Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алакөлде құлаған дельтаплан: Азаматтық авиация комитеті өкілдері үндеу жасады

Жарияланған күні:

Алакөлде дельтаплан суға құлап кетті
Алакөлде дельтаплан суға құлап кетті. Фото: ТЖМ

Жақында Алакөлде жеңіл ұшақ құлап, екі адам ауыр жарақат алған еді. Осы жайтқа байланысты Азаматтық авиация комитеті мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомство өкілдері 25 шілдеде Алакөл көлінде (Жетісу облысы Алакөл ауданы Ақши ауылы) әуе кемесі құлауын салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілгенін еске салып өтті.

"Бұл әуе кемесі азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген, тиісінше оның ұшуға жарамдылық сертификаты болмаған.

Ұшқышта авиация персоналының қолданыстағы куәлігі болмаған.

Әуе кемесінің құлау себептерін тергеумен құқық қорғау органдары айналысады", - делінген хабарламада.

Комитет өкілдерінің сөзінше, әлеуметтік желілерде әуе кемелерінде, шарларда және басқа да ұшу аппараттарында әуе сапарларын жарнамалау жағдайлары жиілеп кетті.

Осыған байланысты ведомстводағылар азаматтарға үндеу жасады. Әуе көлігін таңдау кезінде қауіпсіздіктің негізгі аспектілерін ескеру маңызды екенін ескертті:

  • әуе кемесінің иесінің уәкілетті органдар берген барлық қажет лицензиясы мен сертификаты бар екеніне көз жеткізіңіз;
  • әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету қашан жүргізілгенін біліп алыңыз;
  • ұшқыштың тәжірибесі мен біліктілігін анықтап алыңыз. Әуе кемесінің белгілі бір түрін басқару үшін ұшқыштың жеткілікті тәжірибесі болуы қажет;
  • әуе кемесінің иесі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, соның ішінде жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандырғанына көз жеткізіңіз;
  • ұшу алдында қауіпсіздік бойынша нұсқама берілуге тиіс. Бұл сізге төтенше жағдайда қалай әрекет ету керек екенін білуге көмектеседі;
  • барлық апаттық-құтқару жабдығы (мысалы, құтқару кеудешелері) жарамды күйде екендігіне көз жеткізіңіз;
  • ұшу алдында ауа райының ұшуға қолайлы екеніне көз жеткізіңіз. Қолайсыз ауа райында ұшудан аулақ болыңыз.

"Ұшу қауіпсіздігіне күмәніңіз болса, ақпарат алу үшін Азаматтық авиация комитетіне және Қазақстанның авиациялық әкімшілігі АҚ-ға хабарласыңыз", - деп ескертті комитет өкілдері.

Айта кетейік, 25 шілдеде Жетісу өңірінде адамдар мінген дельтаплан Алакөлге құлап кеткенін хабарлаған едік. Оны құтқарушылар патрульдеу кезінде тапқан болатын.

Сонымен қатар Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері Алакөлде дельтаплан апатынан зардап шеккендердің жағдайы ауыр екенін мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2141175-alakolde-qulagan-deltaplan-azamattyq-aviatsiia-komiteti-okilderi-undeu-zhasady/