Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түрмеге қаматамын": сотта куәгер Гүлмира Сатыбалдының қоқан-лоқы көрсеткенін айтты

Жарияланған күні:

Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот отырысы
Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот отырысы. Фото: NUR.KZ/Айгерим Хамзина

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот процесінде тағы бір куәгер жауап берді. Ол сотта айыпталушының қоқан-лоқы көрсеткенін айтты, деп хабарлайды сот залынан KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Куәгер Жақсылық Қалиев екі жылдай "Ария Жаңа Астана" ЖШС (құрылтайшылары Гүлмира Сатыбалды мен Абай Жүнісов болған Baur Kazakhstan АҚ құрамындағы – ред. ескертпесі) астаналық филиалының директоры болып жұмыс істеген. Оның сөзінше, 2019 жылдың ақпан айында ол жұмыстан кетуге шешім қабылдаған, бірақ оған мүмкіндік бермеген.

"Ол кезде де бізде жалақы кешіктірілді, жеткізушілер мен мердігерлердің қызметтері төленбеді. Жан-жақтан сотқа арыз түсті. Жұмыс тоқтап қалды. Жұмыстан кеткім келді, жібермеді. Айгүл Мекешеваның (ол кезде құрылтайшылары Гүлмира Сатыбалды мен Абай Жүнісов болған Baur Kazakhstan АҚ директорлар кеңесінің төрағасы – ред.ескертпесі) және тікелей Гүлмира Сатыбалдының тарабынан қоқан-лоқы көрсетілді. Олар өздері атпайынша, кетпейсің деді. 2019 жылғы ақпаннан бастап маған зейнетақы жарналары салынбай, жалақы да төлемеді", - деді ол.

Қалиевтің айтуынша, ол Айгүл Мекешевадан жұмыстан шығаруды бірнеше рет өтінген, бірақ қорқыту ғана болған.

"Егер мен кетсем, қылмыстық іс қозғап, түрмеге қаматамыз деп қорқытты. Бір кезде Гүлмира Сатыбалды Мекешевамен сөйлескенде телефонды алып, мені балағаттап, қорқытты. "Тыңда, мен айтқанша жұмыс істейсің. Бәрін тастап, қазір кетсең мен сені тауып, түрмеге қаматамын" деді. Ол кезде қолында билігі бар еді. Қауіп-қатер болғаны рас", - деді куәгер.

Сондай-ақ куәгердің айтуынша, оны қарызға батырам деп те қорқытқан. Бірақ кімнің қарызы, неге олай айтқанын куәгер білмеген.

Еске салсақ, 2022 жылғы наурызда Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды ұсталғаны белгілі болды. Жемқорлыққа қарсы агенттік Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалдының Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бағытталған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйегінде Антикор Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Желтоқсанда Антикоррупциялық қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорындардың қатысу үлестерін заңсыз иемденудің екі дерегі, соның ішінде адам ұрлау фактісі бойынша тергеуді аяқтағанын айтты.

Сот тыңдауы Алматыда 15 мамырда басталды. Ол алқабилер сотынан бас тартқан болатын.

Сондай-ақ бұған дейін Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау барысында прокурор сотталушы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты айыптау актісін оқыды. Ол бірқатар ауыр қылмыс жасады деп айыпталғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132652-turmege-qamatamyn-sotta-kuager-gulmira-satybaldynyng-qoqan-loqy-korsetkenin-aitty/