Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кеңес дәуіріндегі ең сымбатты қазақ актерлері

Жарияланған күні:

Тұңғышбай Жаманқұлов
Тұңғышбай Жаманқұлов. Фото: kino-teatr.ru

Өткен ғасырда "Амангелді" фильмімен басталған қазақ кино тарихында небір жұлдыздар жарқырап шықты. Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков сынды өнер майталмандарының ізін Асанәлі Әшімов, Әнуарбек Молдабеков, Құман Тастанбеков, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды талантты актерлер жалғап, қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Асанәлі Әшімов

Кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген. Ол Қазақ КСР халық артисі, КСРО халық артисі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты сынды кеңестік атақтырмен бірге, тәуелсіз еліміздің өнеріне қосқан үлесі үшін бірқатар орденмен марапатталып, Қазақстанның Еңбек ері атанған.

Асанәлі Әшімовтің өнер жолына қадам басуына қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Асқар Тоқпанов себепкер болған. Ауыл шаруашылығы инстутының аграномия факультетіне түсіп қойған жас Асанәлінің бойынан актерге тән қасиетті тани білген Асқар Тоқпанов: "Мына балада бірдеңе бар... Қазақстанда азар болса бір агроном кем болар" деп консерваторияның актерлік бөліміне шақыртады.

Асанәлі Әшімов халыққа бүгінде ұлттық өнеріміздің жауһарына айналған "Қыз Жібек" фильміндегі Бекежанның, "Атаманның ақыры" фильміндегі Қасымхан Ша­дия­ровтың рөлі арқылы кеңінен танылған. Талантты актер бір уақытта қос бірдей күрделі бейнені қатар ойнап шығуға тура келгенін былай еске алады:

"1968 жылы "Қазақфильм" студия­сындағы Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің жазған ғажап сцена­рийі бойынша халқымыздың жыр мұраларының ішіндегі інжу-мар­жаны "Қыз Жібек" екі сериялы кинотуынды болып түсірілсін деген шешім қабылданды. Бір күні осы киноға жауапты сарапшылар тобынан сүйінші хабар келді. Олар фильмдегі Бекежан рөлін менің қанжығама байлапты! Қуанышымда шек жоқ! "Құдайым көктен іздегенімді жерден берді" деп, бөркімді аспанға атып жүрмеймін бе? Сол кезде Шәкен аға Аймановтан да хабар келсін... "Атаманның ақыры" фильмінің сценарийі бекіп, оған актерлер іріктеу басталғанда: "Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Шадияровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов" деп комиссия жиналысында отырып алыпты. "Оу, ағасы, өмірімдегі армандап жүргенім Бекежан образы емес пе? Қолымнан бірдеңе келсе осы арқылы көрсете алармын деуші едім. Соған енді жете бергенімде, бұл қиын болды ғой?" деймін мен Шәкеңе артық сөз айта алмай қипақтап. "Фильм маған жүктелгенде осылай ойлағанмын. Енді осылай болды. Болашақта осылай болады" деп, шарт ете түсті ол кісі.

Жарықтық, қайтымы тез адам еді. Біраз үнсіз отырды да: "Қазірдің өзінде сезіп, біліп, тіпті көріп отырмын. Сенің Шадияров рөліндегі бұл бейнең өзгелерге өмір бойы үлгі болады. Қалған әңгімені кейінге қалдырайық", деді қамқор үнмен.

Екі-үш күннен соң қос қожайыным – кинорежиссерлер Сұлтан Қожықов пен Шәкен аға Айманов бірлесе отырып, менің "Қыз Жібек" пен "Атаманның ақыры" фильмдеріндегі мәселемді түбегейлі шешуге кірісті. Ар­найы жұмыс кестесі жасалды. Атқа­рылатын істің үлкен-кішісі демей, бәрі ескеріліп, талқыланды. Ең бас­тысы түсіністіктің болуына көп көңіл бөлінді. Осыдан кейін бір күннің ішінде, яғни түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды.".

Асанәлі Әшімов
Асанәлі Әшімов: Видеодан кадр: "Атаманның ақыры" филмі

Асанәлі Әшімов бұл фильмдерден бөлек, "Ботагөз", "Асау Ертіс жағасында", "Бір ауданда", "Ұшы-қиырсыз жол", "Транссібір экспресі", "Жаушы" және басқа да көптеген фильмдерге түскен. "Шоқан Уәлиханов", "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Сіз кімсіз, Ка мырза?" фильмдерін түсірген.

Бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы атанған Асанәлі Әшімов Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында М. Әуезовтің "Абайында" Керім, "Еңлік-Кебегінде" Кебек, "Қара қыпшақ Қобыландысында" Айшуақ, "Таңғы жаңғырығында" Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлуында" Қодар, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич, Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь, М. Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламан, Г. Гауптманның "Ымырттағы махаббат" драмасындағы доктор Клаузен рөлдерін ойнаған, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты ізі жатыр.

Әнуарбек Молдабеков

"Қыз Жібек" фильмі бір емес, бірнеше актердің бағын ашып, бірнеше талантты актердің жұлдызын жағып, жарқырата шығарды. Кино және театр өнерінің хас шебері Әнуарбек Молдабековті де көпшілік осы фильмнен кейін Шеге деп танып, Шеге деп қабылдады.

"Қыз Жібекті" қайта-қайта көрсеңіз, Әнуардың темпераменті Шегеге сыймай жүргені байқалады. Шеге – образ ретінде батырдың қасында жүрген жай ғана жыршысы. Ал кинодағы Шеге Төлегенді, Бекежанды ойнап жүрген артис­термен бәсекелес. Әр сөзінің өзінде күйініп кетіп, ыза боп кетіп, оқиғадағы басты кейіпкер сол сияқты алға түсіп кетіп, өзін-өзі ауыздықтай алмай қалып, беріле ойнайды. Көрерменнің есінде болса, Төлеген әкесінің рұқсатын ала алмай, Базарба­й бата бермей қойған кездегі Шегені Әнуар соншалықты ғажап сомдайды. Оның артист екенін ұмытып кетесің. Шеге боп халықтың атынан, жыршының, ақынның атынан күйінесің. Себебі бұл жерде Шеге мыңдаған көрерменнің өкіліне айналады", - деп пікір білдіреді жазушы, драматург Әкім Тарази.

Әнуар Молдабеков
Әнуар Молдабеков. Фото: egemen.kz

Әнуар Молдабеков 1938 жылы Алматы облысы Іле ауданына қарасты Комсомол совхозында дүниеге келген. Әке-шешесі Андрей деп ат қойған. Бірақ кейіннен жұрт Әнуарбек, одан кейін Әнуар деп атап кетеді. Жастайынан әнші болуды армандағанымен, өмір ағысы оны актерлікке алып келеді. Ол 1956 жылы консерваторияның драма бөліміне түскенімен, оқудан шығып қалады. Кейін Әзірбайжан Мәмбетов ашқан студияда білімін жалғастырып, екі жылда бітіріп шығады.

Талантты актер өнер жолын Қарағандыда бастайды. 1964 жылы Алматыға оралып, М. Әуезов театрына орналасады.

Оның есімі халық арасында "Ән қанатында" фильмінен кейін таныла бастады. Жалпы, кинодағы ақын Мұсаның (Иса Байзақов) рөлінде ойнауға көптеген актерлер шақырылды. Алайда ол орынға С. Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының әлі кеңінен таныла қоймаған актері Әнуар Молдабеков таңдап алынды. Мұсаның бейнесі сәтті шығып, Әнуарбек Молдабеков Қазақ ҚСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады.

Актер одан бөлек "Қан мен Тер" фильмінде Еламан, "Өтелмеген парыз" фильмінде Қожабек қария рөлінде ойнаған.

Актердің қай фильмін алып қарасыңз да, шынайы ойнайтыны соншалық, оны сол кейіпкері ретінде қабылдайсыз. Шын таланттың шеберлігі сонда жатса керек.

Құман Тастанбеков

"Қазақтың Төлегеніне" Жібек болып ғашық болмаған қыз жоқ шығар, сірә.

Талантты актер 1945 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Сарқант ауданы Екіаша ауылында дүниеге келген. Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері атанған.

1969 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) театр факультетін бітірген.

