Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда жолаушы автобус жүргізушісін ұрған (видео)

Опубликовано:

Жүргізушіні ұрды. Фото
Жүргізушіні ұрды. Фото: Lada.kz

Ақтауда жолаушы қоғамдық көлік жүргізушісінің бетінен ұрған. Бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Lada.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Басылым мәліметінше, бұл жайт 7 шілдеде болған және №2 автобустағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрдан кондуктордың автобус жүргізушісіне қарай бара жатқан бұзақыны тоқтатпақ болғанын көруге болады, алайда тоқтата алмайды. Жолаушы жүргізушіге жұдырық жұмсап үлгереді.

Оқиғаның мән-жайын №2 бағыттағы автобустың иесі Руслан Ахметнабиев айтып берді. Оның айтуынша, автобус жүргізушісі Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған.

"Жүргізуші ауруханаға жүгінді. Мән-жайды анықтау үшін бізге полиция қызметкерлері келуі керек. Жолаушы салонда бейәдеп сөздер айтты, кондуктор оған ескерту жасады, ол онымен жанжалдаса бастады, содан кейін жүргізушіге барып, оны ұрды. Камерадан біз жүргізушінің бұл адамға ешқандай ескерту жасамағанын көрдік. Бұл жағдайдың аялдамада болғаны жақсы болды, автобус жүріп бара жатқанда болғанда, Алматыдағыдай жағдайға тап болар едік. Менің ойымша, мұндай фактілерді қатаң түрде тоқтату керек, өйткені бұл ойыншық емес", - деп түсіндірді Руслан Ахметнабиев.

Маңғыстау облысының полиция департаменті де осы жағдай жөнінде KAZ.NUR.KZ тілшісіне түсінік берді.

"Бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалып, күдіктіні ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - деді полиция өкілдері.

Полиция басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейтінін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабына сәйкес, бұзақылық – қоғамға анық құрметсіздікті білдіретін, азаматтарға күш қолданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен ұштасқан, қоғамдық тәртіпті бұзу, сондай-ақ бөтеннің мүлкін бүлдіру немесе не айрықша цинизммен ерекшеленетін әдепсіз әрекеттер жасау.

Бұзақылық 2000 АЕК (7 384 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2131686-aqtauda-zholaushy-avtobus-zhurgizushisin-urgan-video/