"Бір пәтерді үш адамға сатқан": алаяқтарға алданған 300-дей атыраулық ақшасын қайтара алмай жүр
Жарияланған күні:
300-ге жуық атыраулық 4 жыл бұрын компаниялардың біріне жайлы пәтер аламыз деп жарты миллиард теңге салған. Алайда үйдің құрылысы жарты жолда тоқтап қалып, ал басшылары қамауға алынған. Миллиондаған қаржысын қайтара алмай жүрген халық сот процесіне көңілі толмайтынын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Құрылыс компаниясы 2020 жылы "Ақ маржан – Атырау" және "Жібек жолы" тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталған. Оған 300 жуық салымшы қаржы аударған. Кейін құрылысы тоқтап, басшылары түрмеге қамауға алынады, ал үлескерлер ақшасыз, үйсіз далада қалғанын айтады.
Зардап шеккендердің бірі – 35-жастағы Гүлден Темірханова. 3 баланың анасы жаңа үйден екі бөлмелі пәтер аламын деп өзінің бір бөлмелі үйін сатып жіберген. Қазір пәтер жалдап жүрген көрінеді.
"2021 жылы сол компанияға сеніп, жалғыз үйімді саттым. 8,5 миллион теңге ақша салдым, яғни 2-бөлмелі пәтердің 50 пайызын аудардым. Ақыры далада қаңғып қалдым. Үйді де соңына дейін бітірмеді, ақша да жоқ. Сот келісімге келіңдер деп отыр, бірақ біз мұндай шешіммен келіспейміз. Алаяқтар ақшамызды қайтарсын", - дейді үлескер Гүлден Темірханова.
"Ақ маржан – Атырау" тұрғын үй кешенінің сыртқы жұмыстары мен инженерлік коммуникациясын өткізу қалса, "Жібек жолы" тұрғын үй кешені әлі соңына көтерілмеген. Құрылыс компаниясы бір тұрғын үй кешенінің 70 пәтерін 90 адамға сатса, екінші 160 пәтерлік үй бойынша 196 салымшымен келісімшартқа отырған. Яғни 1 пәтерді 2-3 адамға сатқан.
Кейін компанияның құрылыс материалдары бойынша да 1 млрд астам қарызы бар болып шыққан. Үстінен арыз түсіп, басшылары алаяқтық бабымен 6 жылға бас бостандығынан айырылған.
"Әкімдіктен де көмек сұрадық. Жеке инвестор үйдің бұған дейінгі қарызын жапса, қалған ақшасын өзіміз қосып, әрі қарай жасап алайық деген ұсыныс білдірдік. Алайда үйді бұғаттап қойған, алдымен қарызын төлеу керек. Ондай үлкен қаражат қарапайым халықта жоқ, соңғы ақшамызды салып жібердік. Алаяқтар қолымен жасағанын мойнымен көтерсін, қарыздың барлығын төлеуін талап етеміз. Сот әділ шешім шығарсын", - дейді ашынған халық.
Үйдің қарызы жабылса, "Ақ маржан – Атырау" тұрғын үй кешені тұрғындарына әкімдік сыртқы жұмыстары мен коммуникациясын жүргізіп береміз деп уәде еткен. Ал соттың соңғы отырысында екі жақтың бейбіт келісімі жөнінде сөз қозғалған. Алайда халық ондай шешімге қарсымыз, кінәлілер қарызымызды қайтарсын деп Атырау облыстық сотының алдына жиналды.
"Сот шешімі 1-2 күнде шығады. Кейін ол шешіммен келіспесе, тұрғындар аппеляциға бере алады. Ол процесс тағы 1-2 айға созылуы мүмкін", - деді Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мәтен Ерғазиев.
Алаяқтың құрбаны болған тұрғындарға әзірге сот шешімін күтуден басқа амал жоқ.
Авторы Әйгерім САЙҚЫН
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2140275-bir-paterdi-ush-adamga-satqan-alaiaqatrga-aldangan-300-dei-atyraulyq-aqshasyn-qaitara-almai-zhur/