Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздің бір өңірінде егінге түскен таңбасы жоқ мал иелеріне жаза күшейтілуі мүмкін

Жарияланған күні:

ірі қара
Ірі қара. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысында диқандар мен мал иелерінің арасында ұзақ жылға жалғасқан дау-дамай ушығып барады. Диқандар таңбасы жоқ қараусыз жүрген жануар иесіне жазаны қатайтып, айыппұлды ұлғайтуды сұрап отыр. Бұл туралы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасында өткен жиналыста облыстық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қауымдастығы өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Еліміздің астықты өлкесі Қостанай облысындағы егіс алқабы 4 млн гектардан астам. Ұшы-қиыры көрінбейтен егіннің бір шетін киік таптап кетіп жатса, енді бірде ауыл малы жайпап өтеді. Шырылдап қалатын диқандар шығынды кімнен өтеп аларын білмей дал. Өйткені астыққа ауыз салған малдың таңбасы жоқ. Құлағына сырға тақпаған жануардың иесін де табу қиын.

Негізі төрт түлік төлдесімен иесі мал дәрігеріне хабар беріп, сәйкестендіру нөмірін алып, құлағына сырға салдыруға тиіс. Алайда кей ауыл тұрғындары түрлі сылтау айтып, малының бәріне бірдей ен салдырта бермейтін көрінеді.

Таңбасы жоқ мал егінді таптап кеткенде шығынды кімнен өтетіп аларын білмейтінін айтып диқандар жиі шағымдана берген соң жергілікті билік бұл мәселені шешу жолдарын іздестіріп көрген. Қараусыз жүрген жануарларды уақытша ұстайтын айып тұрағын жасатқан. Сол орындарға әкеліп, иесі табылғанша ұстап, бағуы қажет. Содан соң мал иесіне әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынады. Алайда бұл әдіс те нәтиже бермепті.

"Өкінішке қарай, мал иесіне небәрі 3 АЕК көлемінде, яғни 11 мың теңге айыппұл салынады, айыппұл көлемі аз болған соң, қалтаға салмақ түсірмейді. Сондықтан мал иесі еш шара қолданбайды. Алайда оның осы әрекеті үшін жылына бірнеше мәрте айыппұл салса ғана заң бұзып жүргенін түсінуі мүмкін. Сонда ғана нәтиже береді деп ойлаймын", - дейді Қостанай облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Танзилия Каптановская.

Танзилия Каптановская
Танзилия Каптановская. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бір қызығы – биыл облыс бойынша егінге түскен идентификациялық таңбасы жоқ бір малды ғана арнайы тұраққа қамап, иесіне айыппұл салған. Жергілікті билік қараусыз малмен күрестің өзі ойлап тапқан әдісін, өздері қолдануға құлықсыз. Себебі егін басынан малды айдап әкеліп тұрақта қамағаннан кейін оны қарайтын, шөбі мен суын беріп отыратын жұмысшы қажет. Иесі бірнеше күн өткен соң келуі мүмкін. Осы уақытта малдың күтімі оларға жүк.

Шаруалар да бұл әдістің сәтсіз екеніне көз жеткізді. Енді олар таңбасы жоқ, қараусыз жүріп, егінге түскен мал иелеріне қолданар жазаны күшейте түсуді ұсынып отыр.

"Егістік, көше, ауыл іші не сыртында, қай жерде болмасын құқық қорғаушылар таңбасы жоқ малды көрсе бірден иесіз деп танып, шара қолдануы қажет. Егер барлық малдың құлағында сырға болса оларды айып тұрағына апарып қамаудың да қажеті жоқ. Мұндай мәселе көтерілмес еді. Егінге түскен малдың таңбасына қарап, иесін тауып алуға болады. Иесі табылған соң астық алқабына келтірген шығынды өтеуді сұраймыз", - дейді Жітіқара ауданындағы ауылшаруашылық өнімін өндіруші кәсіпорынның басшысы Светлана Михайленко.

Светлана Михайленко
Светлана Михайленко. Фото: KAZ.NUR.KZ

Диқандардың бұл өтінішін жауапты орган өкілдері құп алғандай болды. Айыппұлдың көлемін көтеру мәселесін шеше алмаса да, жергілікті полиция қызметкерлері таңбасы жоқ мал иелерімен жұмысты күшейтуге күш салады.

Ал ауылдағы мал иелері шаруа қожалықтарының бұлай айыппұл көлемін арттыру жөніндегі бастамасын жөнсіз деп санайды. Бүгінде ауыл маңында төрт түлікке жайылым жеткілікті. Бақташылары да бар. Таңбасыз жүрген мал жоқтың қасы. Ауыл әкімі мен учаскелік полиция бұл бағытта жиі жұмыстар жүргізіп тұрады. Ал егістікті соңғы жылдары таптап жатқан мал емес киіктер дейді.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2134863-elimizding-bir-ongirinde-eginge-tusken-tangbasy-zhoq-mal-ielerine-zhaza-kusheitilui-mumkin/