"Қорлап, үйден күштеп шығарған": Шымкент экс-әкімінің ағасы 5 тәулікке қамалды
Жарияланған күні:
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасына қатысты іс қаралды. Сот шешімімен ол 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Жоғарғы сот Telegram-дағы арнасында.
Жоғарғы сот ақпаратынша, құқықбұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оның атына дөрекі сөйлеген. Осылайша оған құрмет көрсетпей, басқа адамдардың тыныштығын бұзған.
Сот отырысында құқықбұзушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол бұрынғы жұбайы оның өтініші бойынша балаларын беруден бас тартып, олардың қолдарынан ұстап жібермегенін түсіндірді.
Ол балаларды әкету үшін еденде отырған әйелдің аяқтарынан тартқан. Құқықбұзушы әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын атап өтті.
Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны көшіру кезінде заңсыз жүріп, оған шабуыл жасап, денесіне зақым келтірген.
Жасалған құқықбұзушылықтың мән-жайы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталады.
ӘҚБтК 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескертуді немесе 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді.
Жоғарыда келтірілген мән-жайларды, сондай-ақ жұртшылыққа теріс әсер ететін және жеке адамның құқықтарына қол сұғатын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып, құқықбұзушы кінәлі деп танылды. Оған 5 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, Дана Әтешова есімді әйел 12 шілдеде бұрынғы күйеуі, Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы оны үйінен күштеп қуып шықпақ болғанын мәлімдеді.
Әйел сол жерде не болғаны көрсетілген видеоны желідегі парақшасында жариялады.
Ол бұрынғы күйеуі күш көрсетіп жатқанда полицейлер мен сот орындаушылар қарап тұрғанын айтты. Бұған қатысты пікір білдірген Астана қалалық ПД өкілдері жағдайға түсініктеме берді.
"Жеке сот орындаушыларының тұрғын үйден шығару туралы сот шешімін орындау барысында бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болған. А.-ның бұрынғы күйеуінің физикалық күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді Астана ПД өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2134053-zhanzhal-kezinde-buryngy-aielining-abyroiy-men-qadir-qasietin-qorlagan-er-adam-5-taulikke-qamaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.