Шымкент экс-әкімінің ағасының үстінен қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Бұрынғы әйелімен жанжалдасып, күш көрсеткені үшін 5 тәулікке қамалған Шымкент экс-әкімінің ағасының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астана қалалық ПД Instagram-дағы арнасында хабарлады.
Астана қаласы ПД ақпаратынша, өзінің бұрынғы жұбайына дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша азамат А.-ға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
"Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жүргізілуде, оның барысында орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады.
Сонымен қатар әкімшілік соттың шешімімен азамат А. құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін 5 күндік мерзімге қамаққа алынды. Биыл 16 маусымнан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуге бағытталған заң күшіне енгенін атап өту қажет", - делінген хабарда.
Еске сала кетсек, Дана Әтешова есімді әйел 12 шілдеде бұрынғы күйеуі, Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы оны үйінен күштеп қуып шықпақ болғанын мәлімдеді.
Әйел сол жерде не болғаны көрсетілген видеоны желідегі парақшасында жариялады.
Ол бұрынғы күйеуі күш көрсетіп жатқанда полицейлер мен сот орындаушылар қарап тұрғанын айтты. Бұған қатысты пікір білдірген Астана қалалық ПД өкілдері жағдайға түсініктеме берді.
"Жеке сот орындаушыларының тұрғын үйден шығару туралы сот шешімін орындау барысында бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болған. А.-ның бұрынғы күйеуінің физикалық күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді Астана ПД өкілдері.
Ал бүгін, 15 шілдеде Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасына қатысты іс қаралды. Сот шешімімен ол 5 тәулікке қамауға алынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2134206-shymkent-eks-akimining-agasynyng-ustinen-qylmystyq-is-qozgaldy/