Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Осы уақытқа дейін шыдадық": тасқыннан кейін төрт айға жуық жарықсыз отырған екі ауылдың халқы бас көтерді

Жарияланған күні:

Ауыл тұрғындары
Жарықсыз отырған ауыл тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысы Амангелді ауданының Қоғалыкөл және Әбусыздық ауылдары төрт айға жуық электр жарығынсыз отыр. Су тасқыны кезінде үзілген электр сымдары әлі жалғанбай жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Шыдамы таусылған қос ауылдың бас көтерерлері Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозовқа жарықты шұғыл қосуын сұрап барды. Алайда әкімдікке үміттеніп барып, күдіктеніп шыққан.

Айтуларынша, жергілікті билік "әне қосылады, міне қосылады" деп, жылы шыраймен қарсы алып, шығарып салған. Енді әкімнің сөзіне сенуден қалған тұрғындар жанайқайын портал тілшісіне бейнеүндеу арқылы жолдады.

"Бізде 27 наурыздан бастап, міне бүгінге дейін жарық жоқ. Сол аралықта әкімге барып жағдайымызды айттық. Бізге жарық берсін дедік. Сөзінен нәтиже болмады. Сауған сиырымыздың сүті ашып, төгіліп жатыр. Қаймақ-майымызды сақтауға мүмкіндік жоқ. Не мұздатқыш, не тоңазытқыш істемейді. Осы уақытқа дейін екі-үш рет барғанымызда әкім түк жасаған жоқ. "Жағамыз, жағамыз" дейді. Бүгін де міне сөйтіп шығарып салды. Бейсенбі жағамыз дейді, жағатын түрі жоқ. Халықтың қамын ойламағанда әкім не істеп отыр ана жерде?! Қараңғы жерде қашанғы отырамыз?! Осыны ойлайтын әкім бар ма? Өздері отырып көрсінші жарықсыз, бір минут та отыра алмайды. Мал соямыз, етін сақтау мүмкін емес, бала-шағамызға тамақ істейміз, келесі күні ашып кетеді, оны төгіп тастаймыз. Ол рәсуа ғой?! Тамақты өздері көмек ретінде беріп жатыр, ол ысырап болып төгіліп жатыр. Төрт айға жуықтады. Осы уақытқа дейін шыдадық қой", - деп ашынды Қоғалыкөл ауылының тұрғындары.

Басқа тұрғындар да: "Жарықты қашан көреміз? Электр жарығын қоспайынша осы жерден кетпейміз", - деп қостады.

жарықсыз отырған ауыл
Шаммен отырған ауыл тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауылға көмек ретінде екі үйге бір генератордан берілген. Тұрғындардың өздері сатып алғаны да бар. Алайда жанармаймен жұмыс істегендіктен бұдан өндірілетін электр қуатының құны өте қымбат. Бір айдың ақшасы бір күнде кетеді. Жаз мезгілі ауылдықтар үшін қыстық қор жинайтын уақыт. Ал қазіргі жағдайда қор жимақ түгілі күнделікті ас ауқатты сақтаудың өзі мұң.

"Тоңазытқыш, мұздатқышты пайдалана алмаймыз. Сондықтан қаймақ, май, етті де сақтай алмай отырмыз", - дейді Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Айтуар Ташпанов.

Жауаптылар жұмыстың кешеуілдеуін судың кетпеуі мен жердің кеппеуінен көреді. Әйтеуір қарап отырмағандарын айтады.

"Амангелді ауданында су тасқыны кезінде 200-ден астам баған бүлінді. Соның 190-ға жуығы қайта іске қосылды. Тасқын кезінде аудандағы 32 мекеннің 16-сында жарық өшіп қалды. Ауылдарға электр жырығын қосу жұмыстары бір-екі айға ұласты. Енді Қоғалыкөл және Әбусыздық ауылдары қалды. Осы бейсенбіде мұнда да жарық қосылады", - дейді Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозов.

Амангелді ауылы
Ауылға баған орнатып жатқан техника. Фото: Амангелді ауданының әкімдігі

Премьер-министр Олжас Бектеновтің үкіметтің төтенше резервінен Қостанай облысында ауқымды су тасқыны салдарынан зақымдалған электр беру желілерін қалпына келтіруге 1,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойғанына үш аптадан асты. Жөндеу жұмыстары Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелді аудандарында жүргізіледі, бұл жергілікті тұрғындарды тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген еді.

ауылға баған орнатып жатқан техника
Ауылға баған орнатып жатқан техника. Фото: Амангелді ауданының әкімдігі

Қос ауылдағы 100 шақты тұрғын үкіметтен бөлінген қаржыны уақытылы жарата алмай отырған жергілікті билікке, жауапты тұлғаларға ызалы. Құлаған бағандарды ауыстырып, электр желілерін тартуға ыждағаттылық танытпай отыр дейді. Тіпті әкіммен болған кездесуде нақты қанша бағанның құлағаны туралы есебін айта алмай, шатыстырған. Мұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығы деген ой түйіп отыр жергілікті халық.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2135280-osy-uaqytqa-deiin-shydadyq-tasqynnan-keiin-tort-aiga-zhuyq-zharyqsyz-otyrgan-eki-auyldyng-halqy-bas-koterdi/