Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Артында 13 жастағы ұлы қалған": Семейде сүйіктісін көлікпен таптап өлтірген жігітке сот үкімі шықты

Жарияланған күні:

Александр Галушкиннің сот ісі фото
Александр Галушкиннің сот ісі: Фото: Nur.kz/Елжан Нұрболатов

Семейде сүйіктісін көлікпен таптап өлтірді деген ер адамның ісіне қатысты сот үкім шықты. Судья оны айыпты деп тауып, 9 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ марқұмның отбасына бес миллион теңге материалдық шығын төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға былтыр желтоқсан айының 15-і күні болған еді. Жігіт сүйіктісімен кездесу кезінде екеуінің арасында кикілжің басталған. Күдікті үйден кетуге бел байлаған. Алайда 33 жастағы Диана Сүлейменова жігітін тоқтатпақ болған. Ішімдікке мас болған Александр Галушкин ашуға булығып, көлігінің капотында отырған сүйіктісін ұшырған күйі таптап өткен.

"Диана одан ішімдік ішпеуін сұраған. Ол мас болған. Бұған құлақ аспай, көлігімен жүріп кеткен. Видеода бәрі көрініп тұр, қалай қызымды жоғары жылдамдықпен сүйреп кеткені. Ол оны шын жақсы көрді. Әр кезде оның қасынан табылатын еді", - деді Диана Сүлейменованың анасы Елена Котова.

Артынша ол ауыр жарақат алған сүйіктісін ауруханаға жеткізген. Алайда 15 сағат өмір үшін күрескен Диана жансақтау бөлімінде көз жұмды. Айыпталушы сотта оны қасақана өлтірмегенін айтып ақталды. Сондай-ақ іс қозғалған 106-бапты ауыстырып, жазаны жеңілдетуді сұрады.

"Мен жасаған қылмыстан жалтармаймын, жазамды аламын. Бірақ мен алға тартқан дәлел-дәйектерді ескере отырып, үкім шығаруыңызды сұраймын", - деді айыпталушы.

Диана Сүлейменованың өліміне қатысты қылмыстық іс үш ай тергеліп, төрт айға жуық сотта қаралды. Судья күдіктіні қасақана кісі өліміне айыпты деп тапты. Сондықтан сотталушыны 9 жыл алты айға бас бостандығынан айыруға үкім кесті.

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының үш бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Г.А. кінәлі деп танылсын және 10 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелсін. Сондай-ақ 9 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деп үкім шығарды судья Лариса Федосова.

Бірақ судьяның бұл шешімімен айыпталушы тарап келіспеді. Олар алға тартқан дәлел-дәйектер ескерусіз қалды деп отыр. Енді істі қайта қарауға жолдамақ ниетте. Марқұмның артында 13 жасар ұлы бар.

Автор: Елжан Нұрболатов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2135031-artynda13-zhastagy-uly-qalgan-semeide-suiiktisin-kolikpen-taptap-oltirgen-zhigitke-sot-ukimi-shyqty/