кенесары Ташкентке жорық жасау жайлы ойынан бас тартуға тура келді. Себебі, сарбаздардың арасында жұқпалы ауру тараған болатын.
  • 1841 жылы қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Патша үкіметі бұл хабарды өкінішпен қарсы алды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісті ойдағыдай жүргізу үшін өзі басқарған бірыңғай орталықтандырылған мемлекет құрды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды.
  • 1843 жылы Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей әскері мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді.
  • 1844 жылы 21 шілдедегі түнгі шайқаста Кенесары қолы Ахмет Жантөреұлының әскерін тас-талқан етті. Ұрыс даласында патша үкіметін қолдаған 44 сұлтан ажал құшты. Ал Жантөреұлына көмекке келген Дуниковский Кенесарының әскеріне жақындауға қорыққандықтан ешнәрсе жасай алмады.
  • 1845 жылдың күзінде хан Қоқанның Жаңақорған, Жөлек және Созақ бекіністерін басып алды. Ақмешіт қоршауын алу әрекеті сәтсіз болды.

  • 1846 жылы Кенесары әскері Қоқанның Мерке бекінісін алды. Қоқандықтардың қазақтарға қарсы шапқыншылықтары мен бүліктері уақытша тоқтатылды. Осылайша, Кенесары хан Қоқан мемлекеті тарапынан тағы бір қауіпті жауға тап болды.
  • Көтерілісшілер осы кезде Қоқан ықпалында болған қырғыздардың жеріне жақындады. Хан солтүстік-қырғыз рубасыларының – манаптарының өзіне бағынуын талап етті, бұл шаралар патшалықпен және Қоқанмен күресу үшін күштерді біріктіру қажеттілігінен туындады.
Ол өзінің қырғыздарға деген үндеуінде былай деп жазған: "Менің осында келуімнің мақсаты – қан төгіп, дұшпандық жасау емес, қазақ пен қырғыздың күшін бір-біріне қосып, оларды Қоқаннан азат ету және жалпы алғанда қоқандықтардың езгісінен босату".
  • 1847 жылдың көктемінде Кенесары 10 мың әскерімен Қырғыз жеріне басып кірді.

Қырғыздармен қақтығыстар Ыстықкөл көлінің таулы аңғарларында және Шу өзенінің жоғары сағасында болды. Қырғыз манабы, сол кез үшін қалың қол, саны 100 мың адамнан тұратын үлкен әскер жинай алды.

"Қазақтар бейтаныс таулы аймақ шатқалдарында, тұйықталған шеңбер тұзағында қалып қойды. Соңғы шайқастың қарсаңында шақырылған әскери кеңесте Кенесары ханның серіктестері бір жерде ханға қоршауды бұзып оған тұзақтан шығуға мүмкіндік берді, бірақ хан батырларын қалдырып, қашып құтылуды қорқақтық санап, батыл түрде бас тартты.

Көтерілісшілердің ордасынан Рүстем сұлтанның жасақтарының және Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай кетіп қалғанынан кейін жағдай айтарлықтай нашарлады. Тоқмақ маңында Кенесарының соңғы теңсіз шайқасында 30 қазақ сұлтанымен және азғантай жауынгерлерімен бірге тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын бөлігі ғана тұзақты бұзып, қашып құтыла алды", - делінген Кенесары көтерілісі туралы мақалада.

Өз құрылтайында манаптар ханды, сұлтандар мен қазақ жауынгерлерін өлтіруге шешім қабылдады. Кенесары қайтыс болар алдында оларға Қоқан мен Ресеймен соғысқа қарсы ортақ күш біріктіруге тағы да өтініш білдірді, бірақ қырғыздар өзінің мәртебелі тұтқынына құлақ аспай, оны қатал жазалады. Кенесарымен бірге оның ағасы Наурызбай Қасымұлы да қаза тапты.

Кенесары хан ескерткіші
Кенесары хан ескерткіші. Фото: egemen.kz

Генерал-майор Вишневский жеке Сібір корпусының командирі инфантерия генералы князь Горчаковқа жазған баянхатында:

"Кенесары күштердің айтарлықтай басым түсуін көре тұра, екі қаруға ие болған өзінің барлық "шайка" (қылмысты тобын) біріктіріп, бір орында тоқтап тұрды. Жүзбасы Абакумов отрядының бақылауында болған, өзінің сарбаздарын жіберуге мүмкіндігіне ие болмаған үйсіндерден Кенесары көмек күтіп ұзақ уақыт бойы шайқасын жалғастырды. Ақыр соңында, Арман би түн ортасында өзінің барлық күштерімен Кенесарыға шабуыл жасап, оны толықтай талқандады. Есесіне, оның өзі, бауыры, екі ұлы және 15-тей сұлтаны тұтқынға алынып, ауыр азап өлімімен жазаланды. Чижи биі Кенесарының басын шауып, оның ауылдарын тонап, халқын жан-жаққа тарқатып жіберді", - делінген.

Кенесары ханның бас сүйегі қайда?

Соңғы деректер Кенесары ханның бас сүйегі Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұрғанынан хабардар етеді.

2023 жылғы 11 қаңтарда VII сайланған мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл сол кездегі үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығы Мәскеу мұражайында сақтаулы тұрғаны туралы отандық және ресейлік ғалымдардың жаңа дерегін келтірген:

"Қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр. 2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия мамандары Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесары ханның бас сүйегі екені (сәйкестік 90%-дан жоғары) анықталды.

Құрметті Әлихан Асханұлы, Кенесары ханның туғанына 220 жыл және Ұлы ханымыз бастаған көтеріліске 185 жыл толуын, мұның ұлттық тарихтағы маңызды орнын ескере отырып, сонымен қатар Әділетті Қазақстанда тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында сізден Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесіне қолдау көрсетуіңізді сұраймын".

Әзірге бұл мәселе шешімін таба қойған жоқ.

Елінің тәуелсіздігі жолында күрескен Кенесары Қасымұлының есімі ел есінде мәңгіге сақталып, ерлігі ұлықтала беретіні анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2130141-kenesarynyng-basy-qaida-el-auzyndagy-oqiga-turaly-tarihta-ne-delingen/