Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сонша баланы қалай сыйғызған": атыраулық ата-аналар 10 жастағы қыз батып кеткен бассейнге қатысты шағым айтты

Жарияланған күні:

жүзу бассейнінің ғимараты
Жүзу бассейнінің ғимараты. Фото: KAZ.NUR.KZ

Кеше, 14 шілдеде Атыраудағы орталық жүзу бассейнінде 10 жастағы қыз тереңдігі 2,5 метрлік жүзу жолағында батып кетті. Бассейнге тұрақты баратын өзге балалардың ата-аналары бассейнде үнемі қауіпсіздік сақталмайды деп дабыл қағып жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Атыраулық ана Мира Рсқалиеваның қызы жүзу бассейніне мемлекеттік Damubala.kz бағдарламасы арқылы барып жүргеніне бір ай болған. Ол қызын жүзуге берген күннен бастап бассейннің ішкі ережесіне көңілі толмағанын айтады. Басшылыққа көргенін жеткізгенімен, олардан ешқандай қолдау таппаған.

"Тәртіпсіздік пен мәдениетсіздікті көрдім. Кіріп-шығып жүрген бала өте көп. Damubala.kz бағдарламасымен барлығын қабылдай берген. Бір бассейнге сонша көп баланы қалай сыйғызғаны белгісіз. Балалардан бөлек ол жерге ересектер де барады. Қабылдау бөліміндегі мамандардың сөйлеу мәдениеті төмен. Осының барлығын бассейн директорына жеткіздім, бірақ ол кісі осылай шу шығара беретін болсам, баламның келісім шартын тоқтататынын айтты. Кейін бұл жағдайды облыс басшылығына да жеткіздім. Ақыры осындай қайғылы жағдай орын алды. Оқиға болған күні бассейнге бардық, бірақ жаттығу болмайды деп қайтарып жіберді",- дейді ана Мира Рсқалиева.

Әлеуметтік желіде де халықтың пікірі екіге бөлінген. Бірі батып кеткен қыздың туыстарын кінәласа, енді бірі – жүзу бассейнінде шынымен ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмайтынын жарыса жазған.

"Бір рет сонда барып батып кете жаздағанмын. Құтқарушылар доппен волейбол ойнап жатты, мені естімеді де, байқамады да. Қасымда жүзіп жүрген кішкентай қыздар құтқарып қалды", "Бұл бассейнге тұрақты барамын. Өңкей жас жаттықтырушылар жұмыс істейді. Балаларға қарамайды, әрдайым ескерту жасап жүремін", "Баламды ақша төлеп, бір айға бердім, жаттықтырушылар ештеңе үйретпейді, қарамайды ,телефон қарап отырады деп келді", "Біресе ескерткіш құлайды, біресе бала кәріз құдығына құлайды, енді осы жағдай. Балалардың қауіпсіздігін ойлап жатқан ешкім жоқ", - деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары.

Атырау облыстық спорт басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуованың айтуынша, қазіргі кезде бассейн жабылды, полиция тергеу-амалдарын жүргізіп жатыр. Басқарма тарапынан да комиссия құрылып, тексеріс жүргізілмек.

"Орталық жүзу бассейні 2021 жылы қайта жөндеуден өтіп, 10 жылға "Су спорты түрлері клубы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген. Бұл жерде 600-ден аса атыраулық бала су спорты секцияларына тегін қатысады. Қазір барлық секция жұмысы тоқтады. Тергеу-амалдарының нәтижесін күтеміз", - деп жауап берді Нұржауған Төлеуова.

Еске сала кетейік, Атырау облысында 14 шілдеде түстен кейін "Мұнайшы" стадионындағы бассейнге 10 жасар қыз батып кетті. Қазір бассейн жабылып, қызметкерлерден жауап алынып жатыр.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2134296-sonsha-balany-qalai-syigyzgan-atyraulyq-ata-analar-10-zhastagy-qyz-batyp-ketken-basseinge-qatysty-shagym-aitty/