Актер басылымдардың біріне берген сұқбатында "Қыз Жібек" фильміне бекітілген сәтін былай еске алады:

"1967 жылы "Лениншіл жасқа" жаңа кино түсірілетіні, сол фильмде ойнайтын актерлерге байқау жарияланғаны туралы ақпарат жарық көрді. Ол кезде Абай көшесіндегі 56-үйде, консерваторияның жатақханасында тұратынбыз. Әлгі газет қолдан-қолға өтіп, бақ сынап көргісі келетіндердің қатары күн санап артты. Көппен бірге мен де кастингке қатыстым. Бәрімізді суретке түсіріп алды. Студенттер, театр актерлері де бақ сынады. Қыз Жібек рөліне үміткерлер тіпті көп болды. Кастингке 400-ден астам қыз қатысқан екен. Кіл сұлулар, сән-салтанаты бір-бірінен асып түседі. Сырт келбет маңызды болғанымен, ішкі сұлулықсыз, Алла берген дарынсыз тағы болмайды. Режиссерлердің талаптарын орындай алмаған жүздеген қыз бір мезетте-ақ байқаудан ысырылып қалды. Сұлтан Қожықов көпке дейін басты рөлге лайық қыз таба алмай дал болды. Бір күні киностудияға Меруерт келді. Шашы ұзын, түр-тұлғасы жинақы, киген киімі мен жүрген жүрісі келісті. Бірақ түрі аздап суықтау екен. Дәлізде көріп қалып, көзімді ала алсамшы. Ол да маған көзінің қиығын тастады. Сол сәт дәл кеше болғандай әлі есімде. Ішімнен: "Мынау нағыз Жібек қой" дедім. Айтқаным айдай келді. Басты рөлге Меруерт екеуміз бекітілдік".

Құман Тастанбеков
Құман Тастанбеков. Фото: adyrna.kz

Құман Тастанбеков "Қыз Жібек" фильмінен кейін жұлдызы жанып, ең атақты актерлердің біріне айналды.

"Қыз Жібектен" кейін Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова Абдолла Қарсақбаевтың "Біздің Ғани" фильміне түскен. Онда Құман Тастанбеков Ғани Мұратбаевтың, Меруерт оның жары Раушанның рөлінде ойнады. 1970 жылдың күзінде, "Біздің Ғанидың" түсірілімі жүріп жатқанда екеуі шаңырақ көтереді.

Құман Тастанбеков 1970 жылы түсірілген атақты "Қыз Жібек" фильмінен кейін де көптеген фильмге түскен – "Біздің Ғани" (1971), "Қыс – суармалы кезең емес" (1972), "Мұнда аққулар ұшып келеді" (1973), "Аққулар жаңғырығы" (1974), "Қосымша сауалдар" (1978), "Ағамның қалыңдығы" (1979), "Провинциалды роман" (1981), "Қараша қаздар қайтқанда" (1981), "Өрнек" (1982), "Алаң жиегінде" (1982), "Кімсің сен, салт атты?" (1987), "Адам-жел" (2003), "Махамбет" (2008) т.б.

Ал театр сахнасында Қасым, Құлбек (Ш.Айтматов, "Ана – Жер-ана" мен "Ақ кемесі"), Әлібек, Нарша, Абыз (М.Әуезов, "Айман – Шолпан", "Қарагөз" бен "Еңлік – Кебек"), Тәңірберген (Ә.Нұрпейісов, "Қан мен тер"), Жан (О.Бөкеев, "Құлыным менің", Қазақстан Ленин комсомолы сыйл., 1976), Айдар (Әуезов пен Л.С. Соболев, "Абай"), Маздақ (М.Шаханов, "Сенім патшалығы"), Орест (Л.Дюрко, "Электра, сүйіктім менің"), Флоридор (Ф.Эрве, "Түлкі бикеш"), Фархад (Назым Хикмет, "Фархад – Шырын") т.б. секілді әр алуан рөлдерді ойнады.

Талай қыздың арманына айналған "қазақтың Төлегені" өмірде Жібегімен – Меруерт Өтекешовамен бақытты ғұмыр кешіп, 2017 жылғы 17 желтоқсанда дүние салды.

Тұңғышбай Жаманқұлов

Кинода қырыққа, театрда жетпіске таяу рөлді сомдаған талантты актер Тұңғышбай Жаманқұловтың бала арманы Мәскеудегі Бауман атындағы жоғарғы техникалық оқу орнына түсу болыпты. Оның да қасиетті өнер әлеміне қадам жасауына талантты алыстан тани білген Асқар Тоқпанов себепкер болған.

Тұңғышбай Жаманқұлов 1948 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай (бұрынғы Жаңасаз) ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институтының (қазіргі Ұлттық консерватория) актерлік факультетін бітірген. 1970 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданған.

Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстанның кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосып, Чекист ("Отқа оранған Орал"), Тәңірберген ("Қан мен тер"), Әбілқайыр ("Жаушы"), Оразмерген ("Ақырғы аманат"), Болат ("Тарғыл қауын"), Әзімхан ("Қаралы сұлу"), Қайырхан ("Отырардың күйреуі"), Құнанбай ("Жас Абай") бейнелерін ерекше шеберлікпен сомдап шықты. "Отырардың күйреуі" фильміндегі Қайырхан рөлі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1992).

Тұңғышбай Жаманқұлов
Тұңғышбай Жаманқұлов. Видеодан кадр: "Қан мен тер"

Ал Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында: Бейсенбай (Қ.Мұқашевтың "Дала дастанында"), Арыстан (Қ.Мұхамеджановтың "Бөлтірік бөрік астындасында"), Бақтығұл (Қ.Ысқақовтың "Таңғы жаңғырығында"), Мырзахмет (Т.Ахтановтың "Жоғалған досында"), Демесін (Д.Исабековтің "Кішкентай ауылында"), Көтібар, Сырым (М.Әуезовтың "Айман — Шолпан" мен "Қарагөзінде"), Жалмұхан (Ғ.Мүсіреповтің "Ақан сері — Ақтоқтысында"), Абылай хан (Ә.Кекілбаевтың "Абылай ханында", М.Байсеркеновтің "Абылайдың ақырғы күндерінде"), Әбутәліп (Ш.Айтматовтың "Ғасырдан да ұзақ күнінде"), т.б. рөлдерді сомдады.

"Өнерге өмірімді арнағаныма елу жыл болды. Аз емес, әжеп­тәуір уақыт... Жоғарыда аттары атал­ған тұлғалардың өмірі мен мұң-ше­рін сахна мен экран арқылы кешу – тағдыр-талайыма бұйырғаны басыма қонған бақ деп санаймын.

Ұлтымыздың ұяты мен ар-намысы болған аруақты тұлғалар мені есейтті, сарайымды ашты, өздеріндей биіктеудің жолына салды...

Ең бірінші еліме деген есепсіз ма­хаббат пен перзенттік парызды қан-жүрегіме қадап, ұлтыма деген патриоттық сезімімді семдірместей шегеледі. Сахна мен экраннан бірде Қайырхан, бірде Абылай хан боп атой салып, ғасырлар қойнауында қалған қымбаттарымыз бен жоғымызды іздеп-жоқтап жүріп, арыдағы ата-баба аманаты мен тереңге тартқан тарихымызға ессіз ғашық болдым", - дейді актер сұқбаттарының бірінде.

Тұңғышбай Жаманқұлов К.Гоццидің "Турандот ханшайым", М. Ғапаровтың "Тұзды шөл", Қ. Шахимарданның "Томирис" пьесаларын сахналап, бүгінгі заманғы отандық театр өнерінің деңгейін көтеруге үлес қосты.

Жұмахан Әбдіқадыров

Ел оны Мағжан Жұмабаевтың поэмасының желісі бойын­­ша, Смағұл Елубаевтың сцена­рийімен түсірілген "Батыр Баяндағы" Баян деп біледі.

Жұмахан Әбдіхадыров
Жұмахан Әбдіхадыров. Фото: kino-teatr.ru

Жұмахан Әбдіқадыров 1953 жылдың 12 қаңтарында Жамбыл облысы Қаратау қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Алматыдағы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның драма және кино актері бөлімін бітірген. 1972-1976 жылдар аралығында Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қызмет етті. 

Театрдағы рөлдерінен бөлек, кино әлемінде режиссер Ш. Бейсенбаевтың "Бұлақ" фильмінде – Абылай (1974 жыл), Д. Манабаевтың "Сұрапыл Сұржекей" фильмінде – Әзберген (1989 жыл), С.Тәуекеловтің "Батыр Баян" фильмінде – Баян (1993 жыл), "Махамбеттің қылышы" – Әзірбай (2007 жыл), Қ. Қасымбековтің "Жамбылдың жастық шағы" фильмінде Сараның әкесі (1996 жыл), Д. Манабаевтың "Кек" фильмінде – Уап, "Көшпенділер" фильмінде – И.Пассер рөлдерінде ойнап, халықтың ризашылығына бөленген.

Актер Павлодардан Талдықорғанға "Батыр Баян" фильмінің тұсау кесеріне келе жатқанда жол апатына ұшырап, омыртқасына екі рет ота жасалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2134140-kenges-dauirindegi-eng-symbatty-qazaq-akterleri/