135 жылдық тарихы бар: қазақтың атақты Қостанай жылқысын өсіретін кәсіпорын туралы не белгілі (фото)
Жарияланған күні:
XIX ғасырда іргетасы қаланған, 135 жыл тарихы бар Қостанай жылқы зауыты бүгінде жабылуға шақ тұр. Мемлекеттік субсидия кәсіпорынды аяқтан тұрғызуға көмектесе ме? Еліміздегі теңдесі жоқ бірегей асылтұқымды жылқы зауытын қайта жандандыру үшін қанша уақыт қажет? Бұл сауалдарға KAZ.NUR.KZ тілшісі жауап іздеді.
Қазақы тұлпарлардың ішінде - Қостанай тұқымының орыны ерек. Шапшаң, қарқынды, дене бітімі біршама ірі. Бұлар жергілікті қазақы аттар мен дондық, орловтық жылқыларды будандастыру арқылы алынған. Кезінде осы Қостанай жылқысы 44 мың бас болған екен. Ал бүгінде еліміз бойынша небәрі 200-дей қалыпты. 10 жыл бойы жирен қасқа тұқымын көбейту жұмысы тоқтап тұр.
2013 жылға дейін асыл тұқымды жылқыларды сақтауға, дамытуға, ғылыми жұмыстар жүргізу үшін "Қазақ тұлпары" серіктестігіне жылына 150-175 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидия бөлініп отырған. Осы субсидиядан қағылғаннан кейін жылқы зауыты қарызға белшеден батқан. Қостанайлық жүйрік жирен қасқа тұқымын зерттейтін, нанотехнологиямен жабдықталған зертханалар қаңырап бос тұр. Мұнда жалақының аздығынан ғылыммен айналысатын мамандар түгілі жылқышылардың өзі сиреп барады.
Бүгінде "Қазақ тұлпары" серіктестігінде жылқы тұқымын өсіріп, зерттеумен айналысатын жалғыз маман ол зоотехник – Виталий Гофман.
"Өзім осы зауытта зоотехникпін, бұдан бөлек мал дәрігері де боламын, асыл тұқымды малға селекция жасаумен де жалғыз өзім айналысамын. Өйткені мамандар жоқ. Менің еңбекақым айына 180 000 теңге, қолыма тиетіні 140 000 теңге. Мұндай жалақыға кім келіссін. Жастар тіпті жолағысы да келмейді. Осында жылқышы, жаттықтырушы болып жұмыс істейтін менің замандастарым. Жастар тек атты шынықтыру, атқа шабумен айналысады. Барлығы 28 адам еңбек етеді", - дейді зоотехник Виталий Гофман.
"Қазақ Тұлпары" компаниясында бүгінде 86 бас жылқы бар. Соның 33-і бие, ал 13-і құлыншақ.
Қостанайлық жирен қасқаның азайып кетуіне қатерлі індет те әсер етті дейді Виталий Гофман. Тіпті тұқымын көбейтумен айналысатын зауытта бірі де қалмай қырылып қала жаздаған.
"2010 жылдан бастап жирен қасқалар жылқылардың жұқпалы анемиясымен (ИНАН) ауыра бастады. 2021 жылы 21 бас жылқыдан айырылдық, сол жылы зауытта құлындайтын төрт бие ғана қалды. Бір айдың шінде 16 бас тапсырған кезіміз болды. Жалпы жұқпалы дертке дейін 360 бас жылқы ұстап отырғанбыз", - дейді Виталий Гофман.
Мамандардың айтуынша, асыл тұқымды жылқының төлін көбейту үшін зауытқа тағы төрт айғыр, 30 бие қажет. Бір биенің құны 4-5 млн теңге шамасында. Қостанайлық жирен қасқаға ұқсас жылқының тұқымын Ресейдің Кубань, Дондағы Ростов аймақтарынан алдыртуға болады. Зауыттың аяқтан тұруы үшін жылына кем дегенде 50 бас бие төлдеуі қажет. Кәсіпорында неғұрлым мал көбірек болса, соғұрлым жануарды күтіп-баптау шығыны да арзанырақ түседі. Ал бүгінде бір зеңгі баба түлегінің бір жылдық шығыны (мал азығы, атқосшы, электр жарығы, суын қосып есептегенде) 800 мың теңге шамасында.
Бір ғасырдан астам тарихы бар жылқы зауытын мемлекеттік көмекке зәру ауылшаруашылық кәсіпорындары тізіміне қосу туралы басшылары талай мәрте айтты. Тіпті былтыр ауыл шаруашылығы бойынша облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен өткен жиналыста осы зауыттың бұрынғы басшысы Айгүл Амандықова көптің алдына суырылып шығып, жанайқайын жеткізді.
"Аймаққа іссапармен келген министрлер мен депутаттар осы халі мүшкіл жылқы зауытын айналып өтіп, жұмысы жүріп тұрған өнідіріс ошақтарын аралап қайтады. Жылқы зауытына мемлекет тарапынан көмек болмаса, жабылып тынады. Жирен қасқа тұқымы жойылады", - деген еді Айгүл Амандықова. Сол кезде облыс басшысы бұл кәсіпорынды сақтап қалу үшін қолдан келген көмекті аямаймыз деп уәде берген болатын.
Арада 1 жыл 5 ай өткеннен кейін облыс басшысы Құмар Ақсақалов осы "Қазақ тұлпары" кәсіпорынына қуанышты жаңалығын айтып, сүйіншілетіп келді.
"Бұл жылқы зауытының баламасы жоқ және оның тарихи маңызы да бар. Елімізде өсірілетін жалғыз жылқы тұқымы соңғы 10 жылда жойылып кете жаздады. Мемлекет басшысы жақында Қостанай тұқымын сақтауды көздейтін тиісті заңға қол қойды. Бұл өте маңызды қадам, бұған бәріміз бірігіп қол жеткіздік. Өткен жылы министрліктерде, Үкіметте, түрлі алаңдарда бұл мәселелер бірнеше мәрте көтерілді. Енді мемлекеттік кепілдендірілген көмектің арқасында жылқы зауытына жаңа дем беріледі десек те болады", - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Нақтырақ айтсақ, мемлекет басшысы 9 шілдеде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңнамалық түзетулер қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған бірқатар рәсімдерді субсидиялауды көздейді. Атап айтқанда, асыл тұқымды өсіру орталықтарының шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алуы; асыл тұқымды аналықтарымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жүргізу; асыл тұқымды айғырларды және асыл тұқымды аналық мал басын күтіп-бағу жөніндегі шығындарды өтеу көзделген.
Бұл заңды іске асыру біздегі жылқы зауытын дамытып, қостанайлық жылқы тұқымын дамыту мен жетілдіруге мүмкіндік береді.
"Қазақ Тұлпары" ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Диас Нұрмұхамбетовтың айтуынша, мемлекеттік субсидияның көмегімен жылқы зауытын қайта аяққа тұрғызу үшін 5 жылдай уақыт қажет.
Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2133951-135-zhyldyq-tarihy-bar-qazaqtyng-ataqty-qostanai-zhylqysyn-osiretin-kasiporyn-turaly-ne-belgili-foto/