Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Биыл су мол, халық разы": Түркістан облысында диқандар екінші мәрте өнім жинамақ

Жарияланған күні:

Егін алқабы
Егін алқабын суару. Көрнекі фото: pexels.com

Түркістандық диқандар биыл мол өнім алып жатқандарын айтады. Қарбыз еккен шаруалар тіпті тамыз айында екінші мәрте өнім жинауды жоспарлап отыр. Оған себеп – суару маусымы басталғалы шаруаларға Шардара су қоймасынан Қызылқұм каналы арқылы 682 млн текше метр су жіберілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, бүгінгі таңда су қоймасында 2,6 млрд текше метр су бар. Бұл былтырғы көрсеткіштен 600 млн текше метрге артық. Шаруалардың сұранысына сәйкес егіс алқаптарына секундына 115 текше метр су жіберіліп жатыр.

"Көктемде су жақсы келді. Осының нәтижесінде Шардара су қоймасы 90 пайызға толып, 5 млрд текше метрге жуық су жиналды. Қазіргі таңда орта есеппен 125 м3/с су келіп жатыр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 650 м3/с су жіберіп жатырмыз", - деді Түркістан облысы бойынша "Қазсушар" филиалының Шардара өңдірістік учаскесі басшысының орынбасары Ермек Иса.

Ал диқандар биыл су тұрақты берілгендіктен, мол өнім алып жатқандарын айтады. Қарбыз еккен шаруалар тіпті тамыз айында екінші мәрте өнім жинауды жоспарлап отыр.

"Биыл су мол болды. Халық разы. Жылда судан қиналатын едік, бірақ биыл бәрі жақсы. Қыста да суды жақсы алдық, жазда да су уақытылы берілді. Бір мәрте жинап алып, екіншісін суарып жатырмыз. Алдағы 10-15 күнде тағы өнім алуға ниеттіміз", — дейді фермер Төлепберген Артықов.

Еске сала кетейік, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-шы үкіметаралық отырысында мемлекетаралық "Достық" каналы арқылы Өзбекстаннан Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткізілген болатын.

Жалпы суару кезеңі басталғалы бері Өзбекстаннан елімізге 3,9 млрд текше метр су келді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2139247-biyl-su-mol-halyq-razy-turkistan-oblysynda-diqandar-ekinshi-marte-onim-zhinamaq/