"Әр көлікке 20 литрден": желіде Шымкент-Алматы тасжолында жанармайға шектеу қойылғаны жөнінде видео тарады
Жарияланған күні:
Қазақстандықтар әлеуметтік желіде Шымкент-Алматы тасжолында бензин сатып алуға шектеу қойылғанын айтып, наразылық білдіріп жатыр. KAZ.NUR.KZ тілшісі Энергетика министрлігінен мән-жайды анықтады.
TikTok әлеуметтік желісінде Гүлеке Қасым есімді пайдаланушы Шымкент-Алматы тасжолында АИ-95 маркалы бензинін сатып алуға шектеу қойылғанын баяндаған.
"Шымкент-Алматы тасжолында келе жатырмыз. Жанар-жағар май құюға әр көлікке 20 литр ғана рұқсат деп қойыпты. Қазақстанның ішінде жүріп, лимит дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Алматыға дейін әлі 400 км бар. Маған 20 литр ғана береміз дейді. Қызық болды ғой. Өзімізден шығатын затқа тыйым салатын болса, масқара екен. Мұнайлы елде тұрып, өзіміздің бензинге шектеу қойған. 20 литр бензинмен мынандай ыстықта кондиционер қосып, қай жерге дейін жетемін?",- дейді желі қолданушысы.
Министрлік KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына берген жауабында жазда бензин тұтынудың артуы кезеңінде тапшылық болмау үшін шектеу қойылуы мүмкін екенін айтты.
"Өңірлерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс облыстық әкімдіктер мен республикалық маңызы бар қалалар жанындағы жанар-жағармай жөніндегі энергетика министрлігі мен өңірлік штабтардың тұрақты бақылауында. Осылайша, АИ-92 т/ж автобензинін жергілікті мұнай базаларына түсетін өңірлерге вагондармен, ал сол жерден жанармай құю бекеттеріне бензин тасығыштармен жеткізу қамтамасыз етіледі.
Жазғы демалыс кезеңіне, жолаушылар ағынының және әртүрлі мақсаттағы жүктердің көптігіне байланысты АИ-92 бензинін тұтынудың жоғарылауын назарға ала отырып, жергілікті мұнай базаларынан жанар-жағармай таситын көліктермен жанар-жағармай жеткізгенге дейін жанар-жағармай құюға уақытша шектеулер болуы мүмкін", - делінген хабарда.
29 шілдедегі жанар-жағармай жиынтық қорлары (мұнай базаларында, жолда):
Шымкент:
- АИ – 95-2,64 мың тонна, бұл облыстың 9 күндік қажеттілігін өтейді;
- АИ-92-19,6 мың тонна, бұл облыстың 17 күндік қажеттілігін өтейді. Бұл ретте Шымкент қаласында 196 жанармай құю станциясы бар.
Алматы:
- АИ-95-7,64 мың тонна, бұл облыстың 26 күндік қажеттілігін өтейді;
- АИ-92-22,8 мың тонна, бұл облыстың 19 күндік қажеттілігін өтейді.
Жалпы, Алматы қаласында 272 жанармай құю станциясы бар.
"Павлодар ҰХЗ жоспарлы жөндеу кезеңінде 14 маусым мен 21 шілде аралығында министрлік пен "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ МӨЗ-ді жанар-жағармай қоры аз өңірлерге жөнелтуді қайта бөлді.
Қазіргі уақытта павлодарлық ҰХЗ толық қуатта жұмыс істеп тұр, демек жанар-жағармай жеткізу ұлғаятын болады.
Министрлік автобензиндерді өткізуді заңсыз шектеу және мұнай базаларынан жанар-жағармай құю станцияларына бензинді жеткізуді кешіктіру фактілері болған жағдайда құрамында бәсекелестікті және қаржылық мониторингті қорғау және дамыту, Мемлекеттік кірістер және табиғи монополияларды реттеу жөніндегі жергілікті департаменттердің өкілдері бар облыстың жанар-жағармай жөніндегі өңірлік штабына жүгінуді ұсынады", - делінген министрлік мәлімдемесінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2141407-ar-kolikke-20-litrden-zhelide-shymkent-almaty-taszholynda-zhanarmaiga-shekteu-qoiylgany-zhoninde-video-tarady/