Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

39 жасында ене атанған ақтөбелік кәсіпкер әйел бақытты отбасы болудың құпиясын ашты

Жарияланған күні:

Мәдина Мұратова
Мәдина Мұратова. Фото: Жеке мұрағатынан

Ақтөбеде көпбалалы отбасының ұйытқысы боп отырған танымал кәсіпкер Мәдина Мұратова жетістікке жету құпиясын бөлісті. Екі бірдей енесі бар келіншек келін де түсіріп үлгерген. KAZ.NUR.KZ тілшісі танымал кәсіпкермен сұқбаттасты.

Мәдина Мұратова – бес баланың анасы. 39 жастағы келіншектің келіні де бар.

Жас ененің айтуынша, отбасындағы татулық пен сыйластықты сақтауға қазақтың салт-дәстүрлерінің әсері мол. Әсіресе, жас келіннің отбасына сіңісіп кетуі үшін ұлттық құндылықтарға мән беру керектігін айтады.

"Маған келін болу ұнайды. Қазақ халқында ерекше дәстүрлер бар. Сәлем беру, табақ алу қандай керемет. Үлкендер батасын береді, тілегін жаудырады. Туыстармен арадағы қатынастарды әдемі салттармен байланыстырып қойған. Бұл үлкен тәрбие. Мен 21 жылдық келіндік тәжірибемде ең әдемі, өзімізге ғана тән ұлттық тәрбиеміз бар екенін түсіндім. Менің үш ұлым бар. Ертең келіндерім де осы әдет-ғұрыпты сақтағанын қалаймын. Ол қалыпты. Біз болмасақ оны кім пайдаланады. Бізде келін таңнан кешке дейін отыру керек деген түсінік жоқ. Тек реттей білу керек", - деді ол.

40 жасқа толмай ене атанып үлгерген келіншек отбасында шынайы қарым-қатынас сақталу керек деген ойда.

"Өзім 19 жаста тұрмысқа шықтым. 20 жасымда ана атандым. Қарапайым нағыз қазақы отбасына келін боп түстім. Ата-енем Ойыл ауданынан. Рас, алғашқы жылдары қиын болды. Бірақ енем үнемі қасымда жүріп бәрін үйретті. Мені нағыз келін қылып шығарды. Үйге қонақтар жиі келетін. Ауылдан адамдар келеді. Қалада бір үйдің жалғыз баласы боп өскен маған оның бәрі басында таңсық болды. Жолдасым үйінде жалғыз ұл. Тоғыз жыл ата-енемнің қолында тұрдым. Кейін бөлек шықтық. Қазір қайтадан ата-енеммен тұрып жатырмыз. Олар енді бізбен тұрады. Кейбіреулер келіндер шыдау керек деп жазып жатады. Шыдау дұрыс емес. Мәселені қиындатпай шешу керек.

Үйдегі жағдай көбіне әйелге байланысты. Адам болған соң әркімнің кемшілігі мен жақсылығы, мінезі болады. Ата-енеге үлкен адамдай қарау керек. Сөз таластырудың керегі жоқ деп ойлаймын. Кез келген жанжал ішіңде реніш қалдырады. Сондықтан мәселеге салиқалы қарау керек. Туыстық қатынасты сақтау керек. Біз жұма сайын отбасы болып бас қосамыз. Жоспарларымызды, жетістіктерімізді талқылаймыз. Қазір келінім осының бәрін көріп жүр. Ертең ол да соны жасайды", - деді бес баланың анасы.

Мәдина Мұратова фото
Мәдина Мұратова: Мәдина Мұратова

Ақтөбелік кәсіпкер Мәдина Мұратованың жеке би мектебі бар. Бүгінде танымал кәсіпкерлердің қатарына қосылған келіншек жетістікке жету жолын да айтып берді.

"Өзім 5 жасымнан ансамбльдерде биледім. 11 жасымда телеарнада балалар бағдарламасын жүргізіп, 12 мың теңге шамасында айлық алдым. Билеп жүріп көптеген іссапарларға шықтық. Көптеген елде болдым. Швеция, Финляндия, Ресей, Түркия елдерін бала кезден араладым. 13 жасымда Еуропада болдым. Әлемдік мәдениеттің дамып кеткенін көрдім. Бала көру керек. Ата-ана оның шығармашылығын дамыту керек. Бала айналасын көріп, ынталанып өседі. 1996 жылы Ақтөбеде бірінші рет президенттік шырша болды. Мың қыздың ішінен мені таңдады. Сол жылы бірінші президентпен бірге вальс биледім. Сол кездегі видео менде әлі бар. Балаларыма көрсетіп отырамын. Олар таң қалады",- деді көпбалалы ана.

Мәдина Ақтөбедегі Mega Stars би мектебінің басшысы. Онда қазір мыңға жуық бала түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылықпен айналысып жүр. Айтуынша, бұл кәсібін 12 адамдық шағын кабинеттен бастаған.

"Негізгі мамандығым – қаржыгер. Алғашында жеке компанияда жұмыс істедім. Маған шығармашылық сала керек екенін түсіндім. Енем балам баратын балабақшаға хареограф керек екенін айтты. Бардым. Содан бастап балалармен жұмыс істедім. 2010 жылдары қалада "Mega Ақтөбе" ойын-сауық орталығы ашылды. Сол жерден алғашқы боп кабинет жалға алғандардың бірімін. Бір кабинеттен басталған би мектебім үлкен жобаға айналды. Алғашында 12 бала келді. Басында оның өзі қиын болды. Отбасым алғашында жалдау құнын төлеуге көмектесті. Бес жылдан кейі төрт кабинет жалдадым.

Осылай өстім. Балалар саны көбейе берді. Банк арқылы несиеге ғимарат алдым. Қазір үш филиалым бар. 870-тен аса бала түрлі үйірмелерге қатысады. Мен өзімнің сүйікті ісімді үлкен кәсіпке айналдырдым деп ойлаймын. Шығармашылыққа да кәсіп ретінде қарай бастадым. Оны да дамыту керек. Әрдайым жаңашылдықты талап етеді. Жолдасым да соңғы 8 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып жүр",- деді ол.

Бес баланың анасы отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты да тәжірибесімен бөлісті.

"Қазір енемін. Той тамызда өтеді. Құда түстік, сырға салдық. Қырғызстанның қызы. Бөлек мемлекет болған соң қызды ертерек алып кеттік. Екеуі де Алматыда оқиды. Екі жылдай бірге тұрды. Тикток түсіріп, сол арқылы табыс табады. Алғашында біз блогер дегенді түсінбеген едік. Кейін үйрендік. Биыл оларда соңғы курс. Оларды қасымызда ұстау ойымызда жоқ. Қаласа алғашқы жылдары бірге тұруына болады. Өзім ата-енеммен тұрған соң білемін.

Әрине, келін отбасыға сіңіп, олардың әдетін үйренген дұрыс. Біздің отбасында барлық қазақы салттар сақталған. Үлкен қызым жоғары сыныпта оқиды. Қазірден би мектебінде кішкентай топтармен жұмыс істейді. 80 мың теңге айлық алады. Ол қазірден өзінің ақшасын жұмсауды біледі. Бала жұмыс істегісі келсе қуану керек. Сабағына кедергі келтірмесе болды. Қыз баланың мәдениетті болуы маңызды. Баламен дос болу керек. Ол саған сырласы, досы сияқты қарап үйрену керек", - деді ол.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2140294-39-zhasynda-ene-atangan-aqtobelik-kasipker-aiel-baqytty-otbasy-boludyng-qupiiasyn-ashty